Қытайда ұшатын көліктер шығарыла бастады (видео)
Опубликовано:
Қытайлар ұшатын көліктерді жаппай шығаруға кірісті. Көрші елдің Гуанчжоу қаласында әлемдегі алғашқы зауыт іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа темір тұпарлардың ерекшелігі – жерде де көкте де жүре алады. Инновациялық жоба прототиптік кезеңнен коммерциялық кезеңге өтті.
Бұған дейін инженерлер олардың тек нобайын ғана жасап, көрмелерде үлгісін көрсетіп қана келген еді. Енді бір-екі прототип емес, нарыққа шыға алатындай жаппай өндіріске көшті. Гуанчжоу қаласында ашылған зауыт жылына 10 мың дана көлік шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны роботтандырылған интеллектуалды технологиямен жұмыс істейді. Ерекшелігі – әрбір 30 минут сайын бір көлік құрастырылады. Қазір инженерлер ұшатын көліктердің алғашқы легін жасап шығарды.
Әуе автосының ұзындығы 5,5 метр. Алты дөңгелегі бар. Екі бөліктен тұрады. Негізгі бөлігі жерде қозғалып, тасымалдаушы база қызметін атқарады. Ал екінші бөлігі тоқпен ұшады. Орнынан тік көтіріліп, қайтып қона алады. Ол жүргізушінің басқаруымен де, автоматты түрде жүзеге асырыла береді.
"Алғашқы кезеңде 5 мың дана көлік шығарылады. Бұл көлікпен ортақ қолданыстағы жолдар арқылы жүруге болады. Ол үшін стандартты жүргізуші куәлігіңіз болса жеткілікті. Бірақ ұшатын бөлігін пайдалану үшін үкімет ортақ ережелер бекітуі керек. Ал аялдау үшін арнайы белгіленген тұрақтар жасалуы қажет", - дейді көлік өндірушілер қауымдастығы төрағасының орынбасары Чэнь Шихуа.
Бұл ұшатын көлік саласындағы әлемдегі ең бірінші коммерциялық қадам болып отыр. Қазір мамандар зауыттың өндірістегі технологиялық мүмкіндігін тексеріп жатыр. Дайын өнімді нарыққа 2026 жылы шығару жоспарланып отыр. Ал бағасы жеткізу, экспорт және халықаралық сертификациялық салықтар мен логистика шығындарына байланысты.
Алайда бұл көлікті ала салып, ұша беруге болады деген сөз емес. Бірқатар кедергі әлі де бар. Қытайда пайдалану ережесі, қауіпсіздік, басқару толық жүйеленбеген. Қазір елде арнайы тұрақтар, әуе жолдары мен станциялар сияқты инфрақұрылым жетілдіріліп жатыр. Дегенмен компания оларды келесі жылы ресми сатылымға шығаруды көздеп отыр. Бастапқы құны 280 мың доллардан басталады. Демек бұл ұшатын көліктер біздің елге де барып қалуы мүмкін.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2315106-qytaida-ushatyn-kolikter-shygaryla-bastady-video/