Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сәтті кадр: суретке әдемі түсудің 8 құпиясы

Жарияланған күні:

Фотограф әйел
Суретке түсіріп тұрған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қарапайым трюктер фотосуретте әдемі көрінуге көмектеседі. Ол үшін сыртқы келбетіңіздің тартымды тұстарын көрсететін сәтті ракурсты таңдауды үйреніңіз. Осы орайда фотографтар суретке түсу бойынша кеңестерін айтты.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Қарапайым әдістер көмегімен фотосуретте әдемі көрінудің сегіз құпиясы ашылады.
  • Арқаны тік ұстау, шынайы күлімсіреу, аяқты дұрыс қою, денені қырындап ұстау сияқты кеңестер беріледі.
  • Қолды дұрыс ұстау, реквизиттерді пайдалану, дене қалпын өзгерту және кадрда қозғалу сияқты әдістер де ұсынылады.

Арқаңызды тік ұстаңыз

Суретке түскен кездегі тұрысыңыз суретіңіздің қалай шығатынына айтарлықтай әсер етеді. Фотосуретке қалай дұрыс түсу керек? Дұрыс қалып фотосуреттегі дене пішінін визуалды түрде жіңішке және үйлесімді етеді, ал бүкірею сенімсіздік тудырып, кемшіліктеріңізді көрсетуі мүмкін.

Marszalstudio заттық фотосурет студиясы дұрыс қалып тек арқаңызды тік ұстаумен шектелмейтінін жазады. Бұл дененің әр бөлігін саналы түрде бақылауды қамтитын біртұтас тәсіл, ол аяқтың орналасуынан іш бұлшықеттерінің жағдайына, иық пен қолды қалай қоятыныңызға, көзқарас пен бет әлпетіне де байланысты.

Сарапшылар адамның миы арқа арқылы берілетін визуалды сигналдарға өте сезімтал екенін айтады. Ол автоматты түрде сенімділік, ашықтық, тіпті фотодағы адамның эмоционалдық күйін байқатады.

Шынайы күлімдеу

Фотосурет сәтті шығу үшін бүкіл денеге назар аудару керек. Бет әлпетіне, дене қалпына, қолыңызға мән беріңіз, кадрдағы динамика мен қозғалыстан қорықпаңыз.

Күлімсіреген қыз
Күлімсіреп тұрған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Езуіңізді жиырып, жасанды күлімсірегеннің орнына, сізді бақытты ететін немесе қызықтыратын нәрсені ойлап тұрыңыз. DIY Photography фото және бейне ресурсы шынайы күлімдеу жолын көрсетеді. Егер қобалжысаңыз, көзіңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Дайын болған кезде көзіңізді ашыңыз. Өзіңізді тыныш сезінесіз және шынайы күлесіз.

Терең тыныс алудан басқа бет пен жақтың бұлшықеттеріне назар аударуға болады. Оларды саналы түрде босаңсыту үшін бірнеше секунд қажет. Тіліңізді таңдайыңызға тигізіп, қобалжығанды тоқтатыңыз. Бұл сізді жеңілдетеді және осы сәтте шынайы күлімдей аласыз.

Аяғыңызды бір сызықтың бойына қоймаңыз

Бір орында тұрып суретке қалай түсуге болады? Фотосуретте аяқтың дұрыс тұруы маңызды рөл атқарады. Фотосуретке динамика беретін бірнеше әдісті қолданыңыз:

  • Салмақты бір аяққа салыңыз, ал екіншісін сәл жанына қарай жылжытыңыз, саусақтарыңызды жерге тигізіңіз.
  • Бір аяқты алға жылжытып, тізені ақырын бүгіңіз.
  • Аяқты айқастырып көріңіз. Денені мүмкіндігінше босаңсытып, аяғыңыздың ұшымен тұру керек.

Кадрда төмен бағана немесе баспалдақ сияқты қосымша заттар болса, оларға бір аяқты қоюға болады. Бір орында тұрып суретке түсіру кезінде денені сәл алға еңкейткен дұрыс екенін ескеріңіз. Бұл сіздің дене пішініңізді жіңішке әрі сымбатты етіп көрсетеді.

Аздап бір қырыңызға қараңыз

Атақты адамдар фотосуретке түскенде камераға жартылай қырындап қарау әдісін пайдаланады. Оның құпиясы табиғи көлеңке мен бүйірден түсетін жарықтың әсерінен бет пен дене пішіні нәзік көрінеді. Zest Photography портреттік фотосурет студиясы дененің сәл қырындап тұруы белді визуалды түрде жіңішке көрсетуі мүмкін деп жазады. Арықтау әсерін жасау үшін бір қырыңызға сәл бұрылып, мықынды камерадан алыстатыңыз, бұл беліңізді жіңішке етіп көрсетеді және бөксені ерекшелейді.

