Сүлеймен сұлтан: әйгілі Осман империясының билеушісі туралы қызық деректер
Жарияланған күні:
Сұлтан Сүлеймен билеуші болған тұста Осман империясы әлемдегі ең қуатты мемлекеттердің біріне айналды. Оның реформалары мен жаулап алу әдістері империяның ұзақ уақыт бойы гүлденіп тұруына ықпал етті. Сүлеймен сұлтанның есімі тарихта ұлы реформатор, жауынгер және білікті басшы ретінде қалды. Бұл мақаламызда әйгілі билеуші Сүлеймен сұлтан туралы қызық ақпараттар ұсынамыз.
- Сұлтан Сүлеймен (1494-1566) - Осман империясының ең ұлы билеушілерінің бірі, ол 1520-1566 жылдар аралығында билік етіп, империяны саяси, әскери және мәдени тұрғыдан күшейтті.
- Сүлейменнің әскери жеңістері империяның аумағын кеңейтті - ол Венгрияны жаулап алды, Австрияға қарсы соғыс жүргізді және Жерорта теңізіндегі флотты нығайтты.
- Сүлеймен "Кануни" (Заң шығарушы) атанып, заңдар мен әкімшілік жүйені реформалады, сонымен қатар мәдениет пен өнерді қолдап, әйгілі сәулетші Мимар Синанның жобаларын жүзеге асырды.
Сұлтан Сүлейменның жастық шағы, таққа отыруы
Сұлтан Сүлеймен (толық аты Сүлеймен Кануни) 1494-1566 жылдары өмір сүрген Осман империясының ең ұлы және ықпалды сұлтандарының бірі болып табылады. Ол 1520 жылдан бастап 1566 жылға дейін Осман империясын басқарды және оның билігі империяның ең гүлденген әрі мықты кезеңіне сәйкес келеді. Сүлейменнің басқару кезі Осман империясының Алтын дәуірі деп аталып, ол елге саяси, әскери және мәдени жағынан үлкен жетістіктер әкелді.
Сүлеймен 1494 жылы Трабзонда Осман сұлтаны Селім І отбасында дүниеге келген. Оның тәрбиесіне және білім алуына үлкен мән берілді, жас Сүлеймен араб және парсы тілдерін жетік меңгерді, философия мен әдебиетті зерттеді.
15 жасында Сүлеймен Осман империясының бір провинциясында әкімшілік жұмыспен айналысқысы келетінін мәлімдеді. Сұлтан Баязид II оған Қырымдағы Кефені (Феодосиядағы бекініс) басқаруды сеніп тапсырды. Сүлейман сол жерде 1512 жылға дейін үш жыл бойы билеушінің өкілі болды. 1512 жылы оның әкесі Селім I сұлтан атанды. Селімнің тұсында Сүлеймен Анадолыдағы Маниса атты ірі провинцияны басқарды. Жас жігіт бұл провинцияны сегіз жыл басқарып, өзін байсалды әрі сенімді басшы ретінде көрсетті. Сондықтан әкесінің қайтыс болғаннан кейін Сүлейман сұлтан атағына лайықты мұрагер болды.
Саяси және әскери жетістіктері, ішкі реформалары
Түрік тіліндегі bizimtarih.com сайтында Сүлеймен І сұлтанның жорықтары туралы мынадай ақпараттар берілген:
Сүлеймен сұлтан империяны саяси жағынан күшейтіп, шекарасын едәуір кеңейтті. 1526 жылы 80 мыңдық түрік әскері 300 зеңбірекпен Венгрияға қайта басып кірген еді. Оларға Венгрия королі Лайош II басқарған 25-30 мыңдық венгр әскері қарсы тұрды, олардың бар болғаны 80 зеңбірегі ғана болды.
Венгрияға жорық жасамас бұрын, Сүлеймен патша соғыста бейтарап болу туралы келісімшарт жасап, венгрлерге көмекке польша әскерінің келуін қамтамасыз етті.
Үш жылдан кейін, түрік-осман билеушісі Габсбургтер әулетінің Австрия империясына қарсы үлкен соғысты бастады. Сүлейменнің әскері 27 қыркүйектен 14 қазанға дейін Венаны қоршауға алды. Австриялық гарнизон түрік ауыр артиллериясының барлық бомбалауларын батылдықпен шыдап, барлық шабуылдарды сәтті тойтарды. Граф де Сальма қоршаудағылар үшін үлгі болды. Австриялықтарға көмектескен тағы бір жағдай олардың астанасында азық-түлік пен оқ-дәрілердің жеткілікті қорлары болды. Түріктер үшін мықты бекінген қаланы басып алу талпынысы толық сәтсіздікпен аяқталып, үлкен шығындарға әкелді.
Содан кейін Сүлеймен I қолбасшыларына Венаны қоршаудан алып, шаршаған әскерді Дунайдан кейінге қайтаруды бұйырды. Османлы Австриямен соғыста толық жеңіске жете алмаса да, бейбіт келісім арқылы Венгрияға құқығын растады. Осылайша Осман империясының шекаралары Балқаннан әрі кеңейе түсті.
1540-1547 жылдар аралығында Сүлеймен сұлтан Австрия империясына қарсы тағы бір соғыс бастады, бірақ бұл жолы Француз королдігімен одақтасты. Австрияның негізгі күштері Солтүстік Италия мен Францияның шығыс шекарасындағы әскери іс-қимылдармен айналысып жатқанда түріктер сәтті шабуылдар жасады. Олар Батыс Венгрияға басып кіріп, 1541 жылы Буданы, ал екі жылдан кейін Эстергомды жаулап алды.
1547 жылдың маусымында соғысушы тараптар Адрианополь бейбіт келісіміне қол қойып, Венгрияның бөлінуін және оның мемлекеттік тәуелсіздігінің жоғалуын растады. Венгрияның батыс және солтүстік бөлігі Австрияға өтті, ал орталық бөлігі Осман империясының виләйетіне айналды. Шығыс Венгрияның билеушілері — князь Янош Запольяидің жесірі мен ұлы — Осман сұлтанға тәуелді болды.
Сүлеймен сұлтан билік құрған кезде Еуропа, Азия және Африкадағы көптеген аймақты басып алды. Оның ең маңызды әскери жорықтарының бірі 1526 жылғы Мохач шайқасы болып саналады, онда ол Венгрия корольдігін жеңіп, Орталық Еуропадағы Осман үстемдігін нығайтты. Сонымен қатар Сүлейменнің әскери флоты Жерорта теңізінде үлкен ықпалға ие болды, бұл Осман империясының теңіздегі қуатын арттырды.
Сүлеймен өзінің билігі кезінде заңдар мен әкімшілік жүйені реформалап, әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған көптеген шаралар қабылдады. Осы себепті оған "Кануни" деген лақап ат берілді, бұл "Заң шығарушы" дегенді білдіреді. Ол жергілікті басқару құрылымын жетілдіріп, империяның экономикасын нығайтты, сауда-саттық пен ауыл шаруашылығын дамытты.
Мәдениет пен өнердің дамуы
Сүлейменнің билігі кезінде мәдениет пен өнер ерекше гүлденді. Ол әдебиет пен поэзияға қызығушылық танытып, өзі де "Мұхибби" деген бүркеншік атпен өлеңдер жазған. Оның патшалығы кезінде сәулет өнері де дамыды, әйгілі сәулетші Синан Сүлейменнің бұйрығымен көптеген мешіт, сарайлар мен қоғамдық ғимараттарды салды. Стамбұлдағы Сүлеймание мешіті сол кезеңнің ең көрнекті ескерткіштерінің бірі болып есептеледі.
Сүлеймен сұлтанның отбасы. Сарайдағы өмір
Сүлеймен патшаның сарайдағы күнделікті өмірі таңнан кешке дейін егжей-тегжейлі ойластырылған салттардан тұратын. Мұны француз корольдерінің Версальдағы жоралғыларымен салыстыруға болады. Таңертең сұлтан төсегінен тұрған кезде оны тек жақын қызметкерлері киіндіретін. Оған бір рет қана киілетін сыртқы киім кигізілетін, оның бір қалтасына жиырма алтын дукат, ал екінші қалтасына мың күміс монета салынатын. Күн соңында киім де, бөлінбеген монеталар да төсек жинаушыға "шайпұл" ретінде берілетін.
Күні бойы үш рет тамақтану үшін оған ас-суын ұзыннан-ұзақ жалғасқан паж шеруі алып келетін. Сұлтан жалғыз отырып, күміс үстелге қойылған жоғары сапалы фарфор және күміс ыдыстардан тамақтанатын. Сусын ретінде тәтті және хош иістендірілген су (кейде шарап) ұсынылатын. Оның жанында әрдайым дәрігер тұрып, сұлтанды уланудан қорғау үшін сақтық шараларын жасайтын.
Сүлейменнің әйелі Хюррем Сұлтан (батыста Роксолана атымен танымал) үлкен ықпалға ие болды. Олардың балаларының арасында Селім II тақ мұрагері болды, ол әкесінің өлімінен кейін Осман империясының билеушісі болып тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2162017-suleimen-sultan-aigili-osman-imperiiasynyng-bileushisi-turaly-qyzyq-derekter/