Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйелді босандыруға арналған қазақ дәстүрлері: бел тарту әдісі жайлы не білесіз

Жарияланған күні:

Жүкті әйел
Ішін ұстап отырған жүкті әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазіргі заманда әйелді босандыратын арнайы мамандар, перзентханалар бар. Ал ешқандай құрылғы болмаған көшпелі қазақ қоғамында өмір сүрген дала әйелдері сәбилерін қалай дүниеге әкелген? Белгілі этнографтардың еңбектерін негізге ала отырып, әйелді босандыруға арналған қазақ дәстүрлерін зерттеп көрдік.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Қазақ дәстүрінде әйелдерді босандыру үшін "арқан керу" әдісі қолданылған, онда бақан мен жалпақ бау пайдаланылып, туыт аналар көмектескен.
  • Босану процесінде "бел тарту" әдісі кеңінен қолданылған, бұл әдіс баланың жылдам әрі қауіпсіз дүниеге келуіне көмектескен және әлемнің басқа елдерінде де қолданылған.
  • Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, қазақтар әйелдің жатып босануының қауіпті екенін біліп, отырып немесе түрегеп тұрып босандырған, сонымен қатар босанғаннан кейінгі әйелге қамқорлық жасауға ерекше мән берген.

Қазақ әйелдерінің босану кезеңі қалай өткен?

Қазақта айы мен күні жеткен әйелді тәжірибелі егде әйелдер босандырған. Әсіресе босанатын уақыты жетіп отырған әйелге жақын туыстары да көмекке келген. Олар әйелді демеп, әрі қарай отырып-тұруына көмектескен. Содан кейін толғақ жиілісе, бақан алдырып, оны керегеге тіреп, бақанға жалпақ бау байлаған. massaget.kz ұсынған деректі негізге алсақ, бұл рәсім "арқан керу" деп аталған. Үйге бақан кіргізу рәсімінде әйелдер жағы бәрін бақылап отырған, себебі бақан бас тұсынан кіргізілсе, дүниеге қыз бала, ал тұйық тұсынан кіргізілсе, өмірге ұл келеді деп сенген.

Этнограф Болат Бопайұлының деректеріне сүйенсек, ертеде толғатып жатқан әйелге туыт аналар көмекке келген. Олар толғағы қысқан әйелді орнынан демеп тұрғызып, киіз үйдің керегесінің басынан ұстатқан көрінеді. Бұдан бөлек жалпақ құры жіпті үйдің бір басынан екінші басына тартып, әйелдің екі қолтығынан өткізіп, жіптің ырғағымен ақырындап әйелдің толғағына ілестіріп босандырған екен.

Этнограф Болат Бопайұлы мұны былай жазған:

"Туыт аналар қазақтың ырым-тыйымдары, жөн-жоралғылары мен салт-дәстүрі арқылы өздерінің өмір тәжірибесіне сүйене отырып, дүниеге келетін сәбиді, босанған әйелді аман алып қалу үшін айла-тәсіл, ырымдар жасаған. Олар бірнеше немесе біреу де болуы мүмкін. Туыт ана жіпті ырғата отырып, әйелге керегенің басын санатады. Ол толғақты ұмыттыру үшін жасалады".

Болат Бопайұлының айтуынша, толғақ күзетіп отырған әйелдер үйден шықпаған.

"Шығуға тура келсе, басындағы жаулығын, орамал мен қолжаулығын сол жерге қойып кетеді. Себебі ол әйел далаға шықса, онымен бірге толғақ бірге ілесіп кетеді деген. Ал жаулығын, орамалын қойып кетсе, толғатып отырған әйел оның қайтып келетінін біліп, алаңдамаған. Сондықтан толғатқан әйелдің "бір аяғы көрде, бір аяғы жерде" дейді".

Бел тарту әдісі жайлы не білеміз?

Қазақ әйелдері босану жағдайында бел тарту әдісіне жүгінген. Бел тарту әдісі баланың жылдам әрі аман-есен өмірге келуіне көмектеседі. Бұл әдіс әлем елдерінде де дәлелденген. massaget.kz сайты қазақтың әйелді босандыруға арналған осы бір ежелгі дәстүрі Еуропада, Жапония, Америка, Қытай, Франция, Германия сияқты елдерде де дамығанын жазады.

Бұл туралы этнограф Болат Бопайұлы былай дейді:

"Қазақ әйел жатып босанса, басына қан көп кететінін білген. Отырып, түрегеліп немесе суда босанса, құры жіп секілді қолтығынан сүйеп босандырса, қауіпсіз болатынын ғылым жағынан да дәлелденген. Қазақтың босанған әйелге жасаған қамқорлығы шексіз. Босанғаннан кейін де сәбидің кіндік анасы, туыт, жөргегінен көтеріп алған анасы болған және қалжа сою, оны тамақтандыру, күту халқымыздың бұрыннан келе жатқан үлкен дәстүрі".
Кішкентай сәби
Жаңа туған кішкентай сәби. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ертеде әйел өздігінен босана алмай жатса, қандай әдіс жасалған?

Қазақ ертеде аяғы ауыр әйел босана алмаса, әйелдердің біріне немесе қайын інілерінің біріне белін тартқызған. Бұл жайлы Халел Арғыновтың деректерінде мысалдар келтірілген. Бел тартқан адам әйелдің арқа тұсына отырып, шеміршектен төмен қарай сылаған. Оған қоса әйелдің ішін қойдың құйрық майымен сылаған.

Ал әйел қиналып, босана алмай жатса немесе бала теріс келіп тұрса, қазақ "оташылары" сыртынан түзетіп жіберген деседі. Кей жағдайда бала іште шетінеп кеткенін білсе, ананы аман алып қалу үшін қолын салып, баланы суырып алған. Шебер оташылар кейде әйелді аман алып қалған, кейде мұндай оталар сәтсіз жүзеге асырылған.

Халел Арғынов деректерінде әйелдің толғағы тез келуі үшін бүкіл сандық, әбдіре аузы ашылып, тең шешілгені, түйін тарқатылғаны жайлы жазылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2148729-aieldi-bosandyruga-arnalgan-qazaq-dasturleri-bel-tartu-adisi-zhaily-ne-bilesiz/