Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлемдегі ең үлкен аю: рекордшы жануарлар туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Қоңыр аю
Қоңыр аю. Көрнекі сурет: pixabay.com

Аюлар – біздің планетамыздағы ең үлкен тіршілік иелерінің қатарына кіреді. Олардың арасында салмағы бір тоннадан асатын алыптар да кездеседі. Ең үлкен аюлар туралы бейінді сайттардан аз-кем ақпарат жинадық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақалада әлемдегі ең ірі аю түрлері туралы айтылады, соның ішінде ақ аю, кадьяк, камчатка аюы, уссурийск аюы, гризли және басқалары.
  • Әр аю түрінің орташа салмағы, дене өлшемдері, мекендейтін аймақтары және қоректену ерекшеліктері сипатталған.
  • Ең ірі аю түрлері ақ аю мен кадьяк болып саналады, олардың салмағы 1 тоннаға жетуі мүмкін, ал көзілдірікті аю ең кішкентай түр ретінде аталған.

Ақ аю

Ең үлкен аю қайсы? Әлемдегі жануарлар туралы Animals платформасы барлық аю түрлерінің ішіндегі ең үлкені деп ақ аюды атайды. American Bear америкалық жабайы табиғат қорығының сайты да ақ аюды ең үлкен құрлықтық жыртқыш деп санайды. Бұл түрдің шамамен 600 мың жыл бұрын қоңыр аюмен ортақ тектен бөлініп шыққан деп болжанған.

Бұл түр тіршілік ететін солтүстік полярлық аймақтарға байланысты полярлық немесе солтүстік аюы деп аталады. Олар қалқыған немесе жағалаудағы мұздарда өмір сүреді, итбалықтар, нерпалар, морждарды аулайды. Ақ аюлар жақсы жүзеді, суда жылдамдықтары 6,5 км/сағ дейін жетеді.

Ең үлкен аю қанша салмақ тартады? 1960 жылы Аляскада кездескен ақ аюдың рекордтық салмағы 1002 кг болды. Аталықтарының орташа салмағы 400–680 кг, аналықтарының салмағы — 350–380 кг. Дене ұзындығы орта есеппен 2–2,5 м жетеді, бірақ 3 м дейін өсетін алыптар да бар.

Ақ аю
Ақ аю. Фото: pixabay.com

Кадьяк

Бұл қоңыр аюдың түр тармағы Animals басылымының тізімінде екінші орында тұр. Оның әлемдегі жалғыз мекені — Алясканың оңтүстік жағалауындағы Кадьяк аралы және басқа да аралдар. Мұнда қыс қысқа және тамақ мол.

Бұл аюлар бәрін жейді, шөптерді, жидектерді, етті, тіпті өлекселерді де тұтынады. Уылдырық шашу кезінде молынан жейтін албырт салмақ қосуға ықпал етеді. Бұл түрге аң аулаудың әсерінен оның популяциясы азайып барады, сондықтан қазіргі уақытта кадьяк аюы мемлекет қорғауында.

Кадьяк аюларының жинақы бұлшықетті денесі, үлкен басы, ұзын әрі күшті аяқтары бар. Дене ұзындығы 1,8 м жетеді, ал салмағы 0,5 т асады. Белгілі ең үлкен аюдың салмағы 780 кг болды.

Үлкені қайсы? Кадьяк па, әлде ақ аю ма? Discover Wild Life жабайы табиғат сайты алып ақ аю мен мығым кадьякты салыстырып, бірдей деген тұжырымғ келген. АҚШ Конгресінің Кітапханасы Library of Congress сайты екі түрдің параметрлерін салыстырып, дәл осындай қорытынды жасайды.

Кадьяк
Кадьяк. Фото: pixabay.com

Камчатканың қоңыр аюы

Еуразиядағы қоңыр аюдың ең үлкен түр тармағы — Камчатка аюы (сібір аюының түр тармағы). Ол Animals тізімінде үшінші орын алады. Түр тармағы өзінің мекені Камчатка түбегіне байланысты осылай аталған. Түрдің санына байланысты алаңдаушылық жоқ. Кейінгі 10 жылда олардың саны 6–8 мыңға артқан. Қазіргі уақытта шамамен 26 мыңға жуық.

Камчатка аюы денесінің ұзындығы 2,4 м жетеді, салмағы 650 кг және одан да көп болуы мүмкін. Әсіресе ол тамыз-қыркүйек айларында, қысқы ұйқыға дайындық кезінде, күніне 1,5 кг салмақ қосып, тез семіреді. Бұл аюдың басы өте үлкен, ұзындығы 40–43 см және ені 27 см дейін жетеді. Аюдың жүні қара, қоңыр немесе қою қоңыр түсті болады.

Камчатканың қоңыр аюы
Камчатканың қоңыр аюы. Фото: wikimedia.org

Уссурийск қоңыр аюы

Уссурийск аюы ірі қоңыр аюлардың бірі ретінде Animals басылымының тізіміне енген. Оны жапон аюы немесе қара гризли деп те атайды. Бұл түр тармағы Корей түбегінде, Қытайдың солтүстік-шығысында, Жапонияның солтүстігінде мекендейді.

