Жаңа 2023 жылға арналған шаш сәндеу үлгілері: әр түрлі ұзындықтағы шашты қалай сәндеуге болады
Жарияланған күні:
Жаңажылдық бейнені әдемі шаш үлгісі толықтырып тұрады. Шаш сәндеудің трендтерге сай болуы әрі киілетін көйлекпен үйлесуі мен сұлулығыңызды айқындай алуы маңызды. Harper's Bazaar және Elle Girl журналы ұжымдық кездесулер немесе үйде өтетін сауық кештерге арналған кез келген ұзындықтағы шашты буып-түюдің қыр-сырын бөлісті.
Жаңа 2023 жылға қандай шаш үлгісін жасаған дұрыс? Қоян жылында жасалуы күрделі емес шаш үлгісі мен сәндеу тәсілін таңдаңыз, бұрымға тағатын әшекейлерге екпін қойыңыз: дымқыл боп көрінетін жоғары түйілген шаш, шашты ұйпа-тұйпа күйінде буып алдыңғы бұрымдарын кекіл етіп түсіру, бантикпен жасалған мальвинка, әшекейлермен бірге төмен буылған шаш, қиғаш тоғыншақ (ободок) тағылған толқынды шаш үлгілері.
Дымқыл боп көрінетін жоғары түйілген шаш
Harper's Bazaar журналы шаштың дымқыл боп көрінетін үлгісін 2023 жылғы шаш сәндеу тренді деп жазады. Кез келген шарада әдемі көріну үшін Камила Кабелло сияқты дымқыл әрі жоғары қарай түйілген шаш сәндеу үлгісін жасап көріңіз. Мұны жасау өте оңай:
- Таза, аздап ылғал шашқа шаш сәндеуге арналған ылғалдық әсері бар гельді жағыңыз.
- Жеңіл толқындар жасау үшін шашыңызды саусақтарыңызбен қысыңыз.
- Бұрымды табиғи жолмен немесе феннің көмегімен аздап кептіріңіз.
- Шашты желкеге қарай буыңыз, орап жинап, түйін жасаңыз. Түйілген шашты түйреуіштердің көмегімен бекітіңіз.
- Шашыңыздың арасынан бетке жақын тұсына қарай жұқа шашты шығарып қойыңыз.
- Шаш үлгісі қалпын өзгертпес үшін лак сеуіп қатайтып қойыңыз.
Сәнді шаш үлгісін әдемі әшекейлермен, жарасымды макияжбен толықтырыңыз. Мұндай шаш үлгісіне еденге дейін төгіліп тұратын көйлектер мен шалбарлы костюм кию үйлесімді көрінеді.
Шашты ұйпа-тұйпа күйінде буып алдыңғы бұрымдарын кекіл етіп түсіру
2023 жаңажылдық ұжымдық кешке қандай шаш үлгісін жасауға болады? Мұндай сауық кештеріне ұстамды, стильді шаш үлгілерін таңдаңыз. Бұл жағдайда қысқа шаш нұсқалары ыңғайлы: шашты ұйпа-тұйпа күйінде буып, бұйра кекіл жіберу, бантик тағылған мальвинка немесе әшекейлермен сәнделіп, төмен түйілген шаш үлгісі.
Қарапайымдылық пен әсемдік – 2023 жылғы шаш үлгілеріндегі сәнді тенденция. Егер сіз ұзын немесе орташа ұзындықтағы шашқа жасалуы күрделі емес, романтикалық шаш үлгісін қаласаңыз, ұйпа-тұйпа күйінде буылған шаш түрін байқап көріңіз. Шаштың сәнделуі былай жүзеге асады:
- Таза, құрғақ шашқа көбік немесе мусс жағыңыз.
- Жеңіл бұйралар жасаңыз. Ол үшін үлкендеу бигуди немесе бұйралағыш қысқыш қолдануға болады. Анастасия Волкова "Прически. Большая энциклопедия" кітабында шаш бұйралауға арналған құралдарды қолданған кезде арнайы қысқыштар қолдануға кеңес береді: бұл майда бұйралар емес, әдемі толқын тәрізді шаш үлгісін жасауға көмектеседі.
- Бастың алдыңғы жағындағы шашты айырып бөліңіз. Шаш бетті әдемі етіп көмкеріп тұру керек.
- Шашыңыздың қалған бөлігін жоғары және төмен қарай жинаңыз. Резеңкемен бекітіңіз.
- Буылған шаш арасынан жіңішке етіп шашты бөлек шығарып алыңыз және оған резеңке байлаңыз. Түйреуіш тағыңыз.
