Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Табаның іші-сыртындағы күйені үй жағдайында қалай тазалауға болады

Опубликовано:

Табаның іші мен сыртындағы күйені қалай тазалауға болады
Табадағы тағам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Күйе болған табаның түрі эстетикаға сай көрінбейді әрі оның адам денсаулығына зияны да бар. Ыдысты әбден тазарғанша және ағзаға залал келтірмейтіндей етіп қалай жууға болады? Әр түрлі металдан жасалған табаның күйесін тазалаудың нәтижелі әдістерін үй шаруашылығын дөңгелетуден тәжірибесі мол ханымдар Марина Жукова мен Агафья Звонарева бөлісті.

Табаның сыртындағы күйені тазалау әдістері

Кез келген тазартқыш өнім табаның сыртқы бөлігін тазалауға жарай бермейді. Кейде агрессивті тазартқыштар ыдысты іске аспайтындай етіп тастауы да мүмкін.

Табаның сыртын күйіктен қалай тазалаймыз? Алюминий, тефлон және керамикалық ыдыстарды сабынды суға жібітіңіз немесе бура (борлы натрий қышқылы) мен мүсәтір (нашатырь) қоспасымен тазалаңыз. Шойын табалар содамен және сіркесумен жақсы тазаланады. Шойын немесе болат табаларға жылдап жиналып қалған майды механикалық тазалау арқылы кетіруге болады.

Сабын ерітіндісінде жібіту

Сабын ерітіндісін қолдану - кез келген материалдан жасалған табаны тазалаудың қарапайым әрі қолжетімді әдісі. Табаны қалай тазалау керектігінің әдістері мыналар:

  1. Үлкен ыдысқа ыстық су құйыңыз.
  2. Ыдыс жуатын немесе басқа да тазалауға арналған сұйықтықты құйыңыз. Ерітіндіні көпіртіңіз.
  3. Табаны сабынды суға ыдыстың бүйірін жауып тұратындай етіп салыңыз.
  4. Көбік ерітіндіде табаны бірнеше сағатқа қойыңыз.
  5. Ыдысты шығарып алып, бүлінген жерлерін қырғышпен қырып жуыңыз.

Бұл әдіспен күйесі қатты емес және орташа бүлінген ыдыстарды жуу тиімді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Л. Ф. Блинов бірлескен авторлармен жазылған "Домоводство" кітабында ыдысты тазалаған кезде майды жақсылап кетіру үшін сабын ерітіндісіне мүсәтір спиртін қосуды ұсынады.

Бура және мүсәтір спирті

Алюминийден жасалған табаны күйеден қалай тазалау керек? "300 полезных советов домашней хозяйке" кітабында алюминий бұйымдарын қалай тазалау керектігі жөнінде нұсқаулық берген Агафья Звонареваның кеңестерін қолданып көріңіз:

  1. Табаны тазалайтын қоспаны дайындаңыз: 200 мл жылы суға 10 г дәріхандан алынған бура және бірнеше тамшы мүсәтір спиртін қосып араластырыңыз.
  2. Дайын құрамды табаның сыртқы бөлігіне жағыңыз.
  3. Қоспа кебу үшін жарты сағат күтіңіз.
  4. Табаны құрғақ шүберекпен сүртіп шығыңыз.

"Настольная книга по домоводству. 1000 практических советов на все случаи жизни" еңбегінің авторлары алюминий ыдысты тазалау үшін бор қоспасын және тең бөлікте күйдірілген магнезияны, сондай-ақ сіркесу қоспасының пастасын, кеуектас (пемза) ұнтағын қолдануға кеңес береді.

Сода және сіркесу

Шойын табадағы күйені қалай тазалаймыз? Cosmopolitan журналы ас содасы мен асханадағы сіркесуын күйені тез кетіретін зат деп есептейді. Шойыннан жасалған табаны май мен күйеден тазалау үшін былай жасаңыз:

  1. Табаның сыртқы жағын жоғары қаратып, тегіс жерге қойыңыз.
  2. Ыдыстың ішкі жағына көбірек ас содасын сеуіп, артынша сіркесу құйыңыз.
  3. Ерітіндіні 30 минутқа қойыңыз.
  4. Қолыңызға сақтық үшін резина қолғабын киіңіз. Сіркесу түгелдей буға айналған кезде табаны кір сабынмен қатты щетка көмегімен тазалаңыз, содан соң жылы сумен шайыңыз.

Бұл тәсілді күйікке қарсы жабыны бар табаларға мүлде қолдануға болмайды.

Табаның іші мен сыртындағы күйені қалай тазалауға болады
Ас содасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Механикалық тазалау

Болаттан, алюминийден және шойыннан жасалған ескі табалардың жылдар бойы қатып қалған майы мен күйесін кетіруге қарапайым әдістер мен химиялық өнімдер көмектеспеген жағдайда механикалық тазалауға жүгінген жөн. Күйені тазалау үшін мына құрылғылар көмектеседі:

  • Ажарлағыш машина (шлифмашинка) немесе шарқайрақ. Бұл әдісті далада, жанғыш заттардан аулақ жерде жасау керек. Кірді дұрыстап тазалау үшін арнайы саптамаларды қолданыңыз.
  • Металға арналған щетка. Тазалау жұмысын бастамас бұрын табаны қыздырып алған жөн.
  • Дәнекерлейтін лампа. Жоғары температураның әсерінен күйе қабаттары түсіп қалады.

