Өзге елдің бойжеткендері шашын қалай күтеді?
Жарияланған күні:
Массагет порталы назарларыңызға әр елдің қыз-келіншектері шаштарын қалай күтетінін ұсынады.
Француз әдісі. Шаштың сары түсті болуы – сән әлемінде өзектілігін жоймайды. Көздің жауын алатын ашық түстерді, әсіресе, ер-азаматтар жақсы көреді. Шаш қанық сары түсті болып әрі жалт-жұлт етіп құбылып тұруы үшін Франция қыздары түймедақ тұнбасын қолданады екен. 2 ас қасық кептілірілген түймедақ гүліне 1 литр ыстық су құйып, баяу отта 5-7 минуттай қайнатып немесе термосқа құйып тұндыру керек. Суыған соң, сүзіп, алынған тұнбамен шашты күнделікті шайып тұру қажет, бірақ сүлгімен сүртпеңіз. 1-2 аптадан соң, шаш құлпырып, жібектей нәзік болады.
Мексика әдісі. Мексика қыздары шаш күтімінде алоэ өсімдігін ерекше қастерлейді. Оның құрамында құрғақ және зақымданған шашқа қажетті емдік дәрумендер қоспасы жинақталған. Бүгінгі таңда алоэ шырыны көптеген сусабындар, бальзамдар мен маскалар құрамында көп кездеседі. Егер үйде алоэ өсірсеңіз, шашқа арналған тұнба жасауға болады. Дегенмен алоэнің жасы 3-4 жылдан кем болмауы керек. Тұнбаны дайындамас бұрын алоэні екі күн шамасында суармау керек. Алоэнің төменгі және ортаңғы жапырақтарын пайдаланған жөн, себебі олардың шырыны мол болады. Тікендерін маникюрлік қайшымен немесе өткір пышақпен жаймен алып тастау қажет. Жапырақтарын кесіп алып, қайнаған сумен жақсылап жуамыз. Жіңішке бөліктерге бөліп, дәкеге мұқият орап, шырынын сығып аламыз. Бұл тұнбаны шашты тазалап жуып алған соң, шаю кезінде қолданады.
Украин тәсілі. Украин халқының нәзік жандылары ерте заманнан бері шаштың беріктігін нығайту үшін орман жаңғағының майын (лещина) пайдаланған. Шашты жуар алдында орман жаңғағының майы мен жұмыртқаның сару уызын қосып араластырады, осы қоспаны шаштың түбіне жағады. 15 минуттан кейін тазалап, жуып тастайды.
Орыстар әдісі. Орыс халқы емдік шөптерді ерекше бағалаған. Тамаққа қосуға да, жараны емдеуде де, сонымен қатар, қыз-келіншектер әсемдік үшін де пайдалана білген. Шашты нығайту үшін шөптерден жасалған арнайы тұнбалар қайнатқан. 20 грамм түйежапырақ тамыры, 20 грамм иір, 10 грамм календула гүлі, 15 грамм құлмақ (хмель) дайындайды. Үстіне 1 литр қайнаған су құйып, қақпағын мықтап жауып, 2 сағат тұндырып қоясыз. Суыған соң, сүзіп алып, осы тұнбамен жатар алдында шашты жуу керек.
Өзіміздің ежелгі тәсіл. Орта Азияда шаш күтіміне ерте заманнан бері ашыған сүттің түр-түрін пайдаланған. Шашқа ұйыған сүт, іркіт немесе айранды молырақ жағып, полиэтиленді телпек киіп, сыртынан түкті қалың сүлгімен орап қояды. 20 минут өткен соң, масканы жылы сумен жақсылап жуып тастайды. Шашқа арналған басқа да айран маскалары бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1074440-ozge-eldinh-qyzdary-shashyn-qalay-kutedi/