Әдемі көлем беру үшін саусағыңызбен төбедегі шашты түзетіңіз. Үлкен шеңберлі сырғалар образыңызды толықтыра түседі.
Бантикпен жасалған шаш үлгісі
Бант – келе жатқан жылдың трендтегі әшекейі. Көптеген атақты адам шашты осылай безендіру арқылы әдемі шаш үлгісін көрсетті. Бантпен жасалған шаш үлгісі мерекелік көңіл-күй сыйлайды әрі балаларға тән сүйкімділікті көрсетіп тұратындай. Elle Girl Жаңа жылда BLACKPINK-тегі Розэ тәрізді шаш сәндеу үлгісін жасауды ұсынады.
- Шашты сусабынмен жуыңыз. Фенмен кептіріңіз. Оны бұйралауға немесе түзу қалпында қалдыруға болады.
- Шаштың бір бөлігін самайдан шығарып, желке тұсына резеңкемен жинаңыз. Сол кезде мальвинка тәрізді сүйкімді шаш үлгісі шығады.
- Резеңкенің үстіне атлас матадан жасалған лента байлаңыз немесе дайын әшекей тағыңыз.
Шаш үлгісі қарапайым көрінеді, сондықтан төгіліп тұратын макси-көйлектермен жақсы үйлеседі. Бұлай сәнделген шаш үлгісі иығы ашық көйлектермен де жарасымды.
Әшекейлермен төмен түйілген шаш үлгісі
Тегіс немесе көлемді етіп түйілген шаш – кез келген мерекеде жасауға болатын нұсқа. Нұсқаулықты рет-ретімен орындаңыз:
- Таза шашқа сәндеуге арналған мусс жағыңыз.
- Үлкендеу бигудимен шашты бұйралаңыз және фенмен кептіріңіз.
- Шаш құрғаған кезде бигудиді шешіңіз. Бұйраларды саусақпен түзеңіз.
- Шашты желке тұсына жинап, резеңкемен буыңыз.
- Буылған шашты екі бөлікке бөліп, ақырындап тараңыз, содан соң түйіңіз. Қыстырғыштар тағыңыз.
- Шаштың төменгі жанындағы бөлігін ірі тастары бар әшекейлермен әрлеңіз.
Шаш сәндеудің осы бір бірегей түрі кештерге арналған кез келген көйлекпен үйлесе кетеді. Әсіресе орташа миди ұзындығындағы көйлектермен өте әдемі көрінеді.
Қиғаш тоғыншақ тағылған толқынды шаш үлгілері
2023 жаңажылдық кешке қысқа шашқа қандай шаш үлгісін жасауға болады? Құлақтан сәл ғана түсіп тұратын ұзындықтағы шашты қиғаш тоғыншақ арқылы сәндеп көріңіз. Қысқа шашты жеңіл бұйралармен сәндеген ыңғайлы. Жасалу реті мынадай:
- Таза, ылғал шашқа көбік жағыңыз. Шаштың барлық бөлігіне үлестіріп жағып шығыңыз.
- Бигуди салып, фенмен 5-7 минут кептіріңіз.
- Бигудиді алып тастаған соң шашты саусақтарыңызбен босатыңыз.
- Француз бұрымы пішінінде тоғыншақ өріңіз. "Косы и прически. Уроки плетения" кітабының авторы Наталия Обухова берген кеңес бойынша жасаңыз: шаштың кішкене бөлігін алып, 3 бөлікке бөліңіз және шашты екі жаққа біртіндеп өріңіз.
- Бұрымның түбін резеңкемен бекітіңіз, әдемі қыстырғыш тағыңыз.
Жеңіл бұйралар әйелдің ажарына әдемі көрік беріп тұрады және неғұрлым табиғи етіп көрсетеді. Сәнделген шаш мерекенің соңына дейін бұзылмай тұруы үшін лак сеуіп қойыңыз.
Жаңа жылға арналған мерекелік шаш үлгісі ауыр, өте тығыз немесе жасалуы күрделі болмауы керек. Сән әлемінде жеңіл, қарапайым, өрілген және әшекеймен безендірілген шаш үлгілері трендте болмақ. Шаш сәндеу кезінде шаштың ұзындығына, киетін көйлек түріне және беттің пішініне мән беріңіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2002501-zana-2023-zylga-arnalgan-sas-sandeu-ulgileri-ar-turli-uzyndyqtagy-sasty-qalai-sandeuge-bolady/