Барлық механикалық әдістің белгілі бір кемшілігі бар: тазалау барысында ыдыстың жоғары қабаты бүлінеді (эмаль, анод қабаты). Сондықтан да бұл әдісті тефлоннан және басқа да материалдан жасалған табаларды тазалауға қолданбаңыз.

Табаның ішкі бөлігіндегі күйені қалай тазалаймыз?

Табаның ішкі бетін тазалау үшін лимон шырынын қолданыңыз, ыдыстарды сода қосылған сабынды ерітіндіде, сода күлі мен силикат желімінің қоспасында, ұнтақ пен өсімдік майының ерітіндісінде қайнатыңыз.

Лимон

Лимон шырыны жабыспайтын табаларды өңдеуге жарамды. Тазалау түрі қарапайым:

  1. Табаны ыдыс жуатын өніммен жуып, құрғақ сүлгімен құрғатыңыз.
  2. Лимонды қақ ортасынан бөліңіз.
  3. Лимон шырынымен ыдыстың ішкі бөлігін сүртіңіз. Ол тефлон жабынына зақым келтірмей, күйені оңай тазалайды.

Лимонның орнына лимон қышқылы ұнтағын қолдануға болады. Ұнтақты суға ерітіңіз (200 мл суға 1 ас қасық ұнтақ), жөкені немесе матаны сулап алып, табаның ішін сүртіңіз. Егер ыдыс қатты кірлеген болса, ерітіндіні ішіне құйып, 3-5 сағатқа қалдырыңыз. Содан кейін ыдыс жуатын сұйықтықпен жуып, ағын сумен шайып алыңыз.

Сабын және ас содасы

Ас содасы кез келген ыдыстың, соның ішінде керамикалық табаның күйесін жақсы тазалайды. Ал күйеге қарсы жабыны бар ыдыстарға бұл өнім жарамайды. Табаның ішін тазалау үшін мына әдісті қолданыңыз:

  1. Табаға 1 л жылы су құйып, 10 мл ыдыс жуатын сұйықтық пен 100 мл ас содасын қосыңыз. Табаны отқа қойып, ерітіндіні қайнатыңыз. Қайнату кезінде сода ерітіндісі табадағы майдың, күйенің және күйген тағам қалдықтарының көп бөлігін кетіреді.
  2. Тазалайтын қоспасы бар ыдысты пештің үстінен алып, 20 минутқа қалдырыңыз.
  3. Күнделікті әдіспен табаны жуып шығыңыз. Қатты кірлеген жерін жөкемен немесе қырғышпен ысқылаңыз.

Сұйық сабынның орнына кір сабын қолдануға болады. Сабынды алдын-ала үккішпен үгітіп алу керек.

Кальций қосылған сода және силикат желімі

Табаны күйеден қалай тазалау керек? "Чистый дом — счастливый дом. Полезные советы о наведении порядка и уюта" кітабының авторы Марина Жукова ыдысты тазалаудың дәлелденген ескі әдісін бөлісті.

Тазалау кезеңдері:

  1. Табаның бетіне жеткенше су құйып, отқа қойыңыз.
  2. Су қайнаған кезде 3 ас қасық кальций содасын қосыңыз. Содан соң екінші қоспа ретінде 100 мл силикат желімін (канцелярлық) құйыңыз. Егер ыдыс қатты бүлінбеген болса, қоспа мөлшерін жартысына дейін азайтуға болады (1-2 ас қасық сода, 50 г желім). Консистенция біркелкі болу үшін қоспаны араластырыңыз.
  3. Табадағы қоспаны кем дегенде 1 сағат қайнатыңыз. Осы уақыт аралығында таба ыстан, күйеден тазарады.
  4. Табадағы қоспаны сүртіп, сумен жуыңыз. Егер күйе тығыз болып жиналып тұрса, оны жөкенің қатты жағымен ысқылап, күнделікті ыдыс жуатын сұйықтықпен жуып алыңыз.

Таба жақсы тазаланады, жабын қабаты бүлінбейді. Күйеден тазалаудың бұл әдісін шойын, болат, алюминий және дюраль табаларға қолданған тиімді.

Табаның іші мен сыртындағы күйені қалай тазалауға болады
От үстіндегі таба. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кір жуатын ұнтақ және маймен қайнату

Күйені тазалаудың тағы бір қарапайым әдісі – кір жуатын ұнтақ пен май арқылы қайнату. Тазалау әдісі мынадай:

  1. Үлкендеу ыдысты сумен толтырыңыз, бірнеше ас қасық күнбағыс майын және аздап кір жуатын ұнтақ қосыңыз.
  2. Ыдысты орташа жанған отқа қойып, оған жуатын табаны салыңыз.
  3. Ерітіндіні қайнағанша отта ұстаңыз.
  4. Ыдысты оттан алып, табаны жуыңыз.

Бұл әдіс күйікке қарсы жабыны бар табаларға жарамайды.

Тағам және май қалдықтары жоғары температураның әсерінен табада күйе түзіп, металдың тығыз қабатында жиналады. Табаның күйген жерін тазалауға болады. Үй шаруасындағы тәжірибелі адамдардың кеңесіне жүгінсеңіз, қазаныңыз жарқырап тұратын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2002067-tabanyn-isi-syrtyndagy-kuieni-ui-zagdaiynda-qalai-tazalauga-bolady/

pixel