Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асанәлі Әшімов: тағдырлы актердің сан қилы өмірі

Жарияланған күні:

Асанәлі Әшімов
Актер - Асанәлі Әшімов. Көрнекі сурет: bugin.kz

Асанәлі Әшімов киелі театр сахнасы мен қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар өнер тарланы. Актер сомдаған рөлдері арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленіп, жүрегінен орын ала білді. Бұл мақаламызда көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, "Отан", "Құрмет", "Қазақстанның Еңбек ері" ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов туралы өмірі мен өнер жолы жайды деректер ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Асанәлі Әшімов - көрнекті театр және кино актері, режиссер, Қазақстан мен КСРО Халық әртісі, көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері.
  • Ол 30-дан астам кино рөлін сомдап, театрда көптеген танымал кейіпкерлерді ойнады, сондай-ақ режиссер ретінде бірнеше фильм мен қойылымдар қойды.
  • Асанәлі Әшімовтің жеке өмірі күрделі болды - ол төрт рет үйленді, екі ұлынан айырылды, бірақ өнерге деген құштарлығын жоғалтпады және бірнеше кітап жазды.

Соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалық шақ

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келген. Асанәлінің балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген еді. Жастайынан жоқшылық көріп өскен Асанәлі мектеп табалдырығын 1944 жылы аттады. Ол мектепте жүріп еңбекке ерте араласты. Сол кездің балаларын демалысқа шыға салысымен колхоздың жұмысына салатын. Бидай ору, масақ теру жұмыстары сол балалардың қолымен жасалатын.

Асанәлінің әкесі өмірден ерте өтті. Жеңіске 20 күн қалғанда қаза тапқан әкесі Әшімнің жылуын көрмесе де, үлкен әкесі Ысқақтың аталық мейіріне қанып өсті. Ол кезде анасы небәрі 22 жаста еді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін анасы тұрмысқа шықпаған.

Өнер жолы

sputnik.kz ұсынған мәліметке сүйенсек, Асанәлі Әшімов 1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша оқыған. Оқуды бітірген соң "Қазақфильм" киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.

Ал 1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамына қосылды. Актер театр сахнасында көпке белгілі негізгі рөлдерді сомдады:

  • Мұхтар Әуезовтің "Абай" қойылымында Керім рөлі;
  • "Еңлік-Кебек" қойылымында Кебек рөлі;
  • "Қара қыпшақ Қобыландыда" Айшуақ рөлі;
  • Таңғы жаңғырық" қойылымында Жарасбай;
  • Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" қойылымында Қодар бейнесі;
  • Қалтай Мұхамеджанов пен Шыңғыс Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуінде" Иосиф Татаевич рөлі;
  • Шекспирдің "Юлий Цезарінде" Юлий Цезарь;
  • Фриштің "Дон Жуанның думанында" Дон Жуан;
  • Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Еламанды сомдады.

Кино әлемі

Асанәлі Әшімов қазақ киносында отызға тарта кейіпкерді сомдаған тұлға. Ол студенттік шағынан бастап кино әлеміне араласа бастады. Асанәлі Әшімов қандай фильмдерде ойнаған?

Асанәлі Әшімов кино әлемінде бірнеше рөлді сомдаған:

  • "Ән қанаты" фильмінде Қайменді;
  • "Қыз Жібекте" Бекежанды;
  • "Атаманның ақырында" Қасымхан Шадияровды;
  • "Жазушы" фильмінде Қаражалды;
  • "Нан дәмінде" директор рөлі;
  • "Сіз кімсіз К мырза?" фильмінде басты рөлде ойнады.

Асанәлі Әшімов режиссер ретінде Мұхтар Әуезов театры сахнасында "Амангелді", "Мен ішпеген у бар ма?", "Ақбілек", "Ревизор", "Фархад-Шырын","Қаза мен жаза" және өзге де қойылымдарды қойды. Ал "Қазақфильм" киностудиясында "Аждаһа жылы", "Шоқан Уәлиханов", "Жусан","Қозы Көрпеш–Баян сұлу", "Тұзды көл жағасындағы үй" фильмдерін түсірді.

