Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық келіншек отбасы қаржысын үнемдеудің сырын ашты

Опубликовано:

Жыл сайын шетелге шығып саяхаттау, сапалы тағам жеп, жақсы киіну. Кей адамдарға қолжетімсіз көрінген өмір сүрудің бұндай қалпына отбасылық бюджетті дұрыс басқару арқылы жетуге болады деп хабарлайды 31 арна.

«Ортақ қаражатты саралап, оған есеп жүргізетін әйел болғандықтан, нәзік жандыларымыздың қаржылай сауатты болғаны абзал», - дейді мамандар.

Олардың пікірінше, дұрыс ұйымдастырылған қаржы отбасы тұрмысының жақсаруына жетелейді.

Толқын Нұрышева - 2 баланың анасы. 6 айлық сәбиімен декреттік демалыста отырған келіншек отбасылық бюджетті тиімді басқарудың жолдарын үйрендім дейді.

Толқын түрлі мобильді қосымшаларды пайдаланып, арнайы тізім жүргізіп, 1 ай бұрын баратын жерлері мен алатын тауарларын жазып, пысықтап қоятын көрінеді. Соның арқасында кенеттен алынатын керексіз дүниелер қысқарады дейді ол.

"Менің күнім жоспарлаудан басталады. Баратын жерлерімді, үлгеруге тиіс жұмыстарымды, сатып алатын заттарды түгел реттеп, жазып қоямын. Ноутбукке енгізілген бұл тізімдерді планшеттен де, телефоннан да көруге болады. Мысалы апта бойы жасайтын тағамдарымның мәзірі мен оған қажетті азық-түлік тізімін алдын-ала жазып, күйеуіме онлайн жіберемін. Ол дүкенге кіргенде соған қарап, тек қажетті тауарларға ғана ақша жұмсайды. Ашығып тұрып, көрінген затты қолына ілмейді. Бұл да үнемділік кепілі", - дейді Нұрышева.

Отбасы әл-ауқатының деңгейі әйелдерге тікелей байланысты дейді мамандар. Олар ортақ бюджетке қазынашылық ететін аруларымыз неғұрлым қаржылық сауатты болса, үй тұрмысы соғұрлым жақсы болады деген пікірде.

Қаржыгерлер мен заңгерлер не дейді?

Жиынға қатысқан қаржыгерлер мен заңгерлер әр әйел табысының 30 пайызын сақтап, жиып отыруы керек дегенді шегелеп айтты.

Сондай-ақ несие алғанда оны өтеуге кететін қаржы жалақысының 30 пайызынан аспауы керек деген кеңес берді. Жалпы мамандар отбасылық бюджеттің алтын формуласын былайша түсінеді:

"Ай сайын отбасылық бюджеттің 30 пайызын жиып, 20 пайызын өзіңізге пайда алып келер, инвестициялық жобаларға жұмсаған жөн. Қалған 50 пайызын әркім өзінің күрделі шығындарына жаратады. Оның 30 пайызы азық-түлік, балабақша, оқу ақысы, коммуналдық төлемақылар сияқты міндетті шығындарыңызды жапса, қалған 20 пайызы шоппинг пен бос уақыттарға демалысыңызға жұмсалмақ", - дейді заңгер Жібек Қараманова.

Әлемдегі 143 ел тұрғындарын өзара саралаған Standard & Poors рейтингтік агенттігі Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы қаржылай сауатты деген қорытынды жасаған.

Бұл жақсы көрсеткіш дейді мамандар. Себебі, қаржылай сауатты, өз бюджетін ақылға салып басқара алатын адамдар көбейген сайын, тұрмысы түзу отбасылардың да саны артады дейді олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1126767-almatylyq-kelinshek-otbasy-qarzhysyn-u/

pixel