Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір дегенің – білім: балаларға арналған қазақ тіліндегі санамақтар

Жарияланған күні:

Балалардың қолы
Балалар. Көрнекі фото: freepik.com

Санамақ баланың есте сақтау қабілетін дамытады. Баланың ойы жүйрік, зерек болып өсуі үшін кішкентай күнінен санамақтар, мақал-мәтел, жұмбақтар жаттатып өсіру керек. Бұл материалымызда баланың ойлау қабілетін шыңдап, сөздік қорын арттыруға көмектесетін, тілге жеңіл санамақтарды ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақала балаларға арналған қазақ тіліндегі санамақтардың маңыздылығы туралы айтады.
  • Санамақтар баланың есте сақтау қабілетін дамытып, ойлау қабілетін шыңдап, сөздік қорын арттыруға көмектеседі.
  • Мақалада әртүрлі тақырыптарға арналған көптеген санамақтар келтірілген, мысалы сандар, өсімдіктер, ағаштар және аңдар туралы.

Санамақтар bilim-all.kz порталынан алынды.

Бір дегенің – білім,

Білім – жарық күнің.

Екі дегенің – еңбек,

Еңбек бәрін жеңбек.

Үш дегенің – үміт,

Үмітсіз жоқ жігіт.

Төрт дегенің – талап,

Талмайтұғын қанат.

Бес дегенің – бірлік,

Бірліксіз жоқ тірлік.

Алты дегенің – арман,

Атар таңың алдан.

Жеті дегенің – жігер,

Жетер жерін білер.

Сегіз дегенің – сенім,

Сүйенішің сенің.

Тоғыз дегенің – талғам,

Тура жолды салған.

Он дегенің – Отан,

Отанды сүй, ботам.

***

Бір дегенің – білек,

Екі дегенің – елек,

Үш дегенің – үлек,

Төрт дегенің – түлек,

Бес дегенің – балақ,

Алты дегің – алап,

Жеті дегенің – желек,

Сегіз дегенің – сенек,

Тоғыз дегенің – торап,

Он дегенің – орақ.

***

Бір дегенің – берік,

Екі дегенің – ерік,

Үш дегенің – үміт,

Үш дегенің – үміт,

Төрт дегенің – түбіт,

Бес дегенің – білік,

Алты дегенің – арық,

Жеті дегенің – жілік,

Сегіз дегенің – сырық,

Тоғыз дегенің – тобық

Он дегенің – ойық.

***

Бір дегенің – белің,

Екі дегенің – елің,

Үш дегенің – үйің,

Төрт дегенің – түйін,

Бес дегенің – бұйым,

Алты дегенің – айың,

Жеті дегнің – жайын,

Сегіз дегенің – сайың,

Тоғыз дегенің – тайың,

Он дегенің – ойын.

***

"Бір" дегенің – жаман баға,

Алады оны жаман бала.

"Екі" дегенің нашар баға,

Інішегім, нашарлама.

"Үш" дегені – орта баға,

Сапасы да орта ғана.

"Төрт" дегенің – жақсы баға,

Алады оны жақсы бала.

"Бес" дегенің – үздік баға,

Оқитын бол үздік қана.

***

Бір дегенің – басбармақ,

Барлық істі басқармақ.

Екі дегенің – балалы үйрек,

Ақ қағазға салады ирек.

Үш дегенің – ортан терек,

Еңбек етіп, болған зерек.

Төрт дегенің – шылдыр шүмек,

Тілі тәтті былдыр түлек.

Бес дегенің – кішкене бөбек,

Үлкендерден үйрене бермек.

Абдрахман Асылбеков

Бояу жаққан бала
Беті-қолын бояп алған қыз бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Онға дейін санау

Бір дегенім – бесік,

Шықтық содан өсіп,

Екі деген – Елім,

Далам, тауым, көгім.

Үш дегенім – Үміт,

Үміт ақтар жігіт.

Төрт дегенім – төзім,

Төзе білем өзім.

Бес дегенім – Бақыт,

Бағалайтын уақыт.

Алты деген – Ақыл,

Тыңдағаның мақұл.

Жеті деген – жалау,

Жүректегі алау.

Сегіз деген – сөзің,

Серт беретін кезің.

Тоғыз деген – тоқтау,

Елдің жоғын жоқтау.

Он дегенім – Отан,

Қорға оны, ботам!

