Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2023 жылға арналған макияж: трендтер мен кеңестер

Опубликовано:

2023 жылға арналған макияж: трендтер мен қағидалар
Бойжеткенге макияж жасау сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жаңажылдық кеште әрбір қыз мінсіз көрінуге ұмтылады. Жинақы жасалған макияж арқылы сыртқы келбеттің әдемілігін көрсету оңай. Vogue, Glamour және Elle Girl сән басылымдары әдемі образ жасаудың нұсқаулығын бөлісіп, негізгі трендтер мен үйлесімді түстер жайлы тарқатып берді.

2023 жылға арналған макияж үрдістері мен трендтегі түстер

Келе жатқан сән маусымында кешкі макияж трендтеріне, соның ішінде жаңажылдық кештерге арналған бет әрлеу түрлеріне мән беріңіз. Бұл жылы ненің сәнді екенін бірге талқылап көрейік:

Жылтырақтар

Жылтыраған элементтер – сәнқойлардың сүйікті заты. 2023 жылы мынадай әшекейлерді таңдаңыз:

  1. Жапсырмалы моншақтар (стразалар). Оларды сызық пішінімен қабаққа, сондай-ақ бетке, қасқа жапсырып сәндейді.
  2. Жылтырақтар. 2023 жылы жылтырақтарды ашық түсті далаптармен үйлестіріп бояған сәнді көрінеді.
  3. Қабақтағы конфетти. Мұндай сәнді макияжды Патрик Та супермодель Джиджи Хадидке арнап жасады. Қабаққа арналған қола түсті бояу көздің үстіне жағылған әр түрлі реңктегі жылтырақ үлпектермен жақсы үйлесім табады. Бұл образ ашық қызыл далаппен және қысқа шаш үлгісімен толықтырылған.

Жаңа жыл түнінде жылтырақтарға басымдық беру жылтыраған зер мен шыршадағы шамдарды еске салады. Мұндай макияж мерекелік көңіл-күй сыйлайды және таңғажайып сиқырлы әлемнің әсерін сезіндіреді.

Ерекше сызықтар

Әдемі боялған сызықтар көзді үлкейтіп, көзқарасты одан сайын еліктіргіш етіп көрсетеді. Жаңажылдық кеште мынадай сызықтар үйлесімді көрінеді:

  • Теріс кеңістік техникасы;
  • Жапсырмалы моншақтар, інжу;
  • Көбелек пішіні;
  • Ақ-қара графикалық сызық.

Классикалық анық сызықтар да өз позициясын жоймайды. Byrdie басылымы мерекелік макияжды қара түспен емес, кобальттық көк түсте бояуды ұсынады.

Жақ тұсына басымдық беру

Салқын күндерде бетті балғын әрі жас көрсету үшін қызартыңқырап бояған жөн. Жаңажылдық макияж нұсқалары мынадай:

  • контур түрінде;
  • самайдың астыңғы бұрышы;
  • самайдан төбеге дейінгі С-пішіні.

Қыс мезгілінде екі ұртқа және кеңсірік тұсына қызғылт немесе шабдалы түстес бояу жағу - келбетті мінсіз көрсететін нұсқа. Бет әрлеуде неғұрлым табиғи әрі терімен біркелкі боп көрінетін, балғындық сыйлайтын кремді текстураларды қолданыңыз.

Жылтыраған қас

Бұл - әлеуметтік желіде кеңінен танылған ерекше тренд. Мұндай макияжды жасау үшін қасты үлпілдетіп, оған желім жағып, содан соң жылтырақ опасын қолдану керек. Осындай макияжда көпшіліктің назары қасыңызға түсетін болады.

Vogue басылымы жылтыраған қас сауық кештерінде өте әдемі көрінеді деп жазады.

Түстердің үйлесімі

Макияждың қандай түсте болатынын таңдау қиын емес. Бәрі косметикалық өнімдерге байланысты:

  • Көз бояуы. Трендте жылтырайтын, жұмсақ және ашық түстер: алтын, күміс, қара және қоңыр, нәзік қызғылт, көгілдір, зүбаржат және көгілдір түсті бояулар. Әсіресе осы түстердің бір макияжда үйлесім табуы ерекше әдемі көрінеді.
  • Бет далабы. Қызғылттау реңктерді таңдаңыз.
  • Ерін далабы. Сауық кештеріне ашық қызыл түстер дұрыс.

Кештерге жиналған кезде терінің біркелкі болуына және жылтырап тұруына мән беріңіз. Текстураға келетін болсақ, макияжға сәнді ылғалдық әсерін беру үшін кремді өнімдер мен жылтырайтын далап таңдаңыз.

Жаңажылдық макияждың жасалу реттілігі

2023 Жаңа жылды қарсы алуға арналған стильдік макияж сіздің келбетіңіздің әдемілігін айқындайтындай әрі сәндегі трендтерге сай болуы керек. Бұл талаптарға smokey eyes, яғни көзге басымдық бере отырып жасалған макияж сай келеді. Макияждың бұл түрін қара, қоңыр, жұмсақ немесе ашық түстерден, жылтырақтармен, жапсырмалы моншақтармен немесе декоративтік элементтермен сәндеу арқылы жасайды.

