Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жігітпен алғаш танысқанда не жайында әңгімелесуге болады: Мамандар кеңесі

Опубликовано:

Жігітпен алғаш танысқанда не жайынжа әңгімелесуге болады
Көрнекі сурет: pixabay.com

Кей бойжеткен жігітпен алғаш танысқан кезде онымен не жайында әңгімелесуге болатынын білмей қиналып жатады. Осы орайда қарым-қатынас саласындағы мамандар Юлия Ланск, Марк Роудз және Наталья Кабан жігітпен әңгіме-дүкен құрудың басты қағидаларын назарға ұсынды.

Жігітпен әлеуметтік желі арқылы танысу

Жаппай диджитализация мен пандемия жастардың ғаламторда бір-бірімен жиі араласуына алып келді. Осы орайда әлеуметтік желілер көптеген адам үшін танысу әрі бір-бірімен араласу құралына айналып отыр.

ВК әлеуметтік желісінде жігіттермен не жайында сөйлесуге болады? ВК немесе басқа әлеуметтік желілерде жігітпен әңгімелесе отырып, оны жақсы танып-білуге тырысу қажет. Мысалы оның қай қаладан немесе қай ауданнан екенін біліп алыңыз. Сол сияқты оның қандай әдет-дағдылары бар екенін, сүйікті хоббиі, фильмдері, тағамдары қандай екенін сұрап алыңыз. Жануарларды ұнататынын, я болмаса ұнатпайтынын біліп алу керек. Әңгіме барысында "Бүгінгі күнің қалай өтті?" деп сұрасаңыз болады. "Достарды қалай табуға болады және адамдарға қалай ықпал етуге болады" бестселлерінің авторы Дейл Карнегидің айтуынша, әңгімелесуші үшін мұндай сұрақ оған деген қызығушылығыңыздың барын әрі оған көңіл аудара білуіңіздің көрінісі болмақ. Мұндайда жігіт жаңа танысқан бойжеткенмен әңгімелесуді одан ары жалғастыруды жөн көреді.

Қашықтықта жігітпен не туралы сөйлесуге болады?

Жігіттермен сағаттап сөйлесуге болатын көптеген бейтарап тақырып бар. Оларға: саяхат, спорт, өмірге деген көзқарас, жақында оқылып біткен кітаптар, жаңа телехикаяның шығуы немесе демалыс күндеріне арналған жоспарлар жатады.

Жігіттермен тіпті белгілі бір тағам жайлы да әңгімелесуге болады, алайда тұшпара жасаудың тәсілдері туралы сөйлесу оларға тым оғаш көрінуі мүмкін. Әңгімелесушіден қандай тағамды жақсы көретінін сұраңыз. Одан қай елдің асханасының дәмін татқысы келетінін, оны не себепті кейінге қалдырып келгенін де сұрап алсаңыз болады.

Жігітпен алғаш танысқанда не жайында әңгімелесуге болады
Көрнекі сурет: Pexels

Десе де жігіттермен саясат пен дін туралы әңгіме қозғамаған абзал. Мұндай тақырыптар түсініспеушіліктерге, оны сізбен одан ары араласудан бас тартуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл ретте әлеуметтік желілерде сөйлескен сәтте төмендегі бірнеше ережелерді сақтау керек:

  • Хабарламаға бірден жауап бергеніңіз жөн. Әрдайым әңгімелесушінің сұрақтарын назардан тыс қалдырмай, жылдам жауап беруге тырысыңыз.
  • Түсініксіздік пен өз пікіріңізді үндемей, айтпай қалудан аулақ болыңыз. Жігіт үнемі бойжеткеннің не айтқысы келіп отырғанын білуі керек.
  • Белгілі бір сөздердің дұрыс қолданылуына, грамматикалық қателерге жол бермеуге баса мән беріңіз. Дөрекі, балағат сөздерден аулақ болыңыз.
  • Сленг емес, әдеби тілді қолдануға тырысыңыз. Сәлемдесуді және диалог аяқталғаннан кейін қоштасуды ұмытпаңыз. Филология ғылымдарының кандидаты Наталья Карабанның айтуынша, сәлемдесу мен қоштасу сөздері – ғаламторда араласудың этикетінің міндетті элементі болып табылады.
  • Позитивті және көңілді болуға тырысыңыз. Қылығыңызбен баурап, арасында әзілдесуді де ұмытпаңыз.
Жігітпен алғаш танысқанда не жайында әңгімелесуге болады
Көрнекі сурет: Pexels

Жігітпен кездесу кезіндегі әңгімелесу

Жігітпен желіде хат алмасу оңай әрі тез. Ал егер әңгімелесуші кездесуге немесе серуендеуге шақырса, онда жігітпен жүзбе-жүз кездесу оған да, сізге де мүлдем басқа әсер қалдыруы әбден мүмкін. Мысалы кездескеннен кейін, сіздер көңіл-күй мен жұмыс туралы стандартты тіркестерді өзара алмасып, ары қарай не айтарларыңызды білмеулеріңіз мүмкін. Немесе қыздар сасқалақтап, сөйлей алмай қалады, кей жағдайда тіпті үндемей қалады. Жігіттер де мұндай жағдайда өзін ыңғайсыз сезініп, үнсіз отыруы мүмкін.

