Тараздан шыққан қазақ қызы: Гога Ашкенази деген кім және ол әлемге қалай танылды
Жарияланған күні:
Әлемдегі ең бай әрі атақты әйелдердің бірі – Гога Ашкеназиді метеорға теңейтіндер де бар. Оған тамсанатындар да көп, аста-төк өміріне сын көзбен қарайтындар да табылады. Тараздан шығып, талайды таңғалдырған Гауһар – Гога туралы ашық деректер не дейді?
Гауһар Берқалиева немесе Гога Ашкенази – әлемдік элита өкілдері жиі талқыға салатын қазақ қызы.
Туған жері, өскен ортасы, білімі
Vionnet Paris сән үйінің иесі Гога 1980 жылы 1 ақпанда қазіргі Тараз қаласында дүниеге келген. Туған кездегі аты-жөні – Берқалиева Гауһар Еркінқызы.
Гоганың әкесі Еркін Берқалиев инженер-гидротехник болған. 80-жылдардың басында әкесі КПСС Орталық комитетінің мүшесі атанып, отбасымен Мәскеуге қоныс аударады. Ашық дерекөздердегі ақпараттарда Берқалиевтер отбасы бай-қуатты тұрғаны айтылады. Гога Мәскеуде жүргенде ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепте білім алған. Кеңес Одағы құлаған тұста әкесі елге оралады, ал анасы екі қызымен Мәскеуде қалып қояды.
"Кеңес Одағы ыдырағанда ол 11 жаста еді. Дегенмен оның ата-анасы жоғары лауазымды коммунистік шенеуніктер ретінде жоқшылыққа ұшыраған жоқ. Ол 13 жасында британиялық жабық мектепке қабылданған посткеңестік балалардың алғашқы буынының бірі болды", - деп жазады Саймон Купер Financial Times басылымында.
Анасы Гоганы 13 жасында Англиядағы мектептердің біріне оқуға жібереді. Ол Баксвуд, Стоу, Рагби мектептерінде оқиды. Кейін Оксфорд университетінің Сомервилль колледжінің экономика-тарих факультетіне түседі. Гауһар Берқалиева біраз уақыт Гонконг пен Лондондағы банк саласында жұмыс істеген, инвестиция саласына қызығушылық танытады.
Гога бизнес саласына қалай келген?
2003 жылы әпкесімен бірге бизнес жүргізуге кіріседі. Компрессорлық станция ретіндегі кәсіпорын кейін миллиондаған табыс әкелетін компанияға айналады. Компания мұнай-газ, энергетика, мұнай-химия, металлургия салаларына техникалық қызмет көрсетумен айналысады.
2011 жылдан бастап Ivahnoe Mining Group директорлар кеңесінің мүшесі атанған, сонымен қатар қазақстандық "MMG Глобал Консалтинг Групп" инвестициялық компаниясын басқарған.
Ал 2012 жылы миландық Vionnet сән үйінің бақылау пакетін алады. Ол Италияда бір жыл бойы өнер, дизайн, сән және итальян тілін оқығанын айтқан. Атақты кәсіпкер ретінде ол әлемдегі танымал басылымдардың жұлдызына айналады.
Әлеуметтік желідегі парақшасының сипаттамасында Ashkenazi Group Foundation және Ashkenazi Trading DMCC төрағасы және бас директоры екені айтылған.
Қазақ қызы қалай Ашкеназиге айналды?
Ашкенази тегін Гога 23 жасында алған. Кездейсоқ жағдайда Гога бесжұлдызды қонақүйлер желісінің иесі, америкалық миллионер Стефан Ашкеназимен танысады. Көп ұзамай сол жігітке тұрмысқа шығады. Алайда бұл неке ұзаққа созылмайды. 2007 жылы ол Стефан Ашкеназимен ажырасып тынады, бірақ Ашкенази тегінде қалуды жөн көреді.
Гоганың 2007 жылы Адам, 2012 жылы Алан есімді ұлдарын дүниеге әкеледі. Олардың әкелеріне қатысты түрлі қауесет тараған. Гоганың түрлі танымал олигархтармен жақын қарым-қатынаста болғаны айтылады. Бірақ Гоганың өзі оның бәрін "іскерлік байланыс" пен "жақын достыққа" балап, жоққа шығарған.
Гога Лондон, Париж, Нью-Йорк, Милан қалаларының ортасында жүреді. Әлемдік элита өкілі.
Гога Ашкеназидің жүрген жері – кино және өнер жұлдыздарының, корольдік отбасы өкілдерінің және әлемдік Forbes тізімінде алғашқы орындарда тұрған бай-бағландардың ортасы.
Атақты топ-модельдер, белгілі сән үйлерінің иегерлері, аты жер жарған суретшілер мен фотографтар және оның жүрегін жаулап алғысы келетін бай жігіттер Гоганың көңілді кештерінен қалмайды.
Қалай десек те, оның айналасындағы дүниелер қарапайым жұрттың қызығушылығын тудыратыны анық.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1443353-alemninh-aygili-milliarderlerimen-ko/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.