Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қыздарға кеңес: Сүйген жігітіңізді өзіңізге қалай қаратып алуға болады

Опубликовано:

Қыз бен жігіт
Қыздарға кеңес: Сүйген жігітіңізді өзіңізге қалай қаратып алуға болады: Pexels

Бойжеткендердің көпшілігі арманындағы ақ боз атты ханзадасын кездестіріп, онымен отау құрғысы келеді. Алайда жігітіне құлай ғашық болған қыздар, кейде сол адамнан оған деген жылылықты сезбей, жаны жүдейді. Осы орайда, "өзіңізге ұнаған ер-азаматтың көңілін қалай аулауға болады?" деген заңды сауал туындайды. Бүгінгі материалда аталған сұраққа жауап іздейтін боламыз.

Сүйіктіңізге дәмді ас әзірлеп беріңіз

Сүйіктіңіздің жүрегін оған дәмді ас әзірлеп беру арқылы жаулай аласыз. Мұндайда "жігіттің жүрегіне жолды дәмді ас арқылы табу керек" деген сөз ойға оралады. Әрине ер адамдар жылдар бойы осы қағиданы ұстанып келеді – олар дәмді ас әзірлей білетін нәзік жандыны өзіне болашақ жар еткісі келеді. Мамандар ерлер тамақтану арқылы ерекше ләззат алатынын көп жыл бұрын дәлелдеген еді.

Әрине ол қыздардың күні бойы асханадан шықпай, тамақтың түр-түрін әзірлеуі керек деген сөз емес. Мысалы сіз сүйіктіңізге романтикалық кешкі ас немесе таңғы ас әзірлеу арқылы өзіңізге қарата аласыз. Ас мәзірінде бастысы сүйіктіңіз сүйіп жейтін 1-2 тағамы болса болғаны.

Мұндай жағдайда ер адамдар осы дәмді тағамның дәмін татқан сайын, оны әзірлеген аруды да еске алып отырады. Сол себепті өзіңіз ғашық болған азаматтың назарын өзіңізге аударғыңыз келсе, дәмді тамақ дайындау – ең тиімді тәсіл екенін ұмытпаңыз.

Жалғыз ару
Көрнекі фото: Pexels

Сүйіктіңізді өзгертуге тырыспаңыз

Өзінің арманындағы жігітті кездестіре алмаған бойжеткендер, жанындағы жігіттерге көз салып, одан өзіне ұнайтын қасиеттерді табуға асығып жатады. Естеріңізде болсын, жігітті өзгертуге әсте асықпаңыз. Психотерапевт Шэрон Мартиннің айтуынша, осындай іс-әрекетке баратын қыздар кейін жігіттерінен көңілі қалып немесе ара-қатынастары дұрыс болмайтын жағдайға дейін жетеді екен.

Бастысы ер адамды бала деп қабылдамаңыз, оған өзіндік ұстанымы мен пікірі бар тұлға ретінде қараңыз. Мәселен оның өзінің қызығушылықтары, өмірлік ұстанымы мен қағидалары бар және оны шын сүйсеңіз, сізге оларды қабыл етуге тура келеді. Өзіңізді оның анасы ретінде ұстамай, керісінше оған шешім қабылдауға мүмкіндік беріңіз. Тіпті қате шешім қабылдаған күннің өзінде де соңғы шешімді өзі қабылдайтындай мәмілеге келіңіз. Ер-азаматтар көп жағдайда өзін барлық болмыс-бітімімен қабылдайтын арумен ғана өз өмірін жалғастырғысы келеді.

Оның қызуғышылықтары мен қалауына мән беріңіз

Жігіттердің назарын аудартудың басты құралы – ол не қаласа, соны беру. Әрине оның сұранысы сіздің өмірлік қағидаларыңыз бен ұстанымдарыңызға қайшы келмесе, осы әрекетке барған абзал. Бұл дегеніміз өз өміріңізді соның қалауына қарай өзгертіп, оның қажеттіліктерінің құрбаны болу деген сөз емес. Керісінше, жігіттер өзінің жеке ұстанымы мен айтары жоқ қыздарды құрметтемейді, тіпті кей жағдайда оған деген сезімі басылып, суып кетуі де мүмкін.

