Ғалымдар адамзатты болашақта не күтіп тұрғанын хабарлады
Жарияланған күні:
Ақырзаман енді 70 жылдан кейін орнамақ. Бұл қаншалықты шындық? Тағы сәуегейлердің кезекті сандырағы емес пе екен?
Сонда, күрмеуге келмейтін қысқа уақыт ішінде адамзаттың өміріне нүкте қойылмақ па? "Иә" дейді ресейлік физик-математик ғалым Александр Коновалов.
"Ақырзаман адамдардың қолымен жасалмайды. Оған нүкте қоятын күннің шектен тыс қызып кетуі болмақ. Мұның ақыры Күн жүйесіндегі баз бір ғаламшарлардың өртке орануына әкелмек. Соның бірі "Жер" дейді. Осылай деген ғалым мынадай дәлел-дәйектерді алға тартады. "Ғалымдар Күннің сөнуіне әлі жеті жарым миллиард жыл бар деп болжам жасауда. Егерде осы уақыт ішінде адамзаттың пиғылы бұзылып, ядролық қару қолданып, жойылып кетпесе, Күн жүйесін аттап өтіп, өзге ғаламға қоныс аудару да мүмкін. Бірақ менің болжамым бойынша, ол заманға біз жете алмаймыз. Өйткені соңғы жиырма жылда күннің қызуы жыл санап артып келеді. Мұны ғарышты бағып отырған астрономдар да жоққа шығармауда. Күннің бетіндегі дақтар да үлкейе түсуде. Бұл жақсылық емес" дейді ол.
Жалпы, күннің бетіндегі дақтар пайда болғанын біздің дәуірімізге дейінгі 4-ғасырда өмір сүрген қытай астрономы Гань Дэ өз жазбаларына алғаш түсірген болатын. Содан бері ғалымдар күннен көзін "алмауда". Қазіргі ғалымдардың айтуынша, күн бетіндегі қара дақтар әртүрлі көлемде, әрі ол уақыт өткен сайын үлкейіп бара жатқан көрінеді.
Бұған дейін осы мәселемен айналысқан орыс ғалымдары Александр Чижевский мен Лев Гумилев "Күннің бетіндегі дақтың жер бетіне әсері өте зор" деген тұжырым жасаған. Себебі дақтардың кесірінен магниттік дауыл пайда болып, ол жер бетіне жеткен кезде түрлі оғаш оқиғаларға бастау болады-мыс.
Адамдардың жаппай бас ауруы, қан қысымының көтерілуі, я болмаса төмендеуі сондай-ақ түрлі агрессиялық әрекеттер бәрі магнитттік дауылдың зардабы екен.
Бұл – ақиқат. Мұнымен медицина ғылымы да келіседі. Жалпы, магниттік дауылға байланысты Александр Чижевский көп зерттеулер жасаған. Оның есебі бойынша магниттік дауыл кезінде жер бетінде ірі соғыс, қақтығыс бел алады екен. Мәселен, бірінші Дүниежүзілік соғыс, Азамат соғысы, Екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында жер беті қатты магниттік дауылдың шырмауында қалған көрінеді.
Жалпы, Күн бетіндегі дақтардың көбеюі жер бетінде қанды жанжалдардың санының артуына жол ашады екен. Соңғы жиырма жылда дақтардың ұлғаюы, адамзатты үлкен әбігерге салуда. Жер бетінде "ыстық нүктелер" артты. Мәселен, Югославия, Ауғанстан, Шешенстан, Ирак, Сирия, Ливия, Мысыр, т.б. Бұл аталған жерлердің бәрінде қанды қасаптар орын алды. Жағдай ушықты.
Ғалым Александр Коноваловтың пікірінше, мұның бәрі әзірге "ойыншық" көрінеді. Нағыз тозақ алда-мыс. Дұрысы 70 жылдан кейін болмақ. Күн қыза келе 2080 жылы жарылып кету қаупі бар. Әрине, оған дейін күн бетінде көтерілген магниттік дауылдардың кесірінен адамдар арасында түрлі аурулар ұлғайып, өшпенділік өрши түсетін көрінеді.
Адам санасы дағдарысқа ұшырап, қаскөйлік әрекеттерге жиі бой алдыра береді екен. Соның бір мысалы ретінде, норвегиялық Андрес Брейвиктің лагерьде жасаған қанды қасабы, АҚШ-тағы мектептегі атыс, т.б. Ал мұндай қанды қырғындар алдағы уақытта көбейе бермекші. Өйткені адамдар өзіне есеп беруді қояды.
Сөнуге айналған күн адамдарды осындай өшпенділікке итермелейді-мыс. Сондай-ақ магниттік дауылдар адамдармен қатар жердегі ауа райына, техникаға да қатты әсері болмақ. Зауыт-фабрикаларда апаттың жиі орын алуы, судың тасуы, қуаңшылық, өрт, қардың мол түсуі, эпидемиялардың өршуі - бәрі-бәрі күн қызуының кесірі.
Коноваловтың пікірінше, жыл өткен сайын бұл жағдайлар асқына бермек. Ал мұның арты 2080 жылы Күндегі ірі жарылыстың кесірінен Жер шары тұтас отқа оранбақ. Мұның арты белгілі... Жалпы, одан аман қалудың жолы бар ма? Белгісіз...
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/247928-galymdar-adamzatty-bolashakta-ne-kytip-tyrganyn-habarlady/