Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Ит көйлек» қайдан шыққан?

Опубликовано:

«Сенен бұрын ит көйлек тоздырғанмын» деген фразеологизмді біз – «сенен үлкендігім бар» деген мағынада түсінеміз. Ол да дұрыс. Ал анығында, онда мен сенен бұрын адам болғанмын деген мағына жатыр деп жазады «Алауинформ».

Оның мәнісін ұғыну үшін қазақтың «Қырқынан шығару және қырқын беру» түсініктеріне мән беру керек. Шынында да қазақ неге жаңа туған сәбиге «не тауыпты» деген сұрақ қояды.

«Кімді туыпты» деген сауал тілге бір жатпай, қате сияқты көрінеді де тұрады. Әзірше қате секілді көрінер, бірақ батыстанып бара жатқан сана енді бір бес жылдан соң, перзентті болғандарға «кім туылды» деген сауалшаны оп-оңай қоя беретін болар. Әзірге таным әлемінде шала-жансар күй кешсе де, әйтеуір арғы жақта кім деп емес, не деп айтқымыз келіп тұратын құндақтағылардың сырына үңіліп көрейік.

Серікбол Қондыбай баланы қырқынан шығару мен қайтқан кісінің қырқын беру туралы мынандай тұжырым жасайды:

Осы екі ғұрыптық түсініктің идеясы ортақ. Бұл жерде біз екі дүниенің арасын ажыратып тұрған әлдебір шекараны көріп отырмыз. Адам баласы туғанда осы шекарадан бері қарай өтеді; ол өзінің о дүниелік киімін (ит көйлегін) шешеді. Яғни, о дүниенің күзетшісі болған итке береді, «ит жанын» қалдырады, ит кейпінен адам кейпіне ауысады, оның орнына бұ дүниенің киімін (ада киімін) киеді.

Өлгенде осы процесс кері бағытта жүреді: өлген адам бұ дүниелік киімін шешіп, оның орнына о дүниелік (кебін, ол да –ит көйлек) киімін киіп, әлгі шекарадан кері қарай өтеді, итке айналады. Қазақ келтірімі бойынша, дүниеге келген бала 40 күндік уақыт өткенге дейін «әлі тумаған» болып есептелінеді.

Яғни ол – әлі тумаған, ол - өлі, тек 40 күн өтіп, 41 - күн болғанда ғана ол «ресми түрде» дүниеге келеді. Осы уақыт ішінде нәрестені бөгде адамдарға көрсетпейді. Қырқынан шыққан соң ғана, арнайы жоралғы өткізіп, баланы «өлілер дүниесінің қақпасын күзететін итке сыйлық беріп, бұ дүниеге шығарып алады. Қырқынан шықпаған нәресте «ит кейіпті» деп есептеледі. 40 күн өткен соң, оның «ит көйлегін шешеді» «ит кейпін» адам кейпіне ауыстырады.

Мифология ғылымында түркілік танымдағы ит культі арнайы зерттеуді күтіп жатыр. Тіпті қасқыр тотемінің түпкі төркіні де осы ит культіне барып тіреледі деген болжам да бар. Жас нәресте жаңа туғанда ит кейіпте болады деген танымды арқау етсек, қазақ адамға ғана «кім» деген сұрақ қоятынын ескергеніміз абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1099460-koylek-qaydan-shyqqan/

pixel