Жігіттің жүрегін жаулау үшін, оның қалауына уақытында мән беріп, оған көңіл бөлуге тырысыңыз. Сүйіктіңізге қолдау қажет болған жағдайда, жанынан табылыңыз. Сонымен бірге оның сырласы, досы, кейде тіпті әзілдесіп тұратын адамына айналыңыз. Тәлімгер Ярослав Самойловтың айтуынша, кейде жігітіңізге мақтау сөздерді айтып тұрыңыз. Мысалы оның ержүрек, батыл, табысты екенін жиі айтыңыз. Мұндай ілтипатқа үйренген ерлер одан оңайшылықпен бас тарта бермейді.

Қыз бен жігіт
Сүйген жігітіңізді өзіңізге қалай қаратып алуға болады: Pexels

Қолжетімді болмаңыз

Ер адамдар өздерінің табиғи ерекшеліктеріне байланысты өздерін аңшы сезінеді. Көп жағдайда еркектер өзінің тұзағына әйелдерді де түсіргісі келеді. Ол үшін, жігітіңіз сізді өзіне қаратуға көп уақыт жұмсайтындай етіп бауыр бастырып алыңыз. Алайда бауыр басудың үнемі жалғаспайтынын, кез келген жағдайда айырылып қалуы мүмкін екенін еске салып отырыңыз. Сол үшін ол да сіздің жүрегіңізді жаулау үшін, көп күш пен уақыт жұмсау керектігін білдіріңіз.

Тартымды болыңыз

Ер адамдар көзбен ғашық болатынын ұмытпаңыз. Сол себепті өзіңізге үнемі көңіл бөліп, әйелге тән нәзіктігіңізді жоғалтпаңыз. Мәселен сырт келбетіңізге мән беріңіз, үнемі күтініп жүріңіз, дауысыңыз бен үніңізді сыңғырлатып сөйлеңіз, онымен жеке кездескен сәтте қылықты болуға тырысыңыз. Яғни ол сізді құлай сүю үшін, қолыңыздан келетін айла-әдістерді жасаңыз.

Сүйіктіңізді бақылауға тырыспаңыз

Жігітті өзіне қаратамын деп, кейбір нәзік жандылар оларды толықтай бақылауға тырысады. Ондай арулар сүйіктісімен 24 сағат бойы бірге болуды, оның кіммен не істеп жатқанын білгісі келеді. Мұндай іс-әрекет ғашыңызды сыйламаудың, оны жеке шекарасына қол сұғудың белгісі болып табылады әрі уақыт өте келе ара-қатынастарыңыздың бұзылуына әкеп соқтырады. Көп жағдайда ер адамдар мұндай қысымға шыдамай, басқа аруға кетіп қалады. Егер жігітіңіздің шынымен сіздің жаныңыздан табылғанын қаласаңыз, онда оған еркіндік беріңіз, шамадан тыс бақылауды доғарыңыз.

Өзіңізді ұмытпаңыз

Жігітіңіздің жүрегін мәңгіге жаулап үшін, әдемі киініп, боянып, сыланып-сипанып жүру жеткіліксіз. Ол үшін алдымен өзіңізге өзіңіз шынайы бақытты екеніңізді, өзіңізге сеніміңіз мол әрі табысты ару екеніңізді сезініп, дәлелдеуіңіз керек. Ол үшін не істеу керек? "Әйелдің магнит сынды тартылыс күшінің сыры. Табысты ерді өзіңізге қаратыңыз" кітабының авторы Юлия Кузьминаның айтуынша, әйел адам алдымен өзі нені қалайды, соны нақты білуі керек екен. Яғни алдымен өзіңіз неге басымдық бересіз және өміріңізде неден рахат алатыныңызды анықтап алған шарт. Бұл ретте әйел адамдар өздеріне үнемі көңіл бөліп, спа-процедураларға баруы тиіс неемсе әдемі киінуі керек. Сол сияқты өзіңіздің сүйікті ісіңізге де көңіл бөлгеніңіз абзал.

Кез келген әйел адам сүйіктісінің нағыз ғашығына айнала алады. Сол себепті мамандардың кеңесіне құлақ асып, өз қарым-қатынасыңызды жақсартуға мүмкіндік беріңіз. Осы кеңестер арқылы сіз сүйіктіңізбен араңыздағы түсініспеушіліктерді жойып, ара-қатынастың жаңа сатысына көше аласыз. Тек осы іспеттес қарым-қатынаста ғана ер-азаматтар аруларды құлай сүйіп, онсыз өмірін елестете алмайтын жағдайға жетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1968788-qyzdarga-kenes-suigen-zigitinizdi-ozinizge-qalai-qaratyp-aluga-bolady/

pixel