Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сүйген жанды қалай ұмытуға болады: Тиімді тәсілдер

Жарияланған күні:

Сүйген адамыңызды қалай ұмытуға болады
Көрнекі сурет : Pexels

Көпшілігіміз сүйген адаммен айырылысудың қандай болатынын білеміз. Мұндай жағдайда жүрек пен жанның ауыратыны соншалық, тіпті айналамыздағы теңдессіз дүниелерді байқамай жатамыз. Заманауи медицина бүгінде барлығын емдейді, алайда ол жүрек пен жан жарасын емдей алмайды. Кей адамдар «Сүйген адамды ұмыта алмаймын. Не істесем болады?» деген сауалдармен бетпе-бет келіп жатады. Бүгінгі материалда осы сұраққа жауап іздейтін боламыз.

Сүйіктісімен айырылысқан жан құрбылармен кездесіп немесе шарап ішіп, достарына жан сыр ақтарғаннан кейін, уақытша болса да жеңілдеп қаламыз деп ойлайды. Негізінен бұл мәселенің шешімі емес. Бұрынғы сүйіктіңізді бар-жоғы бір-екі күнде ұмыту оңайға соқпайтыны анық.

Бауыр басып қалған адамды қалай ұмытуға болады

Мақсат-мүдделеріңіз бір, тез тіл табысып, үйренісіп кеткен, ортақ таныстарыңыз бар жанды тез сүйіп қалсаңыз да, оны ұмыту қиын болады. Психологтар мұндай адамдардың бір-біріне бауыр басып қалуы – бұл адамды эмоционалды тұрғыда тәуелді ету, басқа тілмен айтқанда есірткі сияқты дүние дейді. Мамандар мұндайда мәселе бір-бірімен бос уақытты бірге өткізгенде ғана емес, оның түбі тереңде екенін айтады. Мысалы әр жұптың өзінің қалыптасқан әдеттері болады: таңертең бір-біріне хабарлама жазу, қайырлы түн айту, таңға дейін әңгімелесу немесе ұйқыдан тұрған бойда таңғы ас дайындап беру т.т. Осы ретте бауыр басып қалған адамды ұмыту үшін, мамандар келесі кеңестерді ұсынады:

  • Қазіргі тәуелсіз, еркін мәртебеңізді қалыпты жағдай ретінде қабылдап, бұрынғы сүйіктіңізді физикалық тұрғыда ғана емес, рухани жағынан да еркіндікке жіберіңіз.
  • Үй жануарын, балықтарды, ит немесе мысық асырап алсаңыз болады. Үй жануарына қарап, оны бағу сізге бос уақытыңызды өткізуге сеп болады.
  • Экстримді таңдап көріңіз, бірақ оған тым қатты берілмеңіз. Яғни жоғалтқан жаныңыздың орнын басқа эмоциялармен толықтырып көріңіз.
  • Психологтар спортпен шұғылдануға кеңес береді және бұл дегеніміз тек сыртқы сымбатты қалыпқа келтіріп, бұлшық еттерді реттеу деген сөз емес. Оның негізгі мақсаты – спорт өміріңізді реттеуге атсалысады, белгілі бір режимді қалыптастырады, қан айналымын жақсартады және сіздің бұрынғыдан да жеңілірек өмір сүруіңізге жол ашады.
  • Мінезіңіздің тұйықталып кетуіне жол бермей, басқа адамдармен араласудан қашпаңыз.
Сүйген адамыңызды қалай ұмытуға болады
Көрнекі сурет : Pexels

Адамды мәңгіге қалай ұмытамыз

Жақын адамнан қол үзіп қалу кімнің болса да жанына батып, күйзеліс әкелетіні сөзсіз.

Мұндай жағдайда ол мен оған қатысты мидағы барлық естеліктерді жоятын сиқырлы дәрі болса екен деп армандайсыз. Ең қиыны бұрынғыны толығымен ұмытпайынша, біз ілгері жылжи алмаймыз. Сонымен бұрынғы жігітті қалай ұмытамыз?

