Келін табысын енесіне беруге міндетті ме?

Опубликовано:

Жаңа түскен келін тапқан табысын ата-енесіне әкелуге міндетті ме, жоқ өзі жұмсауға құқылы ма? NUR.KZ тілшісі бұл тақырыпқа қатысты қоғамның пікірі қандай екенін білуге тырысты.

Аулада таза ауамен тыныстап отырған үш апа қызу әңгімелесіп отыр. Нақтырақ айтсақ, бірі: «Келінім айлығын маған өткізіп тұрады десе, келесісі: «Ой, ондай күн қайда бізге?!» деп күрсінуде. Осы талқылауды естіген тілшіміз бұл тақырыпқа қатысты қоғамның пікірі қандай екенін білуге тырысты.

Күлбүбі Әптиекбайқызы (60 жаста): Мен тұрмысқа шыққанымда жұмыс істейтінмін. Бастапқыда алған айлығымды ешкімге бермей, өзім жарататынмын. Түрлі әшкейлер мен тұрмыстық заттар алатынмын. Екі-үш айдан кейін енем менің айлығымды сұрады. Тұрмыста ақшаның бір жерде сақталып, бір адамның жаратқаны абзал екенін жайлап айтып түсіндірді. Сөйтсем, жолдасым да тапқан-таянғанын анасына беріп отырады екен. Сол күннен бастап мен айлығымның көп бөлігін енеме өткізетін болдым. Қазір енді өзім де ене болып отырмын. Келінім де тапқан ақшасын маған өткізіп отырады (күліп).

Балжан Жұмабайқызы (Күлбүбі Әптиекбайқызының келіні): Мен өзімнің туған анама айлығымды берген емеспін. Керісінше енеме айлығымның тең жартысын өткізіп тұрамын. Ал қалғанын өзімнің қажетіме жаратамын. Маған ешкім ақшаңды енеңе беріп тұр деп кеңес айтқан жоқ. Өз еркіммен солай еткен дұрыс деп шештім. Себебі, біз бір үйде тұрғандықтан, ішіп-жейтініміз бен баратын той-томалақтарымыз ортақ. Ал ондай жерлерге барғанда кімге қанша беру керек екенін маған қарағанда енем жақсы біледі. Маған да жақсы, «Кімге не апарамын?» деп бас қатырмаймын.

Ал Алматы тұрғыны Марал отбасын жаңа құрған кезде бөлек тұратын енесі жалақысын қашан береді деп қайта-қайта сұрап қоймағанын айтады.

Марал оған: "Сіз мені дүниеге әкелдіңіз бе, оқыттыңыз ба, жұмысқа тұрғыздыңыз ба? Неге қайта-қайта сұрай бересіз?", - деп жауап бергенін жасырмады. Бұдан кейін енесі - Шымкент тумасы - келіннің жалақысы мәселесін көтеруді доғарыпты.

Ал осыдан екі жыл бұрын босаға аттаған Гульмира есімді келін жалақысын енесі емес, енесінің енесіне, үлкен әулеттің отанасына тапсырып отырады екен. Бұл отбасында қызмет ететін барлық отбасы мүшелері тапқан табысын үлкен әжелеріне әкеліп беруді үрдіске айналдырған. Ақша бір жерде жиналып, бір жерден жұмсалады. Айта кету керек, бұл отбасының береке-бірлігіне көрген адам қызықпай қоймайды.

Жанат есімді "тәжірибесі мол" келін қомақты табыс табады. Бірақ нәпақасын енесіне не күйеуіне әкеліп тапсырмайды. Енесі табысын әкелмеді деп ренжіп жатса, келінге берер кеңесі:

"Аз-мұз базарға, дүкенге жұмсайтын ақшасын ұстатып қойыңыз. Үйге қажетті заттарды өзі сатып алсын, ақша бермейді деген әңгіме шықпайды", - дейді ол.

Әйелдің табысы туралы ислам дінінде не дейтіні туралы дінтанушыдан сұраған едік.

"Шариғат заңы бойынша үйдің отағасы отбасына барлық жағдайды жасауға міндетті. Ал әйел адамның жұмыс істеп тапқан табысы өзінің қақысы балып табылады. Сондықтан оны кімге және қайда жұмсайтынын өзі шешеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с,) - ның хадисінде: "Бір -бірлеріңізге сыйлық жасаңыздар ол араларыңыздағы өшпенділікті жойып, сыйластықтарыңызды арттырады" деген өсиетіне мән бере қарайтын болсақ, алған айлығының аздаған бөлшегін енесіне, не анасына, не жақсы көретін туыстарына бергеннің еш сөгеттігі жоқ", - дейді дінтанушы Аян Байтұрғанұлы.

Құранның Ниса сүресінің 34-аятында Алла тағала: "Бір-біріңнен артықша жаратылғандықтан әйелдердің нәпақасы ерлерге жүктелген, еркектер әйелдердің қорғаушысы болып қалады. Жақсы әйелдер - мойынсұрушылар"деп айтқан.

Сондықтан келіннің жұмыс істеп тапқан айлығының барлығын енесіне беруді шариғат қолдамайды. Ал сыйлық ретінде аздаған бөлігін беруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1136800-kelin-tabysyn-enesine-beruge-mindett/