***

Бір,

Бетің өте кір.

Екі,

Бейбасқа жекі.

Үш,

Ұмтыл алға түс.

Төрт,

Беске оқу – серт.

Бес,

Белестерден желдей ес.

Алты,

Антты бұзбау – ата салты.

Жеті,

Қойдың семіз еті.

Сегіз,

Қоздасын қой егіз.

Тоғыз,

Арам айуан – доңыз.

Он,

Торқадан артық тон.

***

Бір дегенім – белін,

Екі дегенім – егін,

Үш дегенім – үкі,

Төрт дегенім – төл,

Бес дегенім – бекіре,

Алты дегенім – адам,

Жеті дегенім – жеміс,

Сегіз дегенім – сең,

Тоғыз дегенім – тоң,

Он дегенім – оң,

Он бір болады одан соң.

Өсімдік санамақ

Бір дегенім – бүрген,

Екі дегенім – ермен.

Үш дегенім – үлпілдек,

Төрт дегенім – түлкішек.

Бес дегенім – бестамақ,

Алты дегенім – алқа.

Жеті дегенім – жекен,

Сегіз дегенім – селеу.

Тоғыз дегенім – тошала,

Он дегенім – ошаған,

Шөптен дәрі жасаған.

Ағаш санамақ

Бір дегенім – бәйтерек,

Екі дегенім – емен.

Үш дегенім – үйеңкі,

Төрт дегенім – тұт.

Бес дегенім – беке (айва),

Алты дегенім – арша.

Жеті дегенім – жиде,

Сегіз дегенім – сексеуіл.

Тоғыз дегенім – тораңғы,

Он дегенім – орман.

Орман – аң-құстарға қорған.

Аң-санамақ

Бір дегенім – бөрі,

Екі дегенім – елік.

Үш дегенім – ұшар,

Төрт дегенім – түлкі.

Бес дегенім – бөкен,

Алты дегенім – арқар.

Жеті дегенім – жайран,

Сегіз дегенім – сілеусін.

Тоғыз дегенім – толай,

Он дегенім – ор қоян.

Бір дегенім – білік

Бір дегенім – білік,

Қолыңа жүр іліп,

Білік – шалғы тұтқасы,

Алғаның жөн біліп.

Екі деген – есті,

Ел жайлауға көшті.

Салқын екен жайлау,

Салқын самал есті.

Үш дегенің – үскі,

Ұшып жерге түсті.

Тындыратын істі,

Үскі неткен күшті.

Төрт дегенім – төсек,

От жағамын көсеп.

Төсек жақсы, өйткені

Жайлы орынға есеп.

Бес дегенім – бесік,

Бөбек жатар өсіп.

Уағында анасы

Шомылдырар шешіп.

Алты деген – арша,

Арша отын жанса.

Мыңтап қазан қайнатар,

Жіктеп отқа салса.

Жеті деген – жебе,

Жебе бұзар кебе.

Жебе-кебе сөзі –

Ертегі сөз көне.

Сегіз деген – сенім,

Болашағың сенің.

Сені азамат болар деп,

Сеніп отыр елің.

Тоғыз деген – торпақ,

Болма өзің қорқақ.

Еңбек етсең жарайды,

Көп ісіне ортақ.

Он дегенде ойлап,

Тапқан сөзім – оймақ.

Жалғастырып тағы да,

Айтыңдаршы жайлап.

Бір дегенің – білеу

Бір дегенің – білеу,

Екі дегенің – егеу,

Үш дегенің – үскі,

Төрт дегенің – төсек,

Бес дегенің – бесік,

Алты дегенің – асық,

Жеті дегенің – желке,

Сегіз дегенің – серке,

Тоғыз дегенің – торқа,

Он дегенің – оймақ,

Он бір – қара жүмбақ.

Жұмбағым жұтылды,

Өрге қарай құтылды,

Оны таппаған балақай тұтылды.

Бір білім алдым

Бір – білім алдым,

Екі – егін салдым.

Үш – үй көшірдім,

Төрт – төл өсірдім.

Бес – белге шықтым,

Алты – асық ұттым.

Жеті – желім жақтым,

Сегіз – серке бақтым.

Тоғыз – тойға бардым,

Он – отын жардым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2152903-bir-degening-bilim-balalarga-arnalgan-qazaq-tilindegi-sanamaqtar/