Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұстаздар күнінде мұғалімдерді таң қалдыру үшін не істеуге болады: креативті 10 идея

Жарияланған күні:

Себеттегі гүл
Себетке салынған гүл. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ұстаздар күні – бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жандарға алғыс айтып, құрмет көрсететін айтулы мереке. Ұстаздарға арнап ерекше тосынсый дайындаңыз. Ол үшін сізді шабыттандыратын 10 креативті идея ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Ұстаздар күніне арналған шығармашылық идеялар ұсынылып отыр, оның ішінде бейнеқұттықтау жасау, арнайы фото аймақ ұйымдастыру және ерекше гүл шоқтарын дайындау бар.
  • Мұғалімдерді таңғалдыру үшін флешмоб ұйымдастыру, оқушылардың сабақ беруі және педагогтарға арналған "Оскар" рәсімін өткізу сияқты қызықты іс-шаралар ұсынылады.
  • Сонымен қатар, мұғалімдерге арнап ашық ауада серуен ұйымдастыру, мерекелік торт дайындау, естелік кітап жасау және шығармашылық концерт өткізу идеялары берілген.

Бейнеқұттықтау

Әрбір оқушы мұғалімге арналған мерекелік бейнеқұттықтау жасай алады. Мына идеялардың бірін қолданыңыз:

  • Сұхбат ұйымдастырыңыз, онда әр оқушы мұғалімін не үшін бағалайтынын немесе сабақта есте қалған сәттерді айтып берсе болады.
  • Ұстазға алғыс білдіріңіз.
  • Мектеп тақырыбын әзіл ретінде ойнатыңыз.
  • Арнайы бағдарламалар арқылы слайд-шоу жасап, оған фондық музыка және оқушылар айтқан құттықтау сөздерді қосыңыз.

Жылы сөздерден тұратын қызықты сценарий жазыңыз. Ең бастысы видео шынайы болуы керек. Мұғалім мұндай бейнеқұттықтауды кез келген уақытта қайта қарап, қуанады.

Ер балалар
Сабаққа дайындалып отырған оқушылар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мерекеге арналған фото-аймақ

Мұғалімдер күніне орай есте қаларлық жарқын суреттер түсіру үшін мерекелік фото-аймақ жасаңыз. Мектепте оқушылар мен мұғалімдерге ыңғайлы кең және жарық жер табыңыз. Toast Entertainment ивент-компаниясының мамандары фото-аймақты жеке стильде жасауға болатынын айтады. Мысалы мектеп логотипі, шараның тақырыбына сәйкес келетін фон мен түстерді қолдануға болады.

Фотосуреттер үшін көңілді әрі ыңғайлы реквизиттер дайындаңыз. Оларға кітаптар, күлкілі жазбалар немесе мектеп құралдарын қолдануға болады. Сондай-ақ шараға байланысты хэштег ойлап тауып, оны фото-аймаққа орналастырыңыз.

Ерекше гүл шоғы

Ұстаздарды тек гүл шоғымен ғана құттықтағыңыз келмесе, мына идеяны іске асырып көріңіз. Кәдімгі гүл шоғын кеңсе құралдарынан жасалған композициямен алмастыруға болады. Гүлдердің орнына түрлі-түсті маркерлер, қарындаштар, қаламдар, сызғыштарды қосуға болады. Сонымен қатар кітаптар мен дәптерлерден жасалған композиция да ерекше сыйлық болады. Сыйлықты ерекше етіп жасаңыз. Мысалы блокнотқа әдемі нақышпен жазып немесе баспаханаға барып дәптер мұқабасына арнайы дизайн таңдап тапсырыс беруге болады.

Кітапты алтын түспен бедерлеп, естелік жазуды ойластырыңыз. Ерекше гүл шоғын жасап, оған шай, кофе, кәмпиттер қосып, декоративті қасықтар және мұғалімнің портреті бар немесе оқушылардың тілектерімен жасалған жеке шыныаяқ ұсынуды қарастырыңыз. Мұндай креативті сыйлық мұғалімге жағымды эмоциялар сыйлап, ерекше маңызға ие болады.

Флешмоб

Жақсы дайындалған флешмоб ұстаздар күніне арналған күтпеген әрі жарқын оқиға болатыны сөзсіз. Флешмоб мұғалімдерге де, оқушыларға да жағымды эмоциялар сыйлайды. Оқушылар музыкалық немесе би нөмірін дайындаса болады. Әдетте флешмобты күтпеген жерде билейді, бірақ ол алдын ала жоспарланып, ұйымдастырылуы керек. String Ovation музыкалық басылымы дайындық жасауға кеңес береді. Флешмобтың әрбір бөлігін мұқият жоспарлап, оқушылардың орналасу схемасын және қимыл-қозғалысты үйреніп алу үшін жаттығу керек. Флешмобты дайындауға барынша күш салыңыз, сапалы дайындық қойылымның әсерлі шығуына септігін тигізеді.

Оқушылар сабақ береді

Оқушының мұғалім рөлін ойнауы – қызықты идея, мұнда бір күнге мұғалімдер мен оқушылар орын ауыстырып, сабақты ерекше форматта өткізеді. Сабақтың өту барысын жеңілдету үшін оқушылар топқа бөлініп, әр топ сабақтың белгілі бір бөлігін дайындауға жауапты болады.

Викторина, шеберлік сабағы немесе түрлі интерактивті ойындар ұйымдастыруға болады. Мұғалімдердің белсенді қатысуы өте маңызды. Мұндай сабақ өткізу барлық қатысушылар үшін танымдық тәжірибе болмақ. Балама идея ретінде жоғары сынып оқушыларының кіші сынып оқушыларына сабақ беруін ұйымдастыруға болады, әрине мұның барлығы мұғалімнің рұқсатымен болуға тиіс.

Мұғалім мен оқушылар
Сыныпта сабақ өтіп жатқан мұғалім мен оқушылар. Көрнекіс сурет: pixabay.com

Педагогтарға арналған "Оскар"

Мұғалімдерге арналған мерекелік іс-шара ұйымдастыру олардың жетістіктерін атап өтіп, еңбектері үшін алғыс білдіруге мүмкіндік береді. Мұғалімдерді түрлі номинация бойынша марапаттайтын салтанатты "Оскар" рәсімін жоғары сынып оқушыларына сеніп тапсыруға болады. Алайда дайындық пен іс-шараны өткізуге барлық жастағы оқушы қатыса алады.

Ерекше номинациялар әрбір мұғалімнің кәсібилігі мен бірегейлігін көрсетуі керек. Іс-шара атмосферасын сезіну үшін мұғалімдер жүріп өтетін қызыл кілем дайындаңыз. Мұғалім өзін шынайы жұлдыз секілді сезінуі үшін оқушылардан сұхбат алып, естелік фотосуреттер түсіретін топ ұйымдастырыңыз.

Ауладағы серуен

Mom Junction ата-аналарға арналған ресурсы мұғалімдер күніне орай оларға пикник ұйымдастыруды ұсынады. Ата-аналар ұжымы мектеп әкімшілігінің рұқсатымен ауа райы қолайлы болса, ашық аспан астында мерекелік іс-шара ұйымдастыруға көмектесе алады. Мектеп ауласындағы әдемі жерді таңдап, мұғалімдерге демалыс ұйымдастыруға болады. Далада өткен шарада дастарқан жайып, шай іше аласыздар. Демалыс аймағын әсем етіп безендіріңіз: құттықтау плакаттары, әуе шарлары және басқа да сәндік элементтерді қолданыңыз. Мерекелік көңіл-күйді жасау үшін баяу музыка қосып қойыңыз.

Мерекеге арналған піспенан

FNP сыйлықтар қызметінің блогы бірде-бір мереке тәттісіз өтпейді, мұғалімдер күні де піспенан сыйлауға болады деп жазады. Дәмді тіскебасар гүл шоғын алмастыратын немесе оны толықтыратын жақсы балама бола алады.

Тәтті торт
Бетіне жеміс-жидек қойылған торт. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мұғалімдер күніне арналған арнайы тортқа тапсырыс беріңіз. Мұғалімге немесе мектепке байланысты тақырыпта арнайы тортқа тапсырыс беруге болады. Мерекелік тіскебасар ретінде капкейктер немесе трайфл тәтті нанын таңдауға болады. Тіскебасарлар әсіресе мұғаліммен бірлесіп шай ішуді жоспарлағанда немесе бүкіл сыныпты қуанту үшін жақсы нұсқа. Бұл тәттілер мерекелік серуен кезінде де өте қолайлы.

Естелік кітап

Мұғалімге алғыс білдіріп, мектеп өміріндегі жылы сәттерді сақтау үшін естелік кітап сыйлауға болады. Мұндай сыйлық сынып жетекшісіне арналады. Оқушылар мұғалімге қысқа тілектер немесе мектеп өміріндегі қызықты оқиғаларды жазып, оларды сабақтардан, мектеп шараларынан, экскурсиялар мен мерекелерден алынған фотосуреттермен толықтыра алады. Кітапты фоторедакторда жасап, оны баспаханада басып шығаруға немесе қолмен жасауға болады. Кітапқа оқушылар жасаған суреттер мен коллаждарды да қоса аласыз.

Шығармашылық концерт

Әрбір мектепте ән айтатын, музыкалық аспаптарда ойнайтын, өлең оқитын, театр қойылымдарына қатысатын оқушылар бар. Олардың көмегімен концерттік бағдарламаны ерекше әсерлі етіп дайындауға болады. Іс-шараның форматын анықтап алыңыз, бұл бірнеше нөмірден тұратын толыққанды шоу бола ма немесе оқушылардың өнері мен қысқа құттықтаулардан тұратын бейресми бағдарлама ма, соны анықтап алыңыз.

Микрофон мен аппарат
Микрофон және музыкалық құрылғы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Концерттің есте қаларлықтай болуы үшін бірнеше оқушының өнер көрсеткені дұрыс: топтық және жеке би қойылымдары, вокал, театрландырылған көріністер. Бағдарламаға мұғалімдерді де қатыстыруға болады, мысалы, олар оқушылармен бірге ән айтып немесе әзіл-сықақ қойылымдарында ойнай алады.

Біз ұсынған идеялар ұстаздар күнінде ұмытылмас жарқын эмоциялар сыйлайды. Ұстаздар мейрамына арналған түрлі іс-шараны ұйымдастыру мерекені бейресми жағдайда атап өтудің тамаша тәсілі болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2169457-ustazdar-kuninde-mugalimderdi-tang-qaldyru-ushin-ne-isteuge-bolady-kreativti-10-ideia/