Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ормандағы балабақша: Еуропа елдеріндегі қандай балабақшалар сұранысқа ие

Жарияланған күні:

Кітап оқып отырған балалар
Орманда кітап оқып отырған балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Еуропа елдерінде арнайы орман балабақшалары бар. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, мұндай балабақшада шу аз болады. Сол себептен балалардың жүйке жүйесіне, дамуына оң әсерін тигізетін көрінеді. Ормандағы балабақшалар жайлы мақаламызда тарқатып жаздық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Еуропа елдерінде орман балабақшалары бар, онда балалар таза ауада, табиғат аясында ойнай алады.
  • Орман балабақшаларында табиғи заттармен ойнау арқылы балалардың қиялы, математикалық қабілеттері, физикалық дағдылары және әлеуметтік қарым-қатынас орнату мүмкіндігі дамиды.
  • Алғашқы орман балабақшасы 1950 жылдары Данияда құрылып, кейін бұл идея Швеция, Германия, Жаңа Зеландия және басқа елдерге тарады.

Ормандағы балабақша жайлы не білеміз?

Орман балабақшасы – бұл үш пен алты жас аралығындағы балаларға арналған мектепке дейінгі білімнің бір түр. Онда сабақтар көбіне ашық ауада, орман ортасында өтеді. Ауа райы қандай болса да, балаларға орманда ойнап, айналасын зерттеуге, оқуға мүмкіндік беріледі. Ормандағы ойындар әдетте ересектердің қадағалуымен өтеді. Орман балабақшасы неміс тілінде Waldkindergarten, яғни ашық ауа балабақшасы немесе табиғат балабақшасы деп аталады. Мұндағы тәрбиешілер мен балалар уақыттың көп бөлігін далада, орман ішінде өткізеді.

Ормандағы балабақшаның ерекшелігі қандай? Орман балабақшаларының ерекшелігі ретінде табиғат аясынан табылатын заттармен ойнауға баса назар аударылып, сатып алынған ойыншықтар қолданылмайтынын айтуға болады. Осы айырмашылықтарға қарамастан, орман балабақшалары басқа балабақшалардағыдай негізгі мақсатты орындайды, яғни кішкентай балаларға қамқорлық жасау, олардың дамуына ықпал ете отырып білім беру қарастырылады.

Әрбір орман балабақшасы өзіндік ерекшелікке ие, себебі бұл ұйымдар дербес әрекет етеді. Бірақ типтік іс-әрекеттер мен мақсаты шамамен мынадай:

  • Бала қиялын дамытатын ойындар ойнау.
  • Рөлдік ойындар. Көбіне топтық жұмыс арқылы жүзеге асырылады.
  • Басқа балалар мен ересектердің көмегімен бұтақтардан баспана немесе үлкен құрылымдар салу: мақсатты анықтау, жоспарлау, инженерлік шеберлікті, топпен жұмыс жасауды, төзімділікті талап етеді.
  • Заттарды санау немесе математикалық үлгілерді іздеу: математиканы меңгеру, көрнекіліктерді тану қабілетін дамытады.
  • Табиғи заттарды пайдалану арқыылы ойнатылатын есте сақтау ойындары: заттардың атауын үйрену.
  • Әңгімелер тыңдау, ән айту және тақпақтар оқу: өнер, драма, зейінді шоғырландыру.
  • Сурет салу немесе ойыншық жасау үшін заттарды реттеу.
  • Ағаштарға өрмелеу және орманда серуендеу: күш, тепе-теңдік және физикалық сана-сезімді жақсартады.
  • Тығылыспақ ойнау: басқалардың ойлары мен әрекеттерін дұрыс болжау арқылы балалардың ойлау қабілетін дамытады.
  • Ғимараттан орманға дейін серуендеу: күш пен шыдамдылықты арттырады, дайындықты (мысалы, жол таңдау) жоспарлау және қарым-қатынас дағдыларын жақсартады.
  • Жеке зерттеу немесе ой жүгірту: өзін-өзі тануға және мінез-құлықты дамытуға көмектеседі.
  • Демалу: келесі күнге белсенді дайындық жасауға көмектеседі.
Қыз бала
Бақбақ ұстап тұрған қыз бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ормандағы балабақшалар қай кезден бастап жұмыс істеді?

