Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жігіт емес, өзіңді табу: ажырасудан кейінгі бақытты өмір рецепті

Опубликовано:

Жаңа жігіт емес, өзіңді табу: ажырасудан кейінгі бақытты өмір рецепті
Әдемі көйлек киген қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Махаббат хикаясының соңы қай кезде де өмірдің жаңа кезеңінің бастауы болып саналады. Сүйіктіңізбен ажырасқаннан кейін қайта қалыпқа келу үшін не істеу керек және өмірден не қалайтыныңызды, қарым-қатынастың қандай болғанын түсінудің жолы қандай? Жалғыздықты да бақытты етіп өткізу жөнінде жазылған кітаптың авторы Тэмсин Федэл бұл жөнінде кеңестерін айтты.

Қарым-қатынасты аяқтаңыз

Ажырасу туралы құжат және шабадандарға салынған заттар күйеуіңізбен немесе сүйікті адамыңызбен қарым-қатынасыңызға қойылған соңғы нүкте емес. Сіздің өткен күндерде ойша тоқтап қалғаныңызды көрсететін бірнеше үлгі бар:

  • Араларыңызда болған барлық жақсылық пен жамандықты еске түсіресіз. Керемет сезім мен эмоцияларды қайтадан бастан өткеріп жатқандай күй кешесіз.
  • Екеуіңіздің ортақ суреттеріңізді қайта қарап шығасыз.
  • Бұрынғы сүйіктіңізді әлеуметтік желіден аңдып отырасыз және ол туралы достарыңыз бен таныстарыңыздан сұрап тұрасыз.

Әркімнің сәтсіз қарым-қатынасты аяқтауының өз қарқыны бар. Асықпаңыз, бірақ ол жерде де ұзақ уақыт тұрып қалмаңыз. Өзіңізге екі сұрақ қою арқылы назар аударыңыз: "Ажырасқаннан кейін қандай қорытынды жасадым?" және "Болашақта қандай қарым-қатынасты қалаймын?" Адамдардың бойынан нені ұнататыныңызды және сізді не қағажытатынын түсініңіз, сонымен қатар бұдан былай онымен ымыраға келмеуге тырысыңыз.

Жаңа жігіт емес, өзіңді табу: ажырасудан кейінгі бақытты өмір рецепті
Табиғат аясында кітап оқып отырған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жаныңыз жараланғаннан кейін қайта жинақталыңыз

Серігіңізбен ара-қатынасыңызды үзгеннен кейінгі психологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру процесі бірнеше кезеңді қамтуға тиіс:

  1. Негізгі қажеттіліктерді реттеу: ұйқы режимін орнату (7-9 сағат), тамақтану, жаттығу, медитация.
  2. Осал тұсыңызды көрсете алатын, сүйіспеншілік пен қолдау білдіретін жақын адамдармен араласу.
  3. Қоғамға шығу, достар шеңберін кеңейту, жаңа хобби, іс-әрекет пен талғамның пайда болуы.

Психологтар шетел тілдерін үйренуге және кроссвордтар шешуге кеңес береді. Өмірді безендіріп, өткеннің мұңын сыпырып тастау үшін мидың ойлануына ерік беріңіз.

Өзіңізді жоғары бағалаңыз

Ажырасу қалай болғанда да әйелдің өзін-өзі бағалауына соққы болып тиеді. Мұндайда әйел тартымдылығына күмән келтіреді және арадағы жағдайды реттей алмағаны үшін, қарым-қатынасты сақтап қала алмағаны үшін өзін кінәлі сезінеді. Сіз осалдық танытасыз, жалғыздықтан да, жаңа қарым-қатынастан да қорқасыз, ал ер адамдардан тағы да сәтсіздікке ұшырап қаламын ба деп қашқақтайсыз.

Екеуі де қате стратегия. Сәл тынышталып, оның орнын басатын адамдардың жоқ емес екенін түсінуіңіз керек. Сіз дұрыс және күшті қарым-қатынасқа лайықсыз. Көрпе жауып жылытатын, тамақ әкелетін, көлік жуатын қызметті емес, өміріңізді көркем ететін адамыңызды күтіңіз. Сынық аяқпен жүгірмеңіз, керісінше әрі қарай ақырын жүріп, анық басу үшін жараңызды емдеңіз.

Өз-өзіңізді бағалауды күмәнді махаббат оқиғаларымен емес, ішкі және сыртқы өзгерістер арқылы көтеріңіз. Шаш үлгісі мен түсін өзгертіңіз, артық салмақтан арылыңыз немесе бұлшықетті қатайтыңыз, стилист пен психологқа барыңыз. Бұрын алыстан назар салып өтетін көйлектерді, сөмкелер мен әшекейлерді сатып алуға мүмкіндік беріңіз. Өзіңізді бұрынғы күйеуіңіз жасамаған әрекеттерді жасау арқылы еркелетіңіз.

Жаңа жігіт емес, өзіңді табу: ажырасудан кейінгі бақытты өмір рецепті
Дүкеннен қайтқан әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Еркіндіктен ләззат алыңыз

Қолыңыз бос кезде рахаттанып өмір сүріңіз. Қарым-қатынастағы адамдар өздерінің талғамдарын, әдеттері мен қалауын ұмытады. Жалғыздық сіздің шынайы болмысыңызға оралуға мүмкіндік береді. Қазір мына дүниелерді жасауға тамаша уақыт:

  • армандар тізімін жазу;
  • болашақты романтизациялау;
  • ләззат әлеміне ену.

"Одна и счастлива: Как обрести почву под ногами после расставания или развода" кітабының авторы Тэмсин Федэл саяхаттауға, дәмді тағамдар жеуге, балалардың немесе жиендердің жетістіктерінен ләззат алуға, жаңа дін немесе кәсіп іздеуге, сондай-ақ көңіл-күйіңізді бақылап, көтеріңкі және позитивті қалыпта ұстауға кеңес береді. Би, әзіл, ерікті болу, қайырымдылық немесе тәлімгерлік жасау секілді кішкентай әрекеттер жағымды әсер