Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақтың бес арысы: ел тарихында шешуші рөл атқарған тұлғалар

Жарияланған күні:

Ескі қағаздар
Сарғайған қағаздар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақтың бес арысының ұлт тарихында алатын орны биікте. Олардың бірі қазақтың тұңғыш романын жазса, бірі қазақ әліпбиін жасап шығарды. Олар ел-жұрты үшін аянбай еңбек етті. Өмірі қыл үстінде тұрса да, қазақтың рухын оятып, намысты ту етті. Бұл мақаламызда қазақтың бес арысы - Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов және Міржақып Дулатұлы туралы деректер ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақалада қазақтың бес арысы - Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов және Міржақып Дулатұлы туралы айтылады.
  • Бұл тұлғалар қазақ халқының рухани дамуына, білім алуына, әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан.
  • Олар қазақ тілін, әдебиетін, тарихын зерттеп, оқулықтар жазып, газет-журналдар шығарып, халықты ағартуға бар күш-жігерін жұмсаған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 13 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. 1931 жылы өмірден өткен.

Ақын әрі жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлы араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білген.

Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектері:

  • "Өмір";
  • "Сәнқойлар";
  • "Ызақорлар";
  • "Құмарлық";
  • "Қалжыңбас";
  • "Тойымсыз нәпсі сияқты дидакалық өлең-жырларында боямалы ажарлы, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады.

Шәкәрім Құдайбердіұлын философ, тарихшы, ойшыл ретінде танытқан "Үш анық", "Мұсылмандық шарты" туындылары болса керек. Сонымен қатар "Жолсыз жаза", "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек", "Нартайлақ-Айсұлу" сынды жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан.

Шәкәрім поэмалары ғашықтық тақырыбында болғанымен, өзінің әлеуметтік, философиялық терең астарымен ерекшеленеді. Ақынның өлеңдерінен "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек", "Жастық туралы", "Анадан алғаш туғанымда" сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туған. Шәкіәрім Құдайбердіұлы көркем проза бойынша шағын әңгімелер, "Әділ-Мария" деп аталатын роман жазған. Оған қоса Шығыс ақыны Физулидің шығармасы негізінде "Ләйлі-Мәжнүн" дастанын жазған, орыс ақыны А. С.Пушкиннің "Дубровский", "Боран" атты шығармаларын өз өрнегімен аударып шыққан. Хафиз, Физули, А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп "Анық асық әулие", "Шын сырым" шығармаларын жазды. Адамгершілік пен өнер-білімді "Жастарға" туындысы арқылы жеткізді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1905 жылы қажылық сапарға аттанды. Меккеге барған бұл сапарында ақын көкейінде жүрген арманын жүзеге асырды. Стамбұл, Париж кітапханаларынан халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Жинаған мәліметтері негізінде 1911 жылы "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі" кітабын, дінді халыққа түсіндіру мақсатында "Мұсылмандық шарты" деген еңбек жазды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1988 жылы ресми түрде ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды. Сол жылы "Жазушы" және "Жалын" баспаларынан ақынның өлеңдері, ал "Өнер" баспасынан ән жинақтары жарық көрді.

Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы

Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы, қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылында дүниеге келген.

Ахмет Байтұрсынұлы 1882-1884 жылдары ауыл мектебінде оқыған. 1890 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесін, 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген.

  • 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарды.
  • 1909 жылы патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне қамалып, 1910 жылы жер аударылды.
  • 1913 жылы Орынборда "Қазақ" газетін шығарып, 1917 жылдың аяғына дейін басылым редакторы болды.

Патша үкіметі құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалыс күшейген еді. Ұлт ұстазы 1918-1919 жылдары Алашорда қатарында болды.

  • 1919 жылдың маусымында Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалды.
  • 1922-1925 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы "Ақ жол" газетінде қызметкер болып еңбек етті.
  • 1925-1929 жылдары Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болып жұмыс істеді.
  • 1929 жылдың маусымында қамауға алынып, Архангельск облысына жер аударылды, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934 жылы Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы) қолдаухатымен Ахмет Байтұрсынұлы абақтыдан босатылған. Сол кезде отбасымен бірге Алматыға қайта оралған.

1937 жылы қазан айында Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынды. Екі айдан соң, 8 желтоқсанда "Халық жауы" деген жаламен атылған.

Ахмет Байтұрсынұлы - аса көрнекті ғалым, ақын, түркітанушы, көрсемсөзші, ағартушы, аудармашы-ұстаз, қоғам қайраткері, публицист-журналист, этнограф, фольклорист, композитор әрі орындаушы, қазақ тілі білімі, әліпбиі, баспасөзі және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы, қазақ әліппесін (төте жазу) жасаушы, алғашқы оқу құралын жазған тұлға.

