Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ислам күнтізбесі: мұхаррам айы қай ай және діндегі маңызы

Жарияланған күні:

Жаңа ай
Жаңа туған Ай. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мұсылман қауымының жаңа жылы мұхаррам айынан басталады. "Мұхаррам" сөзі араб тілінен аударғанда "тыйым салынған" деген мағынаны білдіреді. Мақаламызда бұл айдың маңызы жайлы діни дереккөздерді негізге ала отырып, тарқатып жаздық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мұсылман күнтізбесінде жаңа жыл мұхаррам айынан басталады, ол "тыйым салынған" деген мағынаны білдіреді.
  • Ислам дініндегі жыл санауы Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдинаға қоныс аударуынан басталады, оны халифа Омар ибн Хаттаб бекіткен.
  • Мұхаррам айында ораза ұстау ұсынылады, әсіресе Ашура күні (айдың оныншы күні) маңызды, бұл күні Мұса пайғамбар мен оның қауымы Перғауыннан құтқарылған.

Мұсылманша жыл санауы қай кезден басталды?

Ислам дініндегі жыл санауы "һижра жыл санауы" деп аталады. Бұл жыл санау Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударуынан басталады.

muftyat.kz сайтында жарияланған "Мұхаррам айы – мұсылманша жыл басы" мақаласындағы мәліметтерді негізге алсақ, одан ерте заманда арабтарда нақтылы жыл санау жүйесі болмағанын білеміз. Олар белгілі бір датаны сол уақытта болған уақиғалармен байланыстырып есте сақтады. Мысалы эфиоп патшасы Абраханың пілмен жарақтанған әскерімен Мекке шаһарына жасаған шабуылына орай сол жылды Піл уақиғасы жылы деп атады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нақ сол Піл жылы Меккеде дүниеге келген.

Серікбай қажы Ораз бұл айдың тарихын былай түсіндіреді:

Әділетті халифа Омар ибн Хаттабтың (оған Алла разы болсын) кезінде мұсылман мемлекетінің шартарабына жіберілген ресми хаттардың айы-күні, тарихы туралы қателіктер орын алады. Һижраның он жетінші жылы Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) Басра қаласының әкімі Әбу Мұса әл-Ашғариге (оған Алла разы болсын) хат жазады.

Бұл хат шағбан айында жазылған. Әбу Мұса (оған Алла разы болсын) Омарға (оған Алла разы болсын) былайша жауап хат жазады:

"Сіздің шағбан айында жазған хатыңызды алдым. Алайда оның үстіміздегі жылғы шағбан айы ма, әлде өткен жылғы шағбан айы ма, біле алмадым".

Мұны оқыған Омардың (оған Алла разы болсын) бірегей жыл санауды бекітудің қажеттілігіне көзі жетеді. Сөйтіп, көзі тірі сахабаларды жинап алып, осы мәселені талқыға салады. Бұл һижрамен есептегенде 17-жылдың жумада ахир айының 20-сы күні болатын. Ал миләди жыл санауымен есептегенде 638-жылдың шілде айының 8-і еді.

Талқыға жиналған сахабалар жыл санаудың қай мерзімнен бастау керектігі жайында өзара пікір таластырады. Кейбірі Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жылынан бастауды жөн деп тапса, енді бірі һижра оқиғасынан бастау қажеттігін алға тартады. Өйткені һижраның уақыты сахабалардың бәріне мағлұм мерзім еді. Ал Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жылы, күні жайында олар әр түрлі көзқараста болатын.

Жыл санауды һижра оқиғасынан бастауды құптағандардың арасында Омар, Осман, Әлилер (оларға Алла разы болсын) болды. Ақырында халифа Омар (оған Алла разы болсын):

"Һижра ақ пен қараның арасын ажыратты. Ендеше сол кезден бастайық. Бірінші айы мұхаррам болсын, өйткені ол адамдардың қажылықтан қайтатын шағы", - деп кесімді шешімін айтады. Барлық сахабалар осы тоқтамды жөн деп табады.
Жарық шам
Түрлі-түсті жарық шам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мұхаррам сөзінің мағынасы қандай?

"Мұхаррам" арабшадан аударғанда "тыйым салынған" деген мағынаға келеді. Себебі түбірі "харам", яғни "тыйым салынған" деген сөзге жақын. Ал басқа да себептеріне мән берсек:

  • Мұхарам айында шайқасуға тыйым салынған.
  • Осы айда Ібіліске жәннат харам етілді.
  • Басқа харам айларда күнә жасауға қаттырақ тыйым салынғандай, бұл айда да күнәдан ұзақ болу жайлы көп айтылады.

Бұл айлар жөнінде Құрандағы "Тәубе" сүресінің 36-аятында былай делінген:

"Расында Аллаһ қасында көктер мен жерді жаратқалы Аллаһтың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар".
Құран Кәрім кітабы
Қасиетті Құран Кәрім кітабы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мұхаррам айында ұсталатын ораза туралы не білеміз?

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

"Рамазан оразасынан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы мұхаррам айында тұтылған ораза", – деген. Хадисті Мүслім риуаят еткен.

Мұхаррам айында келетін Ашура күні мұсылман тарихындағы айтулы күндердің бірі. "Ашура" сөзі "оныншы" деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл – мұхаррам айының оныншы жұлдызы.

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш Мәдина қаласына келгенде рамазан айының оразасы парыз болмаған шақта қаладағы яһудилердің мұхаррамның оны күні ораза ұстайтынын көріп, олардан бұл оразаның себебін сұрайды. Сонда олар:

"Бұл біз үшін айтулы күн. Нақ осы күні Алла Тағала Мұса пайғамбар мен қауымын озбыр Перғауыннан құтқарған", - деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

"Олай болса Мұсаға сендерден гөрі мен жақынмын", - деп мұсылмандарға осы күні ораза тұтуды бұйырады. Бірақ кейінірек рамазан оразасы парыз етілген соң: "Қалаған адам тұтсын, қаламаған адам аузын ашсын", - деп ерікті ораза санатында қалдырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2147776-islam-kuntizbesi-muharram-aiy-qai-ai-zhane-dindegi-mangyzy/