Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Психологтар: Хаги-Ваги, Киси-Миси ойыншықтары баланың жүйке жүйесін бұзады

Опубликовано:

Ойыншық
Скриншот: КТК арнасы

Еліміздің психологтары Хаги-Ваги және Киси-Миси ойыншығы балалардың жүйке жүйесін бұзатынын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұл ойыншықтарға қазір дүкендерде сұраныс тіптен артқан. Алайда мамандар ата-аналарға мұндай адам шошырлық бейнедегі ойыншықтарды логикасын кеңейтіп, қызығушылығын оятатын дүниелерге алмастыруға кеңес береді.

Хаги- Ваги және Киси-Миси ойыншықтарын қазір еліміздегі кез келген дүкеннен табуға болады. Тіпті соңғы жарты жылда бұлар ең өтімді тауарға айналған. Сатылымда ойыншықтың түрлі өлшемі мен түсі бар. Сатушылар бұл құбыжық ойыншықтарды кішкентайлардың арнайы іздеп келетінін айтады.

"Дүкенімізге кірген балалардың таңдауы ең алдымен осы Хаги-Ваги мен Киси-Мисиге түседі. Ата-аналардың дені оны әпермеуге тырысқанымен, кішкентайлары қасарысып тұрып алады. Кейде тіпті жанында еріп келген ата-әжелердің өзі түрін көріп шошып жататын жағдайлар да көп. Бірақ ұл-қыздары ақыры айтқанын алмай қайтпайды. Күніне шамамен Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің 20-дан аса данасы сатылып отырады", - дейді сатушы Ұлан Ашықбаев.

Дәл осылай Сәния Исатаева да қазір кішкентайларын ойыншық дүкеніне апаруды қойған. Өйткені үш ұлы да тек Хаги-Ваги мен Киси-Миси-дің жанкүйерлері. Сауда орындарынан бейнесін көрсе болды кенедей жабыса қалады дейді. Өйткені балабақшадан күнде көріп, өзге балалармен ойнайтыны да осы құбыжық ойыншық екен. Біреуінің өзін 8-10 мың теңгеге сатып алған.

"Жарты жыл бұрын осы Хаги-Ваги деген, Киси-Миси деген ойыншықтар шыққан еді. Балам сол кезде басқа балалардан көріп, жылап алдыртқан болатын. Енді балам жылағасын алып бердім. Бірақ өзім негізі қарсы болар едім ондай ойыншыққа. Себебі ешқандай тәрбиелік мәні жоқ. Ешқандай пайдасы да жоқ. Түрі шынымен де ешбір жануарға ұқсамайтын бір қызық ойыншық", - дейді ол.

Хаги-Ваги мен Киси-Миси ютуб желісіндегі роликтер мен компьютерлік ойынның кейіпкерлері. Ойын шартына сәйкес, басты кейіпкер Хаги ойыншығына шабуыл жасайтын құбыжық. Түрі ұсқынсыз. Тістері ырсиып, денесін түк басқан. Балалардың бұл ойыншыққа әуестенгені психологтарды алаңдатып отыр.

"Мұндай қорқынышты немесе депрессивті ойыншықтар баланың психикасына жағымсыз тұрғыдан кері әсер етеді. Өйткені баланың жалпы психикасы қалыптаспағандықтан, жақсы-жаман, шынайы-өтірік әлемді толық ажырата алмағандықтан және олармен көп уақыт өткізгендіктен, міндетті түрде ондай нәрседен әсерленеді", - дейді психолог Ержан Мырзабаев.

Сондай-ақ мамандар баланың көңіл-күйсіз жүруі ойыншыққа байланысты болуы мүмкін екенін алға тартты.

"Бұндай ойыншықтарға қарап, балалар солардың мимикаларын, солардың эмоцияларын қайталауы мүмкін. Көп жағдайларда қабағы түйіліп жүруі сол ойыншықтардың әсерінен болуы ғажап емес", - дейді психолог Ержан Мырзабаев.

Ең алдымен психологтар баланың үйде қандай мультфильм көретініне баса назар аудару керек дейді. Сондай-ақ көңіл-күйді көтеріп, дамуына пайдасы тиетін ойыншықтарды ғана әперген абзал екенін ескертуде.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1982293-psixologtar-xagi-vagi-kisi-misi-oiynsyqtary-balanyn-zuike-zuiesin-buzady/

pixel