Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйелді сыйлы әрі сүйікті ететін қандай қасиеттер

Опубликовано:

Қарым-қатынас
Әйелді сыйлы әрі сүйікті ететін қандай қасиеттер: Pexels.com

Ер адамдар әйелдердің бойындағы қандай қасиеттерді бағалайды? Юрия Леваданың сараптама орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, ерлердің үштен бір бөлігі нәзік жандылардың сұлулығы үшін сүйетіні анықталған. Ер-азаматтар әйелдің бойынан басқа қандай қасиеттерді көргісі келеді? Осы және өзге де сауалдардың жауабын табу үшін белгілі әлеуметтанушылар мен психологтардың зерттеулерін назарларыңызға ұсынамыз.

Үй шаруасына тиянақты болу

Профессор Левада әйелдердің бойындағы ізгі қасиеттер жайлы алғаш зерттеуін 1993 жылы бастаған. Өзі басшылық ететін орталықтың соңғы зерттеулері ерлердің әйелдерге деген көзқарасы соңғы 25 жылда өзгергенін көрсетті. Бүгінгі күнде әрбір екінші ер адам әйелдің бойындағы басты қасиет – оның үй шаруасына ептілігі, тиянақты болуы деп санайды.

Ер адамдар бұл туралы не ойлайды? Еркектер үй шаруасындағы әйел келесідегідей міндеттерді атқаруы тиіс деп ойлайды:

  • үйді таза әрі тиянақты ұстау;
  • дәмді тағам әзірлеу;
  • отбасында жылылық пен мейірімнің атмосферасын жасау, берекелі болу.

Жігіттер сүйіктісінен әдетте күн сайын тамақтың түр-түрін жасап беруді сұрамайды. Ер адам әрдайым өзінің қалауы мен жасына қарай, өзіне ұнайтын, дәмді әрі тойымды тағамдарды әзірлеп берсе екен дейді. Сауалнама мен зерттеуге қатысушылардың 50%-ына жуығы үй шаруасына тиянақты әйел отбасының ұйытқысы әрі шаңырағының берекесі бола алады деп есептейтіні белгілі болды.

Әйелге тән нәзіктіктің болуы

Кез келген ер адам өзінің жанында нәзік әрі сұлу әйелді көргісі келеді. Белгілі психолог Михаил Лабковский әйелге тән нәзіктік дегеніміз үй шаруасына икемі жоқ, тек сұлулығы мен өзін ғана ойлайтын, ерінің мойнында отыратын әйел емес деп санайды. Ол өз зерттеулерінде әйелдерге мұндай қателіктерге жол бермеуін ескертеді.

Оның айтуынша өзіне сенімді, биік мансапға жеткен әрі жауапкершілігі зор шешімді қабылдай алатын әйелдер де әйел затына сай қылықты әрі нәзік бола алады екен. Мысалы инженер-әйел, полицей немесе директор әйелдер:

  • поэзия мен гүлдерді ұнатуы мүмкін;
  • әдемі көйлектер кие алады;
  • әдемі шаш үлгілерін жасай алады;
  • қамқор әрі мейірімді, нәзік бола алады.

Жеке даму әрі отбасылық психология саласының маманы Олег Торсунов көптеген әйелдердің бойынан табылатын ер адамға тән қасиет, олардың нәзік әрі ерінің қамқорында болуға кедергі келтіретінін айтады. Нәтижесінде мұндай нәзік жандылар отбасын құрып, өз бақытын табуда қиындықтарға тап болып жататын көрінеді.

Қуана білу

Ер адамдардың көпшілігі ашуланшақ әрі мінезі қиын әйелді өзіне жар етіп етіп таңдағысы келмейді. Сол себепті олар қарапайым заттарға шынайы қуанып, өзіне көтеріңкі көңіл-күй мен бақыт сыйлайтын әйелдермен болғысы келеді. Әйелдердің өмірін өзгерту жөніндегі тәлімгер, психолог Алла Фолсомның айтуынша, әйелдер сыйлықтар мен өзіне айтылған жылы сөзді, ерлер тарапынан болатын тосын сыйларды қуана қабылдап жатса, онда әйел адам өзін мұндай қошамет пен сыйлыққа лайық екенмін деп ойлайды.