2023 жылға арналған макияж: трендтер мен қағидалар
Жаңажылдық макияж. Көрнекі сурет: YouTube/SHIKSTUDIO. Наталья Шик

"Смоки айс"-ты қоңыр-алтын түстерді қолдана отырып, сәл ылғал әрі жылтыр етіп жасауды ұсынамыз. Трендтегі мерекелік макияжды жасауға мынадай құралдар мен косметикалық өнімдер қажет:

  • праймер;
  • тоналды негіз, консилер;
  • қалам және қасқа арналған щетка;
  • қабаққа арналған қошқыл-қоңыр сұйық бояу;
  • алтын-сарғыш түстегі құрғақ көз бояу палеткасы;
  • қоңыр кайал немесе сүрме;
  • кірпікке арналған көлем беретін тушь;
  • кремді бет далабы;
  • ерінге арналған қалам немесе далап;
  • хайлайтер;
  • макияжға арналған қылқалам жиынтығы, спонж.
2023 жылға арналған макияж: трендтер мен қағидалар
Консилер жағу. Көрнекі сурет: YouTube/SHIKSTUDIO. Наталья Шик

Макияжыңыз жарасымды болып шығу үшін нұсқаулыққа жүгінген абзал:

  • Беттің өңін тегістеңіз. Тазаланған құрғақ теріге праймер жағыңыз, мақта дискісімен жақсылап сүртіңіз.
  • Көздің астына және беттің проблемалы тұстарына саусақпен немесе қылқаламмен консилер жағыңыз;
  • Тоналды кремді дөңес тәрізді спонжбен бетке жағып шығыңыз.
  • Қасты щеткамен тарап, қажет жерін қоңыр қаламмен бояңыз.
2023 жылға арналған макияж: трендтер мен қағидалар
Қасты бояу. Көрнекі сурет: YouTube/SHIKSTUDIO. Наталья Шик
  • "Смоки" жасаңыз: қабаққа және төменгі кірпік тұсына ылғал қоңыр көз бояуын жағыңыз. Кремді қоспадағы көз бояуларының текстурасы ылғалдылық әсерін береді.
  • Жылтырайтын көз бояуының палеткасын алыңыз, ашық түсімен қастың астына жұқа сызық сызыңыз. Алтын түсті бояуды жұқа қылқаламмен қабақтың үстіне жағып, жиектерін жақсылап тегістеңіз.
2023 жылға арналған макияж: трендтер мен қағидалар
Смоки айс. Көрнекі сурет: YouTube/SHIKSTUDIO. Наталья Шик
  • Саусақ ұшымен үстіңгі қабақтың ортасына жылтырайтын әсері бар қабақ бояуын жағыңыз. Жұмсақ щеткамен тегістеп шығыңыз.
  • Қоңыр кайалмен үстіңгі және астыңғы кірпік өсетін тұсты бояңыз. Мұндай әдіс көзқарасты әдемі ете түседі. Қаласаңыз, көздің үстін сұйық сүрмемен сызыңыз.
2023 жылға арналған макияж: трендтер мен қағидалар
Көзге сүрмемен жіңішке сызық сызу. Көрнекі сурет: YouTube/SHIKSTUDIO. Наталья Шик
  • Үстіңгі және астыңғы кірпіктердің көлемін ұлғайтатын тушьпен бояңыз.
  • Кремді бет далабын ұртыңызға немесе жақ сүйегінің тұсына жағыңыз. Тегістеп шығыңыз.
  • Еріннің жиегін қаламмен бояңыз. Содан соң макияжға сәйкес келетін немесе сәл ашық реңктегі далап жағыңыз.
2023 жылға арналған макияж: трендтер мен қағидалар
Ерін далабы. Көрнекі сурет: YouTube/SHIKSTUDIO. Наталья Шик
  • Жақтың тұсын, көздің айналасын, маңдай және иекті хайлайтер көмегімен жылтыратыңыз.
2023 жылға арналған макияж: трендтер мен қағидалар
Бетке хайлайтер жағу. Көрнекі сурет: YouTube/SHIKSTUDIO. Наталья Шик

"Смоки айс" макияжы ойдағыдай шықсын десеңіз, "Уэнздей" сериалының жұлдызы Дженна Ортеганың үлгісіне назар аударып көріңіз. Актриса трендтегі макияжды жасау кезінде төменгі кірпіктің астына жылтырақ жағу арқылы басымдық берген.

Кештерге арналған макияжды таңдағанда өтетін шараның форматын, көйлек стилін және шаш үлгісін, сонымен қатар өз қалауларыңызды ескеріңіз. 2023 жылғы тенденцияларды назарға ала отырып, жаңажылдық кешке ерекше әдемі макияж жасау үшін сарапшылардың кеңесіне мән беріңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2001420-2023-zylga-arnalgan-makiyaz-trendter-men-kenester/

pixel