  • Естеліктерден арылыңыз. Егер оны үнемі ойлай беретін болсаңыз, жігітті ұмыту мүмкін емес. Белгілі бір күнді таңдап, бөлмеңізге барып, есігін кілттеп, барлығын еске алыңыз. Басыңыздан онымен бірге өткен барлық жақсы да жаман күндеріңізді еске алыңыз: алғашқы кездесу, алғашқы сүйісу, араларыңыздағы бірінші түсініспеушілік, кіші әрі үлкен реніштеріңіз және т.б. Жылап та алыңыз, бірақ өзіңізге өзіңіз «бұл соңғы рет ол үшін жылауым, енді соған бола жыламаймын» деп сөз беріңіз.
  • Жігітті немесе қызды қалай ұмытуға болады? Онымен байланысты барлық заттарды лақтырыңыз немесе біреуге бере салыңыз.
  • Жаныңыз жалғыз деп, бірден басқа біреумен қарым-қатынас орнатуға асықпаңыз.
  • Күніңіздің әр сағатын жоспарлаңыз. Сонда оны ойлап, ренжуге уақыт болмайды.
  • Театр, киноға барыңыз, билеп, кітап оқыңыз, бастысы басыңызды ол жайлы ойлармен толтыра бермеңіз.
  • Онымен кездесіп қалуыңыз мүмкін жерлерге көп бара бермеңіз. Халықта: «Көзінің кеткені, өзінің кеткені» деген даналық бар.
  • Өзіңіз қоңырау шалып, хабарлама жазбаңыз. Негізі оның телефон нөмірін өшіріп тастағаныңыз абзал (әрине егер оны жатқа білмесеңіз).
Сүйген адамыңызды қалай ұмытуға болады
Көрнекі сурет: Pexels

Cүйген адамыңызды күнде көрсеңіз, оны қалай ұмытуға болады

Кейде адамды ұмыту оңай болмай жатады. Мысалы сүйіктіңіз сіздің әріптесіңіз болуы мүмкін немесе сіз онымен бір үйде тұруыңыз мүмкін. Мұндай жағдайда оны қалай ұмытуға болады?

  • Жаныңызға ауыр тимес үшін, ол жерден кетіп, басқа жұмысқа ауысыңыз, жаңа орта, достар табыңыз. Егер сіз оны жиі көрмесеңіз, тез ұмыта аласыз. Негізі ең дұрысы анаңызға, құрбыңызға немесе басқа елге кетіп қалу.
  • Сүйіктіңіздің жағымсыз жақтарын көруге тырысыңыз. Себебі ол да қарапайым адам, оның да кемшін тұстары болуы мүмкін.
  • Өзіңіздің армаңыздағы, ойыңыздағы серіктің портретін жасаңыз. Оның суретін салу міндетті емес, одан да өз қиялыңыздағы адамның сыртқы келбеті қандай болу керектігін, оның мінезін қағазға тізбектеп жазыңыз. Сіздің бұрынғы сүйіктіңіз оған қатты ұқсауы мүмкін, бірақ бұл бастапқы кезеңде ғана. Кейін уақыт өте келе сүйіктіңіздің бойынан кемшіліктерді таба бастайсыз.
  • Егер сіздер әріптес болсаңыз, басқалармен қалай араласыз, онымен де дәл солай сөйлесіңіз. Онымен сөйлесуге, оған жымиып, қарауға жол бермеңіз, тек жұмыс бабымен ғана сөйлесіңіз.
  • Адамдар уақыт емдейді деп жатады, ал негізінде уақыт емес, айналада болып жатқан оқиғалар емдейді. Сол себепті күтіңіз, бәрі орнымен реттеледі.

Бастысы – сіз өмірде жалғыз емессіз. Сіз сияқты мыңдаған адам ғашық болып, кейін айырылысып жатады. Сіздің маңайыңыз тамаша адамдарға толы, сол себепті өзіңізді өзіңіз қинай бермегеніңіз абзал. Ол үшін ескі ғашығыңызды көп ойлай бермеңіз. Барлығы өз қолыңызда, соны ұмытпаңыз! Бақытты болуға тырысыңыз! Сіз барлық жақсылыққа лайықсыз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1964182-suigen-zandy-qalai-umytuga-bolady-tiimdi-tasilder/