Сол себепті белгілі психолог Анна Иотко қыз-келіншектерге үнемі күліп жүруге кеңес береді. Осы арқылы ол сүйіктісіне оның араласатын достары мен жақындары, ортасының ұнайтынын көрсете алады.

Сондықтан әйелдердің күліп жүруін – ерлердің жүрегін жаулап алатын таптырмас құрал деп қабылдау керек.

Өз-өзіне деген сенімділік

Ер-азаматтар өз-өзіне сенімді аруларды құрметтейді. Отбасындағы қарым-қатынас саласындағы танымал психолог Ярослав Самойловтың айтуынша, әйелді тек сыртқы келбеті ғана емес, сондай-ақ ішкі жан дүниесі де сұлу ете түседі екен.

Өзіне-өзі сенімсіз әйелде түрлі комплекстер пайда болып, оның соңы әйел адамды күйзелістерге алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайды сырт келбеті сұлу арулардың өзі ерлерге сүйкімсіз әрі қызықсыз болуы мүмкін. Арулардың өзіне деген сенімділігі оны сұлу әрі бағалы ете түседі.

Психолог, коуч Павел Раков өзіне-өзі сенімділік пен тәкаппарлықты шатастырмаған абзал дейді. Әйелдің өзіне өзі сенімділігі жылдар бойғы өмірлік тәжирибесімен келсе, тәкаппарлық тек қиялынан туындауы мүмкін. Өзімен жұмыс істейтін, рухани байып әрі өзін-өзі дамытатын әйелдер ғана өзіне-өзі сенімді бола алатын әсте ұмытпаған абзал.

Күш-жігер мен қайсарлықтың болуы

Ерлердің әйелдердің бойынан жоғары бағалайтын тағы бір қасиеті – оның күш-жігері мен қайсарлығы. Әрине кез келген әйел адамның бойында нәзік жандыға тән әлсіздік пен қорғансыздық, арқа сүйер азаматына деген сенімі басым болады. Алайда кез келген еркек өмірдің қиын шақтарында жұбайының оған тірек, сүйеуі болып, оған барынша қолдау көрсете алатынына сенімді болуы керек.

Психотерапевт әрі жазушы Андрей Курпатов "Әйелдер мен ерлердің 5 ұлы құпиясы" кітабында батыл ер адамдардың шындығында жаны мен жүрегі нәзік келетінін айтқан. Сол себепті олар да кейде сүйіктісінің қолдауы мен қорғауына мұқтаж болып жатады.

Қарым-қатынас
Әйелді сыйлы әрі сүйікті ететін қандай қасиеттер: Pexels.com

Сүйіктісін тыңдай білу

Ер адамдардың көпшілігі әйелдердің бойынан – оны тыңдай білу қасиетін көрсем дейді. Психология профессоры әрі жазушы Виктор Шейнов "Адамға білдіртпей оны басқару" кітабында ер-азаматтар өзін мұқият тыңдай білетін аруларды ұнатанын жазған.

Оның айтуынша, мұндай әйел оған болашақта да қолдау көрсете алады екен. Сонымен бірге профессор мұндай еркектер кейін өзін тыңдай білетін әйелдерге өміріндегі әрі жан-дүниесінде орын алып жатқан барлық оқиғаларды, сырларын ойланбастан айтып отыратын көрінеді.

Ал жазушы Владимир Еремов болса "Бәрінен сен жақсысың..." атты еңбегінде әйелдерге жолдасынан оның күні қалай өткенін, сүйіктісінің ойы мен әңгімесін мұқият тыңдау керектігі жайлы кеңес береді.