"Өзге адаммен қалай сөйлесуге болады. Кез келген жағдайдағы қарым-қатынас" кітабының авторы Марк Роудс әңгімедегі мұндай үзілістердің пайда болуының басты себептерінің бірі қорқыныш екенін айтады. Жігіттермен сөйлескен уақытта, көптеген қыз қателік жасаудан немесе оның алдында ақымақ болып көрінуден қорқатын көрінеді. Бұған жол бермеу үшін алдын-ала дайындалып, серуендеу немесе кездесу кезінде талқыланатын тақырыптардың тізімін жасап алу қажет.

Сол сияқты жігіттермен серуендеп жүрген кезде не жайында сөйлесуге болады? Idate Awards халықаралық сыйлығына сәйкес әлемдегі № 1 Love-коучі Юлия Ланскенің айтуынша, мұндайда жұмыс я болмаса әйелдер сөйлесетін тақырыптар сияқты жаттанды оқиғаларды қозғамаған абзал. Себебі жігіттерді сіздің күнделікті тұрмыс-салтыңыз, спа-ға барғаныңыз немесе жаңа маникюр жасатқаныңыз қызықтырмауы мүмкін. Алайда ерлер жиі талқылайтын кей тақырыптар (мысалы квадроциклмен сырғанау немесе страйкбол) cынды тақырыптар оған әбден қызық болуы мүмкін.

Жігітпен серуендеуге шыққанда сөйлесуге болатын тақырыптардың тізімін жасаңыз. Олар:

  • Спорт. Көпшілікте қыздардың барлығы спортты түсінбейді, ал ер адамдар футболды жақсы көреді деген пікір қалыптасқан. Негізі аталған екі пікір де қате деп есептеледі. Дегенмен футбол, бокс, баскетбол және түрлі спорттық ойындарды көп жағдайда ерлер талқылайтыны ақиқат.
  • Хобби және сүйікті іс. Жігіттің немен айналысқанды жақсы көретінін біліңіз. Оның сүйікті ісі ― көлікті жөндеу болса да, әңгімені жалғастыруға дайын болыңыз. Осы бағыттағы танымыңызды кеңейтіп, түрлі тақырыптық бағдарламаларды көріңіз.
  • Өмірге деген жоспары. Болашақта немен айналысуды жоспарлап отырғаныңызды айтыңыз. Жігіттен оның жоспарлары, армандары, бизнес жобалары туралы сұраңыз.
  • Саяхат. Бұл тақырып жайлы көп әңгімелесуге болады. Сіз барған елдер мен барғыңыз келетін жерлер туралы айтыңыз. Жігіттен оның саяхат сапарлары, одан алған әсері мен басынан өткен қызықты оқиғалары туралы сұраңыз.
  • Үй жануарлары. Жігіттен жануарларға деген көзқарасы қандай екенін, алдағы уақытта оны үйде ұстағысы келе ме деп сұрап көріңіз. Егер жігіттің үй жануарларын аса ұната қоймайтынын білсеңіз, үйдегі үш кішкентай мысығыңыз туралы айтпағаныңыз жөн болады.
  • Кітаптар мен фильмдер. Жақын арада қандай кітап оқу қажеттігін немесе қандай кино көруге болатыны жайлы кеңес сұраңыз. Өзіңіздің сүйікті фильміңіз бен ондағы жаныңызға жақын эпизод туралы айтыңыз
Жігітпен алғаш танысқанда не жайында әңгімелесуге болады
Көрнекі сурет: Pexels

Әлеуметтік желілерде немесе кездесуде көптеген бойжеткен үшін жігітпен сөйлесуді жалғастыру қиынға соғып жатады. Алайда олармен араласу біз ойлағаннан да жеңіл екенін ұмытпаңыз. Ол үшін жаттанды тақырыптардан аулақ болып, керісінше қызықты тақырыптарды тілге тиек етіңіз, сол сияқты әңгімелесушінің не жайында айтқанына да мән бергеніңіз абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1963421-zigitpen-algas-tanysqanda-ne-zaiynda-angimelesuge-bolady-mamandar-kenesi/

pixel