Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Немересін Оңтүстік Кореяға ұзатқан ОҚО тұрғыны кәрістермен құда болудың сырын айтты

Жарияланған күні:

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылында 45 жыл бойы ұстаздық еткен қария немересін Оңтүстік Кореяға ұзатты.

Жиен немересінің алыс елге ұазтылуына барып қайтқан Серікбай ақсақал Корея елінен алған әсерлерімен бөлісті деп жазады Замана газеті.

«Жиен немерем Құлпынай Байтуова кішкентайынан алғыр, зерек болатын. ҚазҰУ-дың экономика факультетінде оқып жүріп, Алматыдағы корей мейрамханаларының бірінде жұмыс істейді. Күйеу баламыз Кан Сон Ен ҚазҰУ-дың орыс тілі факлуьтетінде білім алған екен. Екеуі танысып, көңіл жарастырған. Немерем кейін Кореяға барып жұмыс істеймін деп шешіп, Сон Енды сүйіп қалған соң тұрмыс құрды», - дейді қария.

Қария немересінің кәріс жігітіне тұрмыс құрғанына алғашында қатты алаңдаған. Алайда, кәріс құдаларын көрген соң, көңілі орнына түсіпті.

«Алматыдағы дін өкілдерімен ақылдастым. Бір қызығы, қызымыздың болашақ жары ешқандай дінге түбегейлі бет бұрмаған екен. Яғни буддист те, христиан да, мұсылман да емес. Бір Құдайдың барына сенетін жан көрінеді. Бірақ кішкентай күнінде сүндеттелген екен. Мұны естіген дін өкілдері келісім беруге болатынын айтты», - дейді ол.

Құлпынай Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласына келін болып түскен. Бірақ ол өз тегін де, азаматтығын да ауыстырмады. Ол жақтың заңы бойынша өзге елден келген қалыңдық тұрмысқа шыққан кезде берілетін куәлікпен емін-еркін жүріп-тұра алады екен.

«Құдамыз Кан мырза фармацевт, ал құдағи сән салондарын басқарады», - дейді Серікбай қария.

Серікбай Шалаев бастап барған құдаларды Кан әулеті Оңтүстік Кореяның бес қаласына қыдыртыпты.

Жерлестеріміз әйгілі «Жумонг ханзада» телехикаясы түсірілген алаң мен ғибадатхананы арнайы барып көріпті.

«Бізді күйеу баламыз күтіп алды. Ойпырмай, қызымыздың жүрегін жаулаған қай кәріс екен деп іштей уайымдап едік. Жоқ, Со Ен жүзі жылы, қазаққа ұқсап қалған жігіт екен. «Сәлеметсіздер ме? Қош келдіңіздер!» – деп амандасып, бәйек болды», -  дейді Серікбай Шалаевтың жары Баян.

Олар корейліктердің тұрмыс салты қазақтарға ұқсайтынын айтқан. Құлпынай мен Сон Ен жұмыс бабымен Инчхон қаласында тұрады.

«Той біткен соң күйеу жігіт пен қалыңдық арнайы ұлттық киімдерін киіп, келген қонақтарға қызмет көрсетеді екен.  Әдетте біз ондайды «Келін шайы» деп атаймыз ғой. Соған ұқсас бір рәсім болды. Келген қонақтарға қызымыз бен күйеу баламыз иіліп сәлем салып тұрды. Ал олар ақша тастап жатты. Жиналған ақша дәстүрге сай екі жас нәрестелі болғанда шілдеханаға жұмсалады екен», - дейді қария.

Алайда, құдалары қанша күтсе де, қариялар туған жерге жеткенше асығыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/806770-nemeresin-onhtustik-koreyagha-uzatqan-o/