Ахмет Байтұрсынұлы халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, жарыққа шығаруға зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі ретінде "Қазақ" газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан "Қазақтың бас ақыны" атты көлемді мақаласын айтуға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірі мен шығармаларының терең мазмұны, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы құнды пікірлер айтылған.

Ұлт ұстазы халық ауыз әдебиетінде сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп жинақтап, 1926 жылы "23 жоқтау" деген атпен жеке кітап етіп шығарды.

Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөнінде көлемді "Әдебиет танытқыш" еңбегін жарыққа шығарды. Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты мен сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлар, жаңа терминдер жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар бар.

Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері:

  • "Қырық мысал" (мысалдар жинағы, Петербург, 1909 жыл);
  • "Маса"(өлеңдер жинағы, Орынбор, 1911 жыл);
  • "Тіл құрал", 3 бөлімнен тұратын еңбегі, (Орынбор, 1924 жыл);
  • "Әдебиет танытқыш" (Ташкент, 1926 жыл);
  • "Баяншы" (Методикалық жазбалар, Қазан, 1920 жыл);
  • "Тіл жұмсар" (2 бөлімнен тұрады);
  • "Оқу құралы" (Балалар әліппесі);
  • "Әліппе" (Орынбор, 1912 жыл);
  • "Сауаташқыш" (Ересектер әліппесі, Орынбор, 1914 жыл);
  • "Әліппе-астар" (Әліппеге методикалық нұсқау);
  • "Оқу құрал" (Хрестоматия);
  • "Ер Сайын" жыры (Мәскеу 1923 жыл);
  • "23 жоқтау" (Мәскеу, 1926 жыл).
Мұхтар Әуезов: Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – "Қырық мысал", "Маса", "Қазақ" газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.

Міржақып Дулатұлы

Міржақып Дулатұлы – 1885-1935 жылдары өмір сүрген қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын,жазушы, жалынды көсемсөз шебері. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Сарықопа өзенінің бірінші ауылы (қaзipгi Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты "Қызбел" ауылы).

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленген. Асқар Міржақыптың оқып, білімді азамат болып өссе екен деген әке арманын орындау үшін інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына көңіл бөледі.

Білімге құштар Міржақып дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. Осылайша сайын далада алаңсыз мал бағып тіршілік кешіп жүрген бейқам халқын:

"Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты!" - деп өлеңімен оятып, білімге, ел үшін пайдалы іс жасауға шақырады. Ол халықтың түнек секілді қараңғылықтан шығуының бір жолы - білім екенін айтып, "Оян, қазақ!" деп ұрандатты. Міржақыптың рухты жыры халықтың көзін ашуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын шарлаған еді.

Міржақып Дулатұлының еңбектері:

  • "Оян, қазақ" өлеңдер жинағы (Уфа, 1909 жыл);
  • "Азамат" өлеңдер жинағы (Қазан, 1913 жыл);
  • "Терме" өлеңдер жинағы (Орынбор, 1915 жыл);
  • "Бақытсыз Жамал" романы (Қазан, 1910 жыл);
  • "Оқу құралы" оқу кітабы (Орынбор, 1924 жыл);
  • "Қирағат" (оқулық);
  • "Балқия" (пьеса).

Міржақып Дулатұлының публицистикалық жазбалары, өлеңдері, "Бақытсыз Жамал" романы мен газет-журналдардағы шағын мақаласына дейін халық мүддесіне арналды. Ол Ахмет ағасы сияқты жастардың тәрбиесіне алаңдап, көп еңбектенді.

Жүсіпбек Аймауытов

Жүсіпбек Аймауытов – 1890-1931 жылдары өмір сүрген қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, прозашы, ақын, драматург, аудармашы, ғалым, журналист, педагог-ұстаз, жазушы, сыншы, әнші, музыкант.

Туған жері – Павлодар облысының, Баянауыл ауданына қарасты қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы (бұрынғы Семей губерниясы, Кереку уезі, Қызылтау болысының бірінші ауылы).

Жүсіпбек жастайынан арабша хат таныған. 1907 жылдан бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектепте, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Бір жағынан бала оқытып, білім берген.

  • Жүсіпбек Аймауытов 1911-1914 жылдары ауылда мұғалім болып еңбек етті.
  • 1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданып, 1918 жылы аяқтап шығады.

Одан әрі алашордашылардың істеріне араласып, Семейде "Абай" журналын шығаруға атсалысады, Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен танысады.