Сұлу қыз
Ақ көйлекті қыздың суреті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бір қырындап түсу қалпы әмбебап әрі әр түрлі суретке түсіру үшін жарай береді. Оны портреттер, сән түсірілімдері, іскерлік және күнделікті өмір салтына арналған фотосуреттер үшін қолдануға болады. Көптеген адамның бет-әлпетінің өзіне жақсырақ тұсы бар екенін есте ұстаған жөн. Айна алдында тәжірибе жасап, өз әдемілігіңізді табыңыз. Оны анықтағаннан кейін фотосуреттеріңізде пайдаланыңыз.

Қолыңызды кеудеге қоймаңыз

Отбасылық және өмір салтын суретке түсіретін фотограф Келли Макфэйл суретке түскен кезде қолыңыздың қалпына мән беруге және оларды денеңізге қоймауға кеңес береді. Фотограф қолды денеге қарай қою оны бұрынғыдан үлкенірек етіп көрсететінін түсіндіреді. Бұл әдіс фотосуреттерде сізді ыңғайсыз етіп көрсетеді.

Жағдайды түзету үшін денеңіз бен қолыңыз арасында кішкене бос орын қалдырыңыз. Қолыңызды сәл көтеріңіз, оны беліңізге қойыңыз. Сондай-ақ кадрға қозғалыс қосуға болады. Ол үшін бір қолыңызды сәл көтеріп, бетіңізді, шашыңызды немесе киіміңізді ұстаңыз.

Реквизиттерді пайдаланыңыз

Реквизиттер кадрдың әр түрлі болып шығуына көмектеседі. Оны көбіне суретке түсіретін орын мен тақырыпқа байланысты таңдайды. Түсірілімнің қай түріне қатысатыныңызға қарамастан, шамадан тыс әсер туғызбау үшін қосымша элементтерді өз орнымн пайдаланыңыз. Қосымша элементтерді пайдалану түсірілім кезінде қолды қайда қою мәселесін де шеше алады.

Реквизиттермен жұмыс істеу үшін денеңізді босаңсытыңыз. Егер сіз бірдеңені қолыңызға ұстасаңыз, оны шынайы өмірдегідей жасауға тырысыңыз. Мысалы егер қолыңызда шыныаяқ болса, сіз одан шай ішіп жатырсыз деп елестетіңіз, кітап болса, қызығушылықпен бірнеше бетті парақтаңыз, гүл ұстап тұрсаңыз, олардың хош иісін рахаттана иіскеңіз немесе гүлдің сұлулығынан ләззат алыңыз.

Дене қалпын өзгертіңіз

Жігіттерге арналған ең көп таралған фото қалыптарының бірі - қолд қалтаға салу. Дегенмен ерлердің фотосуреті мұнымен шектелмейді. Ер адамға қалай суретке түсуге болады? Фотосуретте жігітке батыл және қатыгез көрінуге көмектесетін бірнеше әдіс бар:

  • Кең иықты объективке қаратып, мықыныңызды сәл артқа жіберіңіз. Бұл V-тәрізді силуэтті ерекше көрсетеді, жіңішке бел мен кең иықты ерекшелейді.
  • Қолыңызды алдыңызда айқастырып, иықты сәл артқа жіберіңіз.
  • Күртеңізді иығыңызға қойып, екінші қолыңызды қалтаға салыңыз.
  • Креслоға немесе орындыққа отырыңыз, бір аяқты екіншісінің үстіне айқастырып, денеңізді алға қарай сәл еңкейтіңіз.
Ер адамның суреті
Ер адамның фотосуреті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Суретке түсетін жерде кез келген тік тіреуіш болса, оған арқаңызбен немесе бүйіріңізбен сүйеніңіз. Іскерлік немесе портреттік фотосурет үшін бір аяғыңызды екінші жағына қойып, қолыңызды тізеңізге немесе шынтаққа қойып, орындыққа отыруға болады.

Кадрға түсіретін кезде қозғалыңыз

Статикалық қалып кейде қысылып тұрғандай әсер тудыруы мүмкін. Ал аздаған қозғалыс фотосуретті жандандырады. Кадрға алып жатқан кезде қозғалыңыз: фотосуретте шынайы және жанды боп көріну үшін шашыңызбен ойнаңыз, басыңызды екі жаққа ақырын бұрыңыз, күліңіз, жүріңіз, айналыңыз. Қалай тұру керегін ойланудың орнына, еркін дем алып, аздап көңіл көтере аласыз.

Қозға арқылы сіз фотографқа әр түрлі суреттерді түсіру мүмкіндігін бересіз. Сонымен қатар қозғалыс арқылы фотосуретті серпінді және мәнерлі ете отырып, эмоциялар мен көңіл-күйді жеткізе аласыз. Бұл фотосуреттегі жеке тұлғаңызды және мінезіңізді ашуға көмектеседі.

Фотосуретте жақсы көріну үшін әр түрлі қалып пен реквизиттер арқылы тәжірибе жасаңыз. Табиғи болыңыз, кәсіби мамандардың кеңесін тыңдаңыз, сонда сіздің суреттеріңізді көп адам ұнатады әрі жақсы пікірлер естисіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2152416-satti-kadr-suretke-ademi-tusuding-8-qupiiasy/