Ұзындығы 161 см: америкалық жасөспірім рекорд жаңартып, әлемдегі ең ұзын шаштың иесі атанды
Жарияланған күні:

Әлемдегі ең шашы ұзын адам анықталды. Ол 17 жастағы америкалық жасөспірім болып шықты. Оның шашының ұзындығы 161 см-ді құрайды деп хабарлайды guinnessworldrecords.com медиа порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ
Рэпид-Сити тұрғыны Рубен есімді бала екі жасынан бері шашын алдырмаған. Рубен бала күнінен шаш кесуге арналған құрал саймандардан қорыққан, сол себепті ата-анасы оның шашын өсіруге рұқсат берген. Дегенмен есейген соң да шашын өсіруді жалғастыруға бел буды.
"Негізінен Лакота тұрғындарының шаштары ұзын. Бұл біздің рухымыздың бір бөлігі, менің кім екенімді айқындайды. Өз отбасым мен Лакота ұлтынан шыққанымды мақтан тұтамын", - дейді Рубен.

Ол күнде таңертең сусабын мен кондиционерді пайдаланып шашын жууға шамамен 20 минут жұмсайды. Кептіру үшін бір сағат, тарап, өру үшін тағы 10 минут қажет.
Нақты өлшемді анықтау үшін Рубен шаштаразға жүгінді. Ұста оның шашын шешіп, жуып, тарап, үстелге жайды. Үш өлшем бойынша, ол рекорд жаңартып, әлемдегі ең ұзын шаштың иесі атанды.

Жасөспірімнің сөзінше, оған өзінің шашы ұнайды және ол шашын қию туралы, тіпті, ойланбайды. Ұзын шаштың бір ғана кемшілігі бар. Ол үнемі көлік есігіне, жуынатын бөлменің ұстағышына қысылып қалатыны.
Оның айтуынша, көптеген адам Рубеннен шабыт алып, шашын өсіруге бел буған.
Бұған дейін әлемдегі ең шашы ұзын адам үндістандық Сидакдип Сингх Чахалдан болған. Оның шашының ұзындығы 146 см-ді құраған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2138400-uzyndygy-161-sm-amerikalyq-zhasospirim-rekord-zhangartyp-alemdegi-eng-uzyn-shashtyng-iesi-atandy-foto/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде