Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Адуынды жырларымен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген айтыскерлер

Жарияланған күні:

Домбырада ойнау
Домьыра тартып отырған адамның қолы. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Айтыс – қазақ халқының рухани байлығы, ұлттық өнердің айнасы. Айтыс – халықтың жүрегіне жақын, тарихы мен мәдениетін сақтап қалған ерекше өнер. Бұл мақаламызда Кеңес дәуіріндегі айтыс өнері мен халықтың қошеметіне бөленген ақындар жайлы деректер ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақалада Кеңес дәуіріндегі айтыс өнерінің дамуы мен оның қоғамдық маңызы туралы баяндалады.
  • ХХ ғасыр басында айтыс өнері отаршылдық саясаттың әсерінен өзгеріске ұшырап, кеңестік идеологияны насихаттау құралына айналғаны айтылады.
  • Ұлы Отан соғысы жылдарында айтыс өнері патриоттық сезімді оятуға бағытталып, соғыстан кейінгі кезеңде де оның қоғамдық маңызы жоғары болғаны туралы мәлімет беріледі.

Кеңес дәуіріндегі айтыс өнері. ХХ ғасырдың басы

ХХ ғасыр қазақ халқы үшін түрлі саяси оқиғалар мен тарихи өзгеріске толы кезең болды. ХХ ғасыр басындағы қазақ халқы геосаяси тұрғыдан толығымен Ресей империясының отаршылдығына тәуелді ел ретінде саналды. Жартылай отаршылдыққа көше бастаған көшпелі халықтың салт-дәстүрі мен өнерінде, мәдениетінде қоғамның жағдайына байланысты уақыт бедерінің жаңа сипаттары бой көрсете бастады. Кеңес кезеңіндегі айтыс өнерінің ахуалы туралы Камашке Асановтың "Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты" кітабында мынадай мәлімет ұсынылған:

Жыраулық, шешендік үлгіден нәр алып, қаймағы бұзылмай келген халық өнеріне ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, отаршылдық саясаттың салқын сызаты түсті. Бұл жағдай ХХ ғасыр басында өз үстемдігін одан әрі тереңдетіп, ұлттың рухани шығармашылығына мазмұндық һәм көркемдік тұрғыдан біршама өзгерістер енгізді.

Айтыс өнері өзінің көшпелі елге тән көркем мінезі мен сайын далаға тән эпикалық тынысын белгілі дәрежеде бәсеңдетті. Ақындар айтысы өзіне тән төл тақырыптардан қол үзіп, өздері де әлі сырын, мақсат-мүддесін бұлдырлау бағамдайтын, бөгде идеологияға бағыт ала бастады. Бұл сипатты революцияға дейінгі ақындар айтысынан аңдауға болады. Революцияға дейінгі өткен, көлемі 1800 жолдай болатын Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омары арасында 1905 жылғы болған айтыс, сол уақыттың ең күрделі сөз қағысуларының бірінен саналады.

Шораяқтың Омары:

"...Арасын "Әлім-Шөмен" деп айырмадым,

Болғансын мекені бір мамлакаттан.

Бұлар – бас крайдағы Кіші жүздің,

Кеңесін бір біз емес, халық ұнатқан.

Оқшауын екештірсе екі сөздің,

Халық білед, кімге беред "дурак" атты..."

Осы үзіндіден байқағанымыздай жырдағы "мамлакат", "край", "дурак" сөздерін ұлттық өнерге салған уақыт, қоғам таңбасы деп түсінген жөн.

ХІХ ғасырда өмірге келіп, сол замандағы ақын-жыраулардың соңғы легінің көзін көріп, сарқытын ішкен Шағырай ақынмен айтысқан жаңа заман ақыны Көлбайұлы Қарсақ былай деп толғайды:

"Жастықта тірлік бер деп тілегім сол,

Партия өркендетті: дәулетім мол.

Халықты мұңсыз етіп байытпақшы

Алдымда Ленин бабам бастаған жол.

Саяси басшылықтың арқасында,

Жауларға маңайдағы құрылған тор".

Мұхтар Әуезов: "Айтыс әр заманда күнделікті тіршілікке төтелей қатынасы бар жанр болатын. Халықтың ауыз әдебиетінің бұл қасиеті жаңа тарих жасаушы совет жұртшылығына өте ұнамды, үйлесімді болып қабысты".

Қазақтың басынан халықты тапқа бөліп, бала мен әкені бір-біріне қарсы қойған, ел тізгінін ұстаған би-шешендерді қудалаған, ауқаттылардың төрт түлігін тәркілеген, жер аудартқан қиын заман өтті. Осыны көзбен көрген Түскен ақын былай ашына жырлаған еді:

"Алжасса заман,

Алғасса адам

Ақылгөй келер,

Ит-шошқа надан".

Қазан төңкерісінен соң халық шығармашылығы, оның ішінде айтыс жырларының мазмұндық және көркемдік деңгейі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Көне замандардан бері өзінің көркемдік қуатын жоғалтпай, дала философиясы негізінде көшпелі өркениеттің рухани нәрімен сусындап келген халық шығармашылығы бұдан әрі Кеңес өкіметінің жоғын жоқтап, насихат құралына айналды.