Табиғилық

Әйелдердің бойынан табылатын тағы бір ерекше қасиет – оның табиғилығы. Ерлерге:

  • асханада ән айтып, би билеп жүретін;
  • өзінің қуанышын шынайы көрсете алатын;
  • өзінің шынайы келбетін көрсетпейтін;
  • шынайы күле білетін әйелдер ұнайды.

Олар мұндай аруларға үнемі тосын сыйлар жасап, оны қуантуға асық болып тұрады.

Мақтай білу

Ерлер көп жағдайда өзін мақтап отыратын, қолынан келгенше қолдап отыратын әйелдерді ұнатады. Белгілі психолог Анна Плюснина жігіттерді үнемі қолдау мен қолпаштауды ұнататын балалармен салыстырады.

Егер ер-азаматтар нәзік жандылар тарапынан үнемі мақтау мен қолдаулар естіп тұрса, онда ол жаңа белестерді бағындыруға тырысады. Сол себепті сүйіктіңізді үнемі мақтап, тіпті кішігірім сыйлықтары үшін де алғыс айтып отырыңыз. Өзін қолдап, оны мақтан етіп отыратын әйел үшін, ер адамдар бәрін жасайтынын ұмытпаңыз.

Ақыл тоқтата білу

Ер-азаматтар жанынан ақыл тоқтатқан, байыпты, ақылды сұлуды көргісі келеді. Психолог Александр Шахов мұндай әйелдер ерлердің бойындағы барлық жақсы қасиеттерін көре біледі дейді. Оның айтуынша мұндай әйелдер төмендегідей қылықтарға бармайды екен:

  • сүйіктісінің қызығушылықтарын аяққа таптамайды;
  • еріне өз эмоциясын толық көрсете білуге кедергі болмайды;
  • оның рухани қажеттіліктерін шектемейді.

Ер адам өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, оны құрметтей білетін әйелді үнемі қадірлеп, бағалай біледі екен.

Қамқор болу

Әйелдің қамқорлығы мен ерін аялай білуін кез келген ер адам қалайды. Ол үшін әйел адам не істеуі керек? Мәселен сүйіктіңіздің көңіл-күйі болмаған сәтте, оны тыңдаңыз, қолдау көрсетіп, құшақтаңыз. Мұндай іс-қимыл арқылы ерлер сүйіктісі өзіне бей-жай қарамайтынын біледі. Сол сияқты:

  • сүйіктіңізге тосынсый жасап тұрыңыз;
  • ол қатты шаршағанда немесе ауырып қалғанда көмектесіңіз;
  • оның әңгімелеріне құлақ асып, қиындықтары туралы мұқият тыңдаңыз;
  • оның ішкі жан дүниесі мен қызығушылықтарына мән беріңіз.

Психология ғылымдарының кандидаты Надежда Майер ерлерге шамадан тыс қамқорлық көрсету оларды "бала" етіп жіберетінін айтқан. Мұндайда ол өзінің еркекке тән қасиеттерін жоғалтып, табысқа жете алмауы мүмкін.

Әйел адам оның анасы сияқты оған қамқорлық көрсетпей, керісінше оның ішкі жан дүниесіне үңілсе, сонда ол сүйіктісін бағалап, оның одан ары дамуына үлес қоса алады.

Сұлулық пен тартымдылық – ер адамдар әйелдің бойынан іздейтін көп қасиеттердің бірі. Алайда тәжірибе көрсеткендей, ер адамдар қарым-қатынас орнатқанда, алдымен ғашығының ішкі жан дүниесі мен бойындағы асыл қасиеттерін де бағалайтын көрінеді. Бұған дәлел бүгінгі танымал ғалымдар мен психологтардың отбасылық құндылықтар туралы зерттеулері болып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1969846-aieldi-syily-ari-suiikti-etetin-qandai-qasietter/

pixel