Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйеліне бір рет қол көтерген ер адам оны әдетке айналдыруы мүмкін бе

Опубликовано:

Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: pixabay.com

Қоғамда әйеліне бір рет қол көтерген ер адам оны әдетке айналдыратыны жөнінде қалыптасқан пікір бар. Десе де елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, тіпті өміріне қауіп төнсе де, күйеуіне кешірім беріп, онымен бірге өмір сүріп жатқан әйелдер қатары азаймай тұр. Осы орайда отбасылық психолог агрессорлыққа төзбеу үшін әйел адамдарға не істеу қажеттігін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Отбасы психологиясы бойынша белгілі маман, сарапшы Ержан Мырзабаев жыл басынан бері болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларына қатысты өз пікірін білдірді.

Оның сөзінше, зорлық-зомбылық көрсетуді қандай да бір адамға қастандық жасау деп ұғу керек.

"Бастапқыда агрессор "білмей қалдым, байқамай қалдым, өз-өзімді ұстай алмадым деп ақталады, ол бір рет болады. Былайша айтқанда бұл - репетиция", - дейді психолог.

Осы орайда Ержан Мырзабаев әйелдерге агрессиялық мінез көрсететін күйеуден қалай қорғану керектігі жөнінде өзінің кеңесін берді.

"Оны тыюдың жолы, яғни, келесіде агрессор өз-өзін ұстай алуы үшін оған бір шек қою қажет. Өзіне қол көтерген адамнан алшақтау керек, үйден кетіп қалу керек немесе тіпті ажырасуға дейін баруға болады. Яғни, агрессорға сол адамды жоғалтып аламын деген қорқыныш сезімін тудыру керек. Немесе қол көтерген адам жасаған ісі үшін жазалануы керек, өйткені агрессиялық күшті қарама-қайшы күш қана тоқтата алады.

Агрессивті адамға "Ұрмашы, екінші рет қайталамаймын, істемеймін", деген сайын ол: "Демек, мен мықтымын, күштімін, маған қарсы тұра алмайды екен, мен бұны ары қарай жалғастыра беремін деген ойда болады.

Сондықтан бір рет қол көтерген адам екінші рет те, үшінші рет те қайталайды.

Қашан тоқтайды? Оған қарсылық білдірген кезде ғана. Яғни, бұл жерде айтпағым, физикалық тұрғыда төбелесу, ұрысу, күресу емес, үйден кету, ажырасу, туысқан, ата-ананы араластыру, полиция шақыру, сөйтіп шектеу.

Содан кейін егер ол адамда "әйелім, бала-шағам керек, істеген ісімнің салдары осындай екен, бұдан былай мен өз-өзімді ұстауды үйренуім керек деген түсінік қалыптасса, онда психологқа апарып, емдету қажет", - дейді Ержан Мырзабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1969815-aieline-bir-ret-qol-kotergen-er-adam-ony-adetke-ainaldyruy-mumkin-be/

pixel