Әрине, бұл жерде ерекшелігі, шешендік тапқырлығы сияқты ақындық шеберлігі төмендеп кетті деп айта алмаймыз", - дейді "Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты" кітабының авторы Камашке Даулетқанұлы.

Кеңес дәуірінің алғашқы ширегінде өткен айтыс жырларының көлемі әрі көркемдік деңгейі жағынан үздігі ретінде 1936 жылы Саяділ мен Майса қыз арасында өткен сөз сайысын айтуға болады. Ел ішінд ақын Саяділ Керімбековтің (1885-1961) Майсамен өткен бұл айтысын Алмабек пен Майсаның айтысы деп те таратқан. "Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты" кітабында бұл айтыс туралы былай тарқатылып жазылған:

Бұл айтыстың бір айтарлығы, сөз қағысу барысында ақындардың шеберлік сипаттарын айқындайтын бірнеше ерекшеліктердің көрінісі табуы болып табылады. Біріншіден, дәстүрлі қазақ айтысының тағылымын көріп үлгерген Саяділ ақынның тіл байлығы, сөз саптау машығы әлі де болса халықтың байырғы өнеріне етене жақындығын аңғартады. Екіншіден, қыз бен жігіт айтысына тән ибалы әдет-салттың нышаны бұл айтыста барынша сақталған. Үшіншіден, көнеден келе жатқан айтыс ақындарындағы жұмбақтасу тәсілі де сөз қағысу барысында сәтті қолданыс тауып, оның шешуі әлеуметтік жағдайларға байланыстырылып айтылады.

Саяділ:

"...Табанда айтқан жерде тауып бермек,

Ешкімнің назарында тұрмас дайын.

Төрт нәрсе неге қажет – зәру жұртқа,

Білсеңіз түсіндірші бізге жайын.

Майса:

Түкпірі дүниенің кең болады,

Кемеріне мекендеп ел қонады,

От пен су, тұз, нан тұрмыс ырзығы –

Халықтың қажетіне тең болады..."

Таулы өлке
Тау баурайындағы киіз үйлер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айтыс (1941-1945)

Ұлы Отан соғысы жылдарында айтыс өнері үлкен мемлекеттік, қоғамдық маңызға ие болды. Бұл жылдары елді қорғауға, Отанды сүюге үндейтін айтыс жырлары пайда болды. Айтыс өнері халықтың патриоттық сезімін оятуға бағытталған насихат құралына айналды. Соғыс жылдары қазақ жерінде өткен айтыстар туралы мына деректер сол замандағы айтыс ақындарының ел басына күн туған қиын жылдарда тысқары қалмағанын көрсетеді.

"Соғыстың басталғанына апта өтпей-ақ, 26 маусым күні Батыс Қазақстан, (қазіргі мұнайшылар сарайына жиналып кеңесті. Батыстың ақсақал ақыны Сәттіғұл Жанқабылов: "Біз халық ақынымыз, сондықтан да барлық еңбегімізді халыққа, халықты отаншылдық рухта тәрбиелеу ісіне жұмсаймыз", - десе, Жармұқан Айтжанов: "Біз жеңеміз!", - деген патриоттық жырын мәслихат үстінде шығарып айтты.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысына арналған "Қаһарлы сөз қамал бұзады" жинағының алғы сөз ретінде берілген ғалым Көбей Сейдеханұлының "Ақберен айтыс" атты мақаласында келтірілген бұл деректе әрі қарай халық ақындарының мәслихаты сол жылдың 26-28 күндері Қызылордада, 24-25 маусымда Қарағандыда ұйымдастырылғаны айтылады.

Халық ақындары бас қосқан бұл мәслихатарға Қазақстанның сол кездегі Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері қатысады. Маусымның 30-ы күні Ертіс өңірінің (Шығыс Қазақстан, мәслихаттарын өткізеді.

Қазақстанның барлық аймағын қамтитын бұл келелі мәслихатқа сол кездегі айтулы ақындар Нұрпейіс Байғанин, Нартай Бекежанов, Кенен Әзірбаев, Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Маясар Жапақов, Орынбай Тайманов, Әлібек Бәйкенов, Қазанқап Байболов, Төлеубай Үркінбаев, Жантөбетов, Елеусіз Байырбеков, Айтбай Белгібаев, Ілияс Манкин, Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Игібай Әлібаев, Сәби Әзденбаев, Төлеу Көбдіков, Нұрлыбек Баймұратов, Естай Беркімбаев, Сапарғали Әлімбетов, тағы басқалар қатысты.

1946-1986 жылдар аралығындағы ақындар айтысының тақырыптық, мазмұндық ерекшелігі Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін де қазақтың айтыс өнерінің қоғамдық маңызы бәсеңдеген жоқ. 1946-1957 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысының дені 1966 жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрген "Айтыс" жинағының үшінші томында топтастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2171737-aduyndy-zhyrlarymen-halyqtyng-suiispenshiligine-bolengen-aityskerler/