Әлемдегі ең қызықты сәлемдесу рәсімдері
Жарияланған күні:
"Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" дегендей, әлем елдерінде сәлемдесу рәсімдері әртүрлі.
Кейбір елдер әдеттегі қол алысумен қатар, үлкен сәлемдесу салтанатын өткізеді. Жаңа Зеландияға сапар шеккен жандар маори халқының "хонги" сәлемдесу рәсіміне куә болады. Бұл сәлемдесудің сан ғасырлық тарихы бар. Бір-бірін көрген жандар сәлемдескен кезде мұрындарын тигізіп амандасады. Мұрынмен үйкелесу арқылы олар "ха" рәсімін жүргізеді. "Ха" рәсімі – Тәңірге құлшылық ету.
Жаңа Зеландияға келген кез келген жан ұлысына және жынысына қарамастан, сәлемдескен кезде мұрнымен үйкелесу керек. Бұл заңға тіпті Уильям ханзаданың өзі бағынған.
Тибет. Көптеген елдерде тіл шығару әдепсіздік болып танылса, кейбір жерде тілін шығарған жан жазаға тартылады. Тіл шығару тибет халқына жат емес, себебі олар бір-бірін көргенде, тілдерін шығарады. Бұл рәсім 9-ғасырда бастау алған. Сол замандағы Тибет елінің көсемі Ландарманың тілі қара болған деседі. Тибет халқы өзгелерге өздерінің жауыз емес екендерін көрсету мақсатында бір-бірін көрген кезде тілдерін шығара бастайды. Бұл дәстүр өз жалғасын әлі күнге дейін табуда.
Моңғолия. Бейтаныс жанды үйіне қонаққа шақырған кезде моңғолдар оған "хада" деп аталатын жібек не мақта-маталы жолақ береді. Әдетте оның түсі ақ. Кейде көк я жасыл түсті болады. Хада ұсынылған кезде келген қонақ оны екі қолмен алып, басты изеуі тиіс. Хада ұсыну мен алу рәсімі – үлкен құрметтің белгісі.
Жапон халқы сәлемдесу рәсіміне аса мән береді. Бір-бірін көрген кезде олар иіледі. Жастар өзара бастарын изеп амандасады. Ал татамиде тізерлеп отырып, жерге қарай иілу керек.
Кенияға сапар шеккен жандар масаи тайпасын кездестіреді. Масаи тайпасының халқы бір-бірін көргенде, билей бастайды. Би арқылы олар бір-бірімен амандасады. Сәлемдесу биі "адаму" деп аталады, яғни "секіру биі". Билеген кезде шеңбер жасап, ырғалып, секіре бастайды.
Гренландия сияқты арктикалық аймақтардағы эскимостар не инуиттердің "куник" деп аталатын сәлемдесу рәсімдері бар. Бұл дәстүр отбасы мүшелері мен ғашық жандар арасында кеңінен таралған. Жүздескен жандардың бірі мұрнының ұшы мен жоғарғы ернін екінші жанның қолына я бетіне тигізіп, терең дем алады.
Қытай халқының дәстүрлі сәлемдесуі "коутоу" деп аталады. Сәлемдескен кезде қолдарды бүгіп, иілу қажет. Әйел азаматтардың сәлемдесу рәсімі "ваньфу" деп аталады. Олар қолдарын біріктіріп, оны денесінің бойымен төмен қарай сырғытады. "Коутоу" дәстүрі аңызға айналған Хуан-ди патшаның билік еткен тұсында бастау алған еді. Сол заманда бұл дәстүр патшалармен амандасқан кезде және неке қию, үйлену сияқты салттарда қолданылған.
Тай елінің амандасу рәсімі "вай" деп аталады. Бір-бірлерін көрген жандар алақандарын біріктіріп, бастарына қояды. Содан кейін иіліп, "савадди" деп айтады. Ежелден келе жатқан "вай" сәлемдесу дәстүрі әлі күнге дейін күллі Таиланд елі бойынша өз мәртебесін жоғалтпаған.
Филиппин елінде сәлемдесу рәсімі жас ерекшеліктеріне байланысты әр қилы. Мысалы, жас жігіт үлкен кісіні көрген кезде ол басын изеп, оң қолымен үлкен кісінің оң қолын ұстайды. Кейін саусағының ұшын оның маңдайына тигізеді де, "мано по" деп айтады. "Мано" - қол, "по" - құрмет деген мағына береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/213293-elemdegi-en-kyzykty-selemdesu-resimderi/