Асанәлі Әшімовтің қаламынан туған "Майраның әні", "Жан бөлек", "Менің жанрым – күнделік", "Ғұмыр-дария", "Алаштың Асанәлісі" атты кітаптары бар. "Майраның әні" дүниеден өткен жұбайына арналса, "Жан бөлек" кітабы жасындай жарқ еткен қос ұлына арнап жазылған.

Асанәлі Әшімовке берілген марапаттар

1970 жылы "Қазақфильм"киностудиясы "Атаманның ақыры" толық метражды екі бөлімнен құралған көркем фильмін түсірді. Фильмді қойған – кинорежиссер Шәкен Айманов. Операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Еркеғали Рахмадиев. Бұл фильмде Асанәлі Әшімов басты рөлді сомдады.

  • 1972 жылы Асанәлі Әшімов детектив жанрында түсірілген тұңғыш қазақ фильміндегі рөлі үшін Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алды.
  • 1974 жылы "Қан мен тер" спектакліндегі рөлі үшін КСРО мемлекеттік сыйлығын алды.
  • 1976 жылы актерге Қазақ КСР Халық әртісі атағы берілді.
  • 1980 жылы КСРО Халық әртісі атағын алды.
  • 2000 жылы тәуелсіз "Тарлан" сыйлығы ұсынылды.
  • 2001 жылы мемлекеттік "Отан" орденімен марапатталды.
  • 2007 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында "Парасат", "Құрмет" ордендері тарту етілді.
  • 2017 жылы "Қазақстанның Еңбек ері" алтын жұлдызды құрметті атағы берілді.

Отбасы. Тағдыры

Асанәлі Әшімов кинорежиссер Шәкен Аймановтың қызы, опера әншісі Майра Аймановамен студент кездерінде үйленіп, 35 жыл өмір сүрген. Майра Шәкенқызы 1993 жылы дүниеден өтті. Асанәлі Әшімов "Құдай Майраны мен үшін жаратқан" деп үнемі айтады. Екеуінің шаңырағында Мәди мен Сағи есімді екі ұл дүниеге келді.

Сәулетші ұлы Мәди Асанәліұлының ғұмыры қысқа болды, ол 1959-1999 жылдары өмір сүрді.

Ал Сағи Асанәліұлы ел есінде төрт сериялы "Шоқан Уәлиханов" фильміндегі Шоқан бейнесімен қалды. Ол 1999 жылы 38 жасында өмірден өтті.

Алтындарым-ай! Жүрегімді жұлып әкетіп, жастанып жүр ме екенсіңдер. “Адам ит жанды” деген рас, сірә. Ес жиярымыз, бейопа өмір өзі билігіне масаттанып жалғаса берер. Енді қанша өмір сүремін, ол жағын кім білген, пешенемізге жазғанын тағы да көріп алармыз. Бірақ маған өлім енді қорқынышты емес, астамшылықтан айтқандай болмайын, соның өзін жеңгендей халдемін. “Хас өнер қасіреттен де туады” деуші еді бір дана. Бәлкім, осы бір сөзде шындық барын тіршілікте сезе бермейтін шығар кісі баласы. Әйтеуір, күнделік жазсам көңілім тазарып, жанымның шөліркеген, күздің күніндей сұр бұлт қаптаған кеңістігіне бір түйір тамшы тамғандай жеңілдеп қаламын.

Актердің екінші жарының есімі – Гүлсім. Асанәлі Әшімовтің бірінші жары Майра Айманова дүниеден өткен соң екеуі шаңырақ құрған, алайда некесі ұзаққа созылған жоқ. Бұл жұптан 1980 жылы туған Олжас есімді ұлы бар.

Актердің үшінші жарының есімі – Маржан. 1999 жылы екеуінің Сағина есімді қызы дүниеге келді. Екі жылдан кейін олар ажырасып кетті.

Асанәлі Әшімовтің төртінші жарының есімі – Бағдат. Ол – актерді емдеген дәрігер болатын. Актер өзінен 34 жас кіші жұбайымен 2002 жылы шаңырақ көтерді, 2008 жылы актердің 70 жасында Асанәлі есімді ұл бала дүниеге келді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2154909-asanali-ashimov-tagdyrly-akterding-san-qily-omiri/