Ертеректе ауылдық жерлерде табиғатқа шығу қиындық тудырмаған. Соңғы ғасырда урбанизацияның өсуімен және "табиғат тапшылығы синдромының" пайда болуымен таза ауада білім беру туралы көзқарас айтарлықтай өзгерді. Алғашқы орман балабақшасын 1950 жылдары Данияда Элла Флаутау құрды. Бұл идея оның және көршілерінің балаларымен бірге жақын маңдағы орманда жиі уақыт өткізуінің нәтижесінде біртіндеп қалыптасты. Бұл күтім түрі ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырып, олар бірлесіп алғашқы орман балабақшасын құрды.

1957 жылы Швецияда бұрынғы әскери қызметкер Gösta Frohm табиғатты үйрететін төрт кейіпкердің бірі — "Skogsmulle" идеясын енгізді. "Skog" швед тілінде орман дегенді білдіреді. Фрумның моделі бойынша құрылған "I Ur och Skur" ("Жаңбырда немесе күншуақ") мектептері бастапқыда кездейсоқ іс-шара болғанымен, кейін ресми балабақшаға айналды.

Германияда 1968 жылдан бастап табиғат балабақшалары болды. Алайда алғашқы орман балабақшасы 1993 жылы ресми түрде мойындалып, балалардың төлемдерін азайту үшін мемлекеттік субсидиялар қолжетімді болды. 2005 жылға қарай Германияда шамамен 450 орман балабақшасы болған, кейбіреулері таңертеңгі уақытын орманда, ал түстен кейін іште өткізеді. 2017 жылдың соңына қарай Германияда орман балабақшаларының саны 1500-ден асты.

2001 жылы Жаңа Зеландияда Aotearoa New Zealand Enviroschools мектебі іске қосылды, ол маори мәдениетін қамтиды. Ал Австралияда таза ауада білім беру бағдарламаларын ұсынатын орман және жағалау балабақшалары бар. Бір қарағанда ұқсас болғанымен, орман мектебі мен орман балабақшасы екі түрлі оқыту бағдарламасы екенін атап өткен жөн.

2009 жылы Шотландияның Орман шаруашылығы комиссиясы Глазго мен Клайд жазығында орман балабақшасының пилоттық жобасын құру мүмкіндігін зерттеді. Бұл модель ерте жастағы тәрбиешілерге жергілікті орман немесе басқа жасыл аймақтарда апталық сессияларды балаға бағытталған тәсілмен өткізуге мүмкіндік береді. 2012 жылдың ақпанында алғашқы FCS Орман балабақшасы бойынша үш күндік дайындық өтті.

Ормандағы балабақшаның пайдасы қандай?

Норвегия мен Швециядағы мектепке дейінгі жастағы балаларды салыстыру табиғатта ойнаудың физикалық тұрғыда пайдалы болғанын көрсетеді. Норвегия мен Швецияда жүргізілген зерттеулерде күн сайын ағаштар, тастар мен табиғи кедір-бұдыр топырақта ойнаған балаларды дәстүрлі ойын алаңдарында ойнаған балалармен салыстырды. Моторикаға арналған тесттерде табиғат аясында ойнауға мүмкіндігі бар балалар тепе-теңдік пен ептілік бойынша жоғары жетістіктерге жеткенін көрсетті.

Фин жасөспірімдеріне жүргізілген зерттеу олардың күйзеліс жағдайларынан кейін табиғи аумақтарға жиі баратынын көрсетті. Олар бұл жерлерде демалып, ойларын жинақтап, жағдайға кеңірек көзқараспен қарай алатынын және алаңдататын мәселелерді реттей алатынын айтқан. Табиғи аумақтар кішкентай балалар үшін де осылай әсер ететін көрінеді.

Орман балабақшалары негізінен орманды алқапта жұмыс істейді. Онда балалар жайсыз ауа райынан қорғану үшін паналай алатын ғимарат болу керек. Олар бір күннің аз ғана бөлігін үй ішінде өткізуі мүмкін, бірақ бұл көбіне әкімшілік және ұйымдастыру себептеріне байланысты. Мысалы мұндай орын ата-аналар балаларын жеткізіп, алып кететін белгілі бір орынның болуы үшін керек. Егер орман тым алыс болса, көлікпен тасымалдау қажеттілігі туындауы мүмкін. Балалардың ауа райына, климатқа сай жылы және су өткізбейтін киімдер кигені абзал.

2018 жылдан бастап жыл сайын 3 мамырда барлық орман балабақшасында Орман балабақшасының халықаралық күні тойланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2179353-ormandagy-balabaqsha-europa-elderindegi-qandai-balabaqshalar-suranysqa-ie/