Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кейіпкерлерімнің ғұмырын кештім, өмірін сүрдім": Тұңғышбай Жаманқұлов сомдаған ең үздік рөлдер

Жарияланған күні:

Тұңғышбай Жаманқұлов
Тұңғышбай Жаманқұлов. Видеодан кадр: "Қан мен тер"

Қазақ киносы мен театр өнерінің ардагері, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов – қазақ өнерінің алтын қазынасын байытқан актерлердің бірі. Оның өнердегі жолы мен сіңірген еңбегі қазақ мәдениетінің бірегей үлгісі болып саналады. Жаманқұловтың шығармашылығы қазақ киносы мен театрында ерекше орын алады, ал оның сомдаған рөлдері көрермендердің есінде мәңгілік сақталады.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Тұңғышбай Жаманқұлов - қазақ өнерінің ардагері, оның театр мен кинодағы рөлдері көрермендердің есінде мәңгілік сақталады.
  • Актер М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 70-ке жуық рөлді сомдап, көптеген танымал фильмдерде басты рөлдерде ойнаған.
  • Жаманқұловтың айтуынша, театр мен кино өнерінде табысты болу үшін ессіз берілгендік, биік талғам, парасат пен толағай білім қажет.

1948 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданы Абай (бұрынғы Жаңасаз) ауылында дүниеге келген.

1973 жылы Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институтының (қазіргі Ұлттық консерватория) актерлік факультетін бітірді.

1970 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды.

Актер өнер жолын неге таңдағанын түсіндіргені де бар. Сұхбаттарының бірінде ол актерлік жолды армандамағанын айтқан.

"Кітап оқу­ға құмартып, поэзияға әуейі болдым. Мек­тепте жүріп әнге, домбыраға әуес­тен­­дім. Тіпті каникул кезінде ауылдық клубта әртіс те болып әурелендік. Одан бұ­рын­дары, әріп танымай тұрып та, кірәсін шамның алакеуім жарығының айналасына жиналған атам-әжем, әке-шешем жылап отырып тыңдайтын ертегі-қисса, жырларды оқитын әкемнің де көз жасын сығып отырып әндететіні есімді ала­тын. "Дариға-қыз", "Мың бір түн", "Рүстем-дастанның" шым-шытырық уақи­­ғалары ұйықтап кеткен менің шым-шым­дап түсіме сапар шегетін. Бірақ өнерге барам деп шындап ойламадым. Әкем теміржолшы болғандықтан ба, техникалық мамандықты көбірек ойлаушы едім. Мәскеудегі Бауман атындағы жоғарғы техникалық оқу орнына түсуді армандадым, космонавт болу үшін емес әрине...", - дейді ол.

Актердің айтуыша, одақтағы ең атақты университет болғаны үшін ғана таңдаған.

"Бозбала көңілі аспанда еді ғой. Бірақ сорымызға қарай біз бітірген жылдарда "блат" деген ауру бой көтерген. Қой, Мәскеу сені неғылсын, бір айлыққа қараған әкеңнің он бір баласын асырауға әзер жететін тақыл-тұқыл ақшасы жол кіреңе де жетпес деген оймен, өз еліме, Тараздағы техникалық оқу орнына ат басын тіредім. Әнге құмарлық онда да жалғасты, студенттік оркестрде домбыра тарттық. Үшінші курста Әулиеатаға Асқар Тоқпанов келіп, мен бітірген Аса орта мектебінің директоры Ерімбет Қонақбаев арқылы тауып алды. Болды... Есім ауды... "Шайтан түртті...", - дейді ол.

Театр сахнасындағы рөлдері

Тұңғышбай Жаманқұловтың театралдық рөлдері оның актерлік шеберлігінің айқын көрінісі болып табылады. Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында көптеген спектакльдерде басты рөлдерді сомдап, көрермендерді тәнті етті. Актер шебер алып шыққан спектакльдердегі рөлдері арасында ерекше орын алатындарына кезек берейік.