  • 1920 жылы Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады.
  • 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, "Қазақ тілі" газетінің редакторы болды.
  • 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі;
  • 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын "Ақ жол" газетінің бөлім меңгерушісі;
  • 1926-1929жылдары Шымкент педагогикалық техникумының директоры қызметтерін атқарды.

1929 жылы басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.

Еңбектері:

  • "Қартқожа" романы (Қызылорда, 1926 жыл);
  • "Ақбілек" романы ("Әйел тендігі" журналының 1-саны, 1928 жыл);
  • "Күнікейдің жазығы" повесі ("Жаңа әдебиет" журналының 1-саны, 1928 жыл);
  • "Комплекспен оқыту жолдары" (мұғалімдерге арналған көмекші құрал, Қызылорда, 1929 жыл);
  • "Тәрбиеге жетекші" кітабы (Орынбор, 1924 жыл);
  • "Психология" оқулығы (Қызылорда, 1926 жыл);
  • "Жан жүйесі және өнер таңдау" зерттеу еңбегі (Мәскеу, 1926 жыл);
  • "Рабиға" пьесасы (Орынбор, 1922 жыл);
  • "Сылаң қыз" пьесасы (Орынбор, 1922 жыл);
  • "Мансапқорлық" пьесасы (Мәскеу, 1925 жыл);
  • "Ел қорғаны" пьесасы (Ташкент, 1925 жыл);
  • "Қанапия-Шәрбану" пьесасы (Ташкент, 1925 жыл);
  • "Шернияз" пьесасы (Мәскеу, 1925 жыл);
  • "Терме" жинағы (Ташкент, 1925 жыл);
  • "Тау еліндегі оқиға" аударма роман (Ташкент, 1925 жыл).
Жүсіпбек Аймауытов
Алаш ардақтысы - Жүсіпбек Аймауытов. Көрнекі сурет: baigenews.kz

Мағжан Жұмабаев

Мағжан Жұмабаев 1893-1938 жылдары өмір сүрген қазақ өлеңінің дүлдүлі, лирик, эпик ақын. Ол бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Плуденовский болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданының "Молодежный" совхозы орналасқан жер) дүниеге келген.

Сол замандағы дәстүр бойынша Мағжан ең алдымен ауыл молдасынан сабақ алған. Одан кейін әкесі Бекен Мағжанды Кызылжардағы Бегішов медресесіне оқуға береді. Мұсылмандық орташа дәрәжелі білім беретін бұл медресені бес жылдай оқып бітірген Мағжан 1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы "Ғалия" медресесінде білім алады. Онда жүріп "Садақ" журналын шығаруға қатысады, өлеңдерін жариялайды. Абайдың өлеңдер жинағымен танысып, татардың ақын-жазушылармен дос болады. Сондай-ақ араб, парсы, түрік тілдерін үйренуді жалғыстырады. Оған қоса орыс тілінен сабақ алады.

1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны оқып, үздік бітіреді. Омбыда оқып жүрген кезінде сондағы жастармен бірігіп "Бірлік" әдеби үйірмесін құрады. Онда "Балапан" деп аталатын қолжазба әдеби журналын редакциялады.

  • 1917-1923 жылдары "Бостандық туы", "Ақжол" газеттерінде және "Шолпан" журналында жұмыс істеп, халық ағарту жұмысына белсене араласты.
  • 1923-1926 жылдар аралығында Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқыды.
  • 1927-1929 жылдары Бурабайда, одан кейін Петропавлда мұғалім болып қызмет атқарды.
Мағжан Жұмабаев
Ақын - Мағжан Жұмабаев. Көрнекі сурет: el.kz

Мағжан Жұмабаевтың еңбектері:

  • "Шолпан" өлеңдер кітабы (Қазан, 1915 жыл);
  • "Өлеңдер жинағы" кітабы (Ташкент, 1923 жыл);
  • "Педагогика" (1923 жыл);
  • "Батыр Баян" поэмасы ("Шолпан" журналы, Қазан, 1922 жыл);
  • "Қойлыбайдың қобызы" поэмасы ("Еңбекші қазақ" газеті, 1927 жыл);
  • "Қорқыт" поэмасы.

Мағжан Жұмабаев 1929 жылы "Алқа" атты жасырын ұйым құрды деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандыққа шығады. Қазақстанға қайтқан соң Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты айыппен мұғалімдік қызметтен босатады.

Мағжан Жұмабаев 1937 жылдың наурызында Алматыға келіп, аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, 19 наурызда ату жазасына кесілді

Қазақтың бес арысы атанған тұлғалар халықтың әдет-ғұрпын сақтауға, елі мен жерін сүйетін білімді ұрпақ тәрбиелеуге күш салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2156064-qazaqtyng-bes-arysy-el-tarihynda-sheshushi-rol-atqargan-tulgalar/