Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ислам күнтізбесі: Шағбан айы қай ай және діндегі маңызы

Жарияланған күні:

Құран оқыған бала
Құран оқып отырған бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Шағбан Исламдағы қасиетті үш айдың бірі. "Шағбан" сөзі "көп жақсылықтың бастауы" деген мағынаны білдіреді. Бұл айдың келуі Ережеп айының біткенінен хабар беріп, қасиетті Рамазанның жақындағанын аңдатады. Шағбан айы - оразаға дайындық жасайтын уақыт. Шағбан айының маңызы жайлы діни деректерді мақаламызда тарқатып жаздық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Шағбан - Ислам күнтізбесіндегі қасиетті үш айдың бірі, ол Рамазан айының алдында келеді және оразаға дайындық кезеңі болып табылады.
  • Бұл айда адамның жыл бойы істеген амалдары Алла Тағалаға ұсынылады, сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда көп ораза ұстаған.
  • Шағбан айының ортасындағы Бараат түні - күнәлар кешірілетін рахмет түні, бұл түні Алла Тағала пенделеріне мейірім көрсетеді және кешірім сұраушыларға кешірім береді.

Мұсылман қауымы үшін Шағбан айының маңызы қандай?

Мұсылман күнтізбесінде қасиетті Ережеп айынан кейін келетін берекелі ай бар. Ол – Шағбан айы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айды аса жақсы көріп, басқа айлардан ерекше бағалаған, себебі бұл айда адамның жыл бойы істеген әрбір амалдары Алла Тағаланың алдына ұсынылатындығы айтылған. Бұған қатысты сахаба Усама ибн Зәйд Шағбан айында осыншалықты көп ораза ұстау себебін сұрап:

"Уа, Алланың Елшісі! Сенің шағбан айында ораза ұстағаның секілді, өзге айларда ораза тұтқаныңды көрмедім", - дейді.

Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп жауап берген:

"Шағбан – Рәжәб пен Рамазан айларының арасындағы адамдардың одан ғапыл болып жататын ай. Бұл айда амалдар Раббымызға жеткізіледі. Мен де амалымның ораза ұстаған сәтінде жеткізілуін қалаймын" - дейді.

Қарабалық ауданы "Ғашура ана" мешітінің бас имамы Керумбаев Төлеген Арғынбайұлының "Шағбан – көпшіліктің ескерусіз қалдыратын айы" мақаласында бұл айдың өте маңызды мерзім екені былай түсіндірілген:

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда әр түрлі нәпіл құлшылықтарын арттырып, әсіресе көбірек ораза ұстаған. Осыған байланысты Айша (оған Алла разы болсын) анамыз былай деп айтқан: "Алла Елшісі дәл шағбан айында ораза тұтқанындай, рамазан айынан басқа айларда ораза ұстамаған. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шағбан айының басым көпшілігін оразамен өткізетін".

Шағбан айында қандай амалдар жасалады?

Саңлақ сахаба Әнас ибн Мәлик былай дейді:

Бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)"Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?" - деп сұраған кезде:

"Рамазан айының құрметіне Шағбан айында тұтылған ораза", - деп жауап берген екен.

Муаз ибн Жәбәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді:

"Алла Тағала Шағбан айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Тек қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді", - деген.

Ғұламалар пенденің жасаған амалдары Алла Тағалаға үш түрлі дәрежеде ұсынылатындығын айтқан. Осы жөнінде Имам ибн Ражаб ал-Ханбали (р.а.) былай дейді:

"Бірінші дәреже: күнделікті таң мен екінді намаздары уақытында ұсынылады. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Сендерге түнде және күндіз періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен екінді намазында жиналып, сендермен түнде бірге болғандары көкке көтеріледі. Сонда Алла Тағала барлығын жақсы біліп тұрса да олардан: "Пенделерімді қандай жағдайда тастап кеттіңдер?" - деп сұрайды. Олар: "Біз оларды намаз оқып жатқан кезде тастап кеттік әрі оларға барған кезімізде де, олар намаз оқып жатқан еді дейді", - деген.

Екінші дәреже: әр аптаның бейсенбі күнінде ұсынылады. Бұған қатысты Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің былай деп айтқанын естідім деген: "Расында, адам баласының жасаған амалдары әр бейсенбі, жұманың түнінде Алла Тағалаға ұсынылады. Тек туған-туыстың арасын үзген адамның амалы қабыл етілмейді".

Ал үшінші дәреже: Шағбан айында бір жыл бойы жасалған амалдар ұсынылады. Бұған қатысты Усама ибн Зәйд (оған Алла разы болсын) Шағбан айында осыншалықты көп ораза ұстау себебін сұрап: "Уа, Алланың Елшісі! Сенің Шағбан айында ораза ұстағаның секілді өзге айларда ораза тұтқаныңды көрмедім", - дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп жауап берген:

"Шағбан рәжәб және рамазан айларының арасындағы адамдар одан ғапыл болып жататын ай. Бұл айда амалдар Раббымызға жеткізіледі. Мен де амалымның ораза ұстаған сәтінде жеткізілуін қалаймын", - деген.

Құран кітап
Мұсылмандардың кітабы - Құран. Көрнекі сурет: pixabay.com

Шағбан айының ортасында болатын Бараат түні жайлы не білеміз?

Бараат – күнәлар кешірілетін рахмет түні. Бұл түннің маңызына байланысты ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлының "Бараат түнінің артықшылығы" мақаласындағы деректерді негізге алдық:

Айша (Алла одан разы болсын) анамыздан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Уа, Айша! Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе?" - деп сұрады. Мен: "Алла мен Оның Елшісі жақсы біледі", - деп жауап бердім.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

"Бұл – Шағбан айының ортасындағы түн. Алла Тағала бұл түні пенделеріне мейіріммен қарайды, кешірім сұраушыларға кешірім береді, мейірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Алайда пиғылы жаман адамды мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да", - деген (Байһақи).

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: "Алла Тағала Шағбан айының ортасы болған түні пенделеріне мейірімін жаудырады. Тек қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқасының барлығының күнәсін кешіреді", - деген (Ибн Мәжә).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2147799-islam-kuntizbesi-shagban-aiy-qai-ai-zhane-dindegi-mangyzy/