Актердің театрдағы рөлдеріне тоқталсақ, бұл туралы Әуезов драма театрының сайтында толыққанды жинақталған:

  • Қ.Мұхамеджанов "Бөлтірік бөрік астында" (реж. Ә. Мәмбетов) – Арыстан,
  • М. Әуезов "Таңғы жаңғырық" (сахналық нұсқа Қ. Ысқақ, реж. Б. Омаров) – Бақтығұл,
  • Т. Ахтанов "Жоғалған дос" (реж. Ә. Мәмбетов) – Мырзахмет,
  • Д. Исабеков "Кішкентай ауыл" (реж. С. Асылханов) – Демесін,
  • Н. Әбуталиев "Өттің, дүние" (реж. Ә. Рахимов) – Махамбет,
  • М. Әуезов "Айман – Шолпан", "Қарагөз" (реж. Ә. Мәмбетов) – Басыбар, Сырым,
  • М.Байсеркенов "Абылайдың ақырғы күндері" (автор және реж. М. Байсеркенов) – Абылайхан,
  • Ә. Кекілбаев "Абылай хан" – Абылай,
  • Ш. Құсайынов "Үкілі Ыбырай" (реж. Б. Атабаев) – Ақан сері,
  • Қ. Ысқақ пен Шахимарден "Қазақтар" – Жәнібек хан,
  • Шахимарден "Томирис" (реж. Т. әл-Тарази) – Кир патша,
  • М. Омарова "Көмбе нанның дәмі" (реж. А. Кәкішева) – Диуана шал,
  • Р. Тюрин «Ескерткіш» (реж. Ә. Мәмбетов) – Яков,
  • Ш. Айтматов "Ғасырдан да үзақ күн" (реж. Ә. Мәмбетов) – Әбутәліп,
  • И. Сұлтанов, Ұйғын "Әлішер Науаи" (реж. А. Тоқпанов) – Әлішер Науаи,
  • Н. Гоголь "Ревизор" (реж. А. Әшімов) – Хлестаков,
  • Л. Дюрко "Электра – сүйіктім менің" (реж. Р.Сейтметов) – Орест,
  • М. Булгаков "Жендеттер" (аударған: А. Сүлейменов, реж. В. Мажурин) – Людовик ХІV,
  • А.Чехов "Сүйікті менің ағатайым" (ауд. Ә. Кекілбаев реж. Ә. Мәмбетов) – Астров,
  • У.Шекспир "Юлий Цезарь" (реж. Қ. Жетпісбаев) – Брут,
  • Софокл "Эдип патша" (ауд. Х. Ерғалиев, реж. Ә. Мәмбетов) – Эдип,
  • К. Ашир "Қабыл – Адам ата перзенті" (автор және реж. К. Ашир, ауд. М. Ақдәулетұлы) – Адам,
  • М.Әуезов пен Л. Соболев "Абай" (реж. А. Тоқпанов) – Әбдірахман,
  • М. Карім "Ай тұтылған түн" (реж. А. Оңалбаев) – Ақбегет
  • Ш. Айтматов "Бірінші мұғалім" (реж. Р. Шарафутдинова) – Дүйсен,
  • Қ. Мұқашев "Дала дастаны" (реж. Қ. Жетпісбаев) – Бейсенбай,
  • Қ. Мырзалиев "Данышпан" (реж. Р. Сейтметов) – Интеллигент,