Уссурийск аюы Камчатка аюына ұқсайды, бірақ оның бас сүйегі ұзынырақ келеді. Орташа салмағы 400–450 кг, бірақ 550 кг дейін жететін дарақтар да кездеседі. Мұндай үрдіс астық дақылдарын көп мөлшерде тұтынуға байланысты пайда болды деп болжанған. Бұл аюлар шөп тамырларын, ағаш бұтақтарын, жаңғақтарды, кедр жаңғақтарын, шырша қабығын жейді. Жапонияның Хоккайдо аралында олардың рационына сүтқоректілер, құстар, жәндіктер кіреді. Уылдырық шашу кезінде албырт балығы олардың рационының үштен бір бөлігі болады.

Уссурийск қоңыр аюы
Уссурийск қоңыр аюы. Фото: wikimedia.org

Гризли

Гризли Animals басылымының тізіміндегі ең ірі түрлердің қатарына кіреді. Бұл қоңыр аюдың америкалық түр тармағы. Аты "сұр аю" деп аударылады, бірақ дыбысталуына байланысты "қорқынышты", "үрей туғызатын" деген мағынаны да білдіреді. Гризлидің арғы тегі шамамен 50–100 мың жыл бұрын Азиядан Америка құрлығына қоныс аударған. Қазіргі уақытта олар негізінен Аляскада және оған жақын аралдарда, Канададағы батыс аймақтарда мекендейді.

Балық көп болатын жағалауларда ең ірі гризлилер тіршілік етеді. Олардың бойы шамамен 2,5 м, ал салмағы 450 кг асады. Бұл түр көбінесе сыртқы белгілері бойынша емес, мінез-құлқы бойынша ерекшеленеді.

Ол туралы күшті жыртқыш ретінде пікір қалыптасқан. Гризлилер бұғыларға, бұланға, бизондарға шабады. Бұл аюлардың адамдарға шабуыл жасағаны белгілі, әсіресе адам оны тамақ қалдықтары төгілген қоқыс алаңында тамақтанып жатқан кезде мазаласа, аю шабуылдауы мүмкін.

Гризли
Гризли. Фото: pixabay.com

Сібір қоңыр аюы

Қоңыр аюлардың арасында ең кең тарағандары — еуразиялық аюлар. Олардың ішінде Сібір аюлары ерекшеленеді, олар еуропалықтардан үлкенірек, бірақ Камчатка аюлары мен Уссурийск аюларына қарағанда сәл кіші. Олар Сібірде, Солтүстік Қытайда, Моңғолияның солтүстігінде және Қазақстанның шығыс бөлігінде мекендейді.

Сібір аюларының салмағы 350 кг дейін жетеді. Олардың бұлшықетті денесі, үлкен басы, ұзын (8,5 см дейін) тырнақтары бар күшті аяқтары бар. Жүні қою қоңыр, ал аяқтары қараңғылау болады. Сібір аюлары бәрін жейтін жануарлар.

Сібір аюы
Сібір аюы. Фото: safari-expert.ru

Барибал

Барибал немесе солтүстікамерикалық қара аю Animals басылымының ең ірі аюларының тізіміне енген. Ол Солтүстік Американың Аляска аймағында, Канадада, АҚШ-тың 39 штатында таралған, ал оның 16-ға дейін түрі бар. Олар жазықтарда, таулы ормандарда, өзен аңғарларында, биіктігі 3 мың метрге дейінгі тауларда мекендейді.

Барибалдар қоңыр аюлардан кіші, ең үлкендерінің салмағы шамамен 360 кг, ал дене ұзындығы 1,4–2 м дейін жетеді. Бұл түр тегіс, қара жылтыр жүнімен ерекшеленеді. Бірақ олардың жүні қоңыр және ашық түсті болуы мүмкін.

Барибалдар өсімдік тағамымен (жарма, жаңғақ, шетен, кизил, итмұрын, жабайы жүзім) қоректенеді, бірақ олар үй қойларына немесе шошқаларына аң аулай алады, уылдырық шашу кезінде албырт балық ұстайды. Зообақтарда, көп мөлшерде ақуызды тағам алатын жерлерде олар жабайы туыстарына қарағанда үлкенірек болады.

Барибал аюы
Барибал аюы. Фото: Wikimedia/Diginatur

Көзілдірікті аю

Көзілдірікті аю (андтық, тау аюы) басқа түрлерге қарағанда кішірек, бірақ Animals басылымы оны ірі аюлар қатарына қосқан. Денесінің ұзындығы 1,3 м, кейде 2 м дейін жетеді, аталықтарының салмағы – 140 кг, аналықтарының салмағы – 70 кг.

Бұл түрдің атауы көз айналасындағы бозғылт таңбалармен және кеудесіндегі ақшыл дақтармен байланысты. Бұл аюлар, негізінен, Анд тауларының биік ормандарында тіршілік ететін Оңтүстік Америкадағы жалғыз аюлар түрі. Бұл сонымен қатар қысқа тұмсықты аюлардың жалғыз тірі қалған өкілі. Бұл түр ХТҚО Қызыл кітабына енгізілген.

Көзілдірікті аюлардың ерекшелігі – түнгі өмір салты және қыста ұйықтамауы. Сондай-ақ бұл барлық аю ішіндегі ең өсімдікқоректісі.

Көзілдірікті аю
Көзілдірікті аю. Фото: Unsplash/Hans Jurgen Mager

Сипатталған түрлердің сипаттамалары олардың аюлар тұқымдасының ең ірілері екенін дәлелдейді. Бұл алыптар алғашында сүйкімді және қауіпсіз болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде, аюлар – қауіпті жабайы жануарлар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2149039-alemdegi-eng-ulken-aiu-rekordshy-zhanuarlar-turaly-ne-bilesiz/