Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шаңырағы бос қала ма деп қорықтым": 19 жыл бойы перзент сүйе алмаған оралдық келіншек жан сырын ақтарды

Опубликовано:

19 жыл сәби күткен отбасы
Заманбек пен Тәрбие 19 жыл күткен ұлдарымен. Фото: жеке мұрағат

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Тәрбие 19 жыл аңсаған сәбиін өмірге әкелді. Бүгінде бір жастан асқан балақай ата-анасы мен сексенге таяған әжесіне шексіз қуаныш сыйлауда. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Тәрбие сәби сүйсем деген арманы үшін қандай қиындықтарды бастан өткізгенін айтты.

"Әрбір әйел адамның өмірдегі ең басты миссиясы - ана атану. Ана бақытын сезінуден асқан не бар? Өкінішке қарай, бұл бақыт біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Тіпті сәби сүйе алмай кеткен қанша адам бар. Мен 2001 жылы келін боп түстім. 2020 жылға дейін үйімізден сәби даусы шықпады. Басымызды тауға да, тасқа да соқтық. Бармаған жеріміз, қаралмаған дәрігеріміз жоқ. ЭКО арқылы көтеру де мүмкін болмады.

Сол кездерде қатты түңілдім. Өмірден баз кешіп кеттім. Күйеуімнен ұрпақ қалмайды ма деп қорықтым. Жолдасымның шаңырағы бос қала ма деп қорықтым. Аллаға шүкір, араға 19 жыл салып Алла бізге ұл берді. Аңсап күткен баламызға Аңсар деп ат қойдық. Бізді перзентханадан бүкіл ауыл шығарып алды. Себебі отбасымыздың қуанышын ауыл тұрғындары да көптен күткен еді", - дейді Тәрбие.

Бүгінде Аңсардың жасы бірден асты. Ол ата-анасы мен 76 жастағы әжесінің көз қуанышына айналған.

"Осы жылдар аралығында басымыздан қаншама қиындық өтті. Баланың жоқтығынан шаңырағы шайқалған қаншама жанұялар бар. Бақытыма қарай, күйеуім жағдайды жақсы түсінді. Бала жоқ деп бетімнен алған емес. Қаншама қиындыққа бірге көнді, қасымда болды. Мен талай түңілгенде жұбатты, жылағанда көз жасымды сүртті. "Әлі жаспыз, әлі-ақ сәбилі боламыз", - деп үмітімді қайта жағатын. Аллаға осындай жар бергені үшін де шүкір етемін... Қазіргі таңда бедеулік үлкен проблемаға айналды. Жаңадан құрылған жас отбасылардың діңгегін одан әрі бекітетін - бала. Ал баланың болмауы біраз жанұяның бұзылуына әкелетінін талай рет көрдім.

Жас келіншектерге айтарым - баланы құдайдан сұрай беріңіздер. Ер адамдар әйеліне демеу болып, бәріне түсіністікпен қараса екен. Себебі өмір үлкен сынақтардан тұрады. Сол сынақтан аман өту өздеріңізге байланысты", - дейді Тәрбие.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1968121-sanyragy-bos-qala-ma-dep-qoryqtym-19-zyl-boiy-perzent-suie-almagan-oraldyq-kelinsek-zan-syryn-aqtardy/

pixel