  • М. Шаханов "Сенім патшалығы" (реж. Р. Сейтметов) – Ақын,
  • М. Әуезов "Айман-Шолпан" (реж. Ә. Мәмбетов) – Көтібар,
  • Л. Пиранделло "Өгей қыз" (реж. Р. Сейтметов) – театр директоры,
  • Н. Мирошниченко "Айтыс" (реж. А. Пашков) – Ярцев,
  • А. Софронов "Власть" (реж. М. Гершт) – Борис-комсорг,
  • А. Б.Вальехо "Бүгін мейрам, бүгін той" (реж. А.Пашков) – Сильверио,
  • Ш. Құмарова "Кімнің той" (реж. Р. Сейтметов) – Жұмажан,
  • Ж. Ташенов, И.Саввин "Ескерткіш" (реж. Р. Сейтметов) – Әлібек,
  • А. Каплер "Ленин 1918 жылында" (реж. Ә. Мәмбетов) – Ф. Дзержинский,
  • Ш. Айтматов "Ана-Жер Ана" (реж. Ә. Мәмбетов) – Қойшы,
  • Ж. Файзи "Башмағым" (реж. А. Пашков) – 1-іздеуші,
  • Хай Вахит "Махаббаттың әлегі" (реж. А. Пашков) – Баян,
  • Қ. Бекхожин "Ұлан асу" (реж. Ж. Омаров) – Дабачи
  • Қ. Аманжолов "Досымның үйленуі" (реж. Ж. Омаров) – Досым,
  • Қ. Мұқашев "Парторг" (реж. А. Пашков) – Қасым,
  • У. Шекспир "Ричард III" (реж. А. Пашков) – Лорд Стэнли,
  • Ғ. Мүсірепов "Ақан сері – Ақтоқты" (реж. А. Пашков) – Жалмұқан,
  • Д. Исабеков "Әпке" (реж. Б. Омаров) – Қабен,
  • Ғ. Мүсірепов "Амангелді" (реж. А. Әшімов) – Фон Эверсман,
  • Ф. Зрве "Түлкі бикеш" (реж. Ә. Мәмбетов) – Флоридор,
  • Т. Ақтанов "Антында" (реж. Ә. Мәмбетов) – Тевкелев
  • Ә. Нұрпейісов "Қан мен терінде" (реж. Ә. Мәмбетов) – Патша офицері, Еламан, Тәңірберген,
  • С. Мұқанов "Шоқан Уәлиханов" (реж. Ә. Рахимов) – Ф.Достоевский,
  • А. Жағанова "Жан алқым" (реж. Ч. Зұлқашев) – Мұрат
  • И. Шварц "Күл қыз – Күн қызы" (реж. Д. Арынғазиева) – Король,
  • Ф. Шиллер "Генуядағы қастандык" (реж. Ф. Зольтер) – Фиеско,
  • М. Булгаков "Жендеттер" (реж. В.С. Мажурин) – Король Людвик,
  • М. Кәрим "Тастама отты, Прометей" (реж. Н. Жақыпбаев) – Прометей,
  • Ш. Мұртаза "Ай мен Айша" (реж. Т. әл-Тарази) – Мамай,
  • О. Бөкеевтің "Қар қызында" (реж. Ж. Жұманбай) – Қоңқай шал,
  • Ү. Ғаджыбеков "Аршын мал алан" (аударған: Қ. Мұхамеджанов, реж. Т. әл - Тарази) – Сұлтанбек.

Кино өнеріндегі рөлдері

Кино әлемінде де Тұңғышбай Жаманқұловтың рөлдері ерекше бағаланады. Ол көптеген фильмде әртүрлі кейіпкеhді сомдап, қазақстандық киноның дамуына үлкен үлес қосты. Олардың ішіндегі ең үздік рөлдері.

"Отқа оранған Орал", "Қан мен тер", "Жаушы", "Ақырғы асу", "Қаралы сұлу", "Хан Әбілқайыр", "Отырардың күйреуі», "Жас Абай", "Сардар", "Көшпенділер", "Көкбөрі серті", "Гонцы спешат", "Сотқар балалар", "Расплата", "Без видимых причин", "Последний переход", "Дыня", "Красавица в трауре", "Осенние извилистые дороги", "Сестра моя, Люси", "Ее домбры был верен звук", "Человек-олень", «Потерпевшие претензий не имеют", "Конфликт", "Турксиб", "Сказка о прекрасном Айсулу", "Зять из провинции", "Тигр снегов", "Маленький человек в большой войне", "О, рока несчастные дети!", "Намыс", "Абай", "Анаша", "Сардар", "Кочевники", "Час волка", "Аферисты", "Александр. Невская битва", "Заблудившийся", "Урановы тайфун", "Баһадүр", "Жау жүрек мың бала", "Құнанбай", "Тоқал" және т.б. фильмдерде негізгі рөлдерде ойнаған.

"Отырардың күйреуі" фильміндегі Қайырхан рөлі үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1992).

Тұңғышбай Жаманқұлов
Тұңғышбай Жаманқұлов. Фото: kino-teatr.ru

Кинода қырыққа, театрда жет­­піске таяу рөлдерде ойнаған Тұңғышбай Жаманқұлов театр мен кино парқын қалай ажырататынын да айтып берген.

"Осы жылдарда кейіпкерлерімнің ғұмырын кештім, өмірін сүрдім... Театр жақын... Екеуінің арасы алыс емес, бір "ауру", бір "дерт"... Екеуіне де ессіз берілгендік, биік талғам, парасат пен толағай білім керек. Киноактерлердің көбі театрдың талабына, тәртібіне пар келе алмайды, жанды өнер жасай алмайды, көрерменнің алдында жанын жалаңаштап, бүкіл залды соңынан ертіп, ертегіге сендіре алмайды. Олардың кө­рермені – объектив, камера ғана. Олардың көмекшісі, сүйенері техника, қайталап ойнауға дубль деген мүмкіндігі бар. Ал театр актерлерінің ондай мүмкіндігі жоқ, сондықтан жалғыз көмекшісі, сүйенері суреткерлік жүрегі", - дейді өнерпаз.

Оның сөзінше, кинода да сол жүрек, сол білік, сол суреткерлік... Тереңдігің мен жүрегіңнің лүпілін, қызуың мен суы­ғыңды үлкейтіп, көрерменнің көз ал­дына әке­лер техникалық сиқыры бар кино, әй­гі­лілікке тез жеткізеді, мұны мойындау керек.

"Алайда кино – қимылдайтын сурет секілді, ғашығың, көңілдесің сынды. Кино төңірегінде айқай көбейіп кетті... Ақша көп бөлінген соң, балға үймелеген арадай, тәттіден дәмелілердің ішінде суық қолдар сумаңдайды... Бөлінген қаржыдан бөлісу деген дерт бар... Бұл дертке көбіне "сап­таяққа ас құйып, сабынан қарауыл қа­райтын" дөкейлер шалдыққан. Ауыз ти­гізбеген астам продюсер мен режиссер шүмектен қағылады. Амал жоқ, дөкейдің қолын майлайды да, таза өнер кірленіп, өресі мен қуаты арзандаған шала дүние туады", - депті актер сұхбатында.

Тұңғышбай Жаманқұловтың өнері мен өмір жолы – қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан үлкен үлес. Оның сомдаған рөлдері, жеткізген ойлары, көрерменге жеткізген сезімдері мәңгілік есімізде сақталады. Ол қазақтың төл өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты және болашақ ұрпаққа өнерге деген махаббатты, құрметті сіңіруде зор еңбек етті.

Тұңғышбай Жаманқұловтың еңбегі мен таланты арқасында қазақ киносы мен театр өнері әлемдік деңгейде танылды. Оның рөлдері мен өнердегі жетістіктері жас актерлер үшін үлгі болып табылады. Актердің шығармашылық жолы, қазақ мәдениетінің жарқын беттерінің бірі болып қала береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2153494-keiipkerlerimning-gumyryn-keshtim-omirin-surdim-tunggyshbai-zhamanqulov-somdagan-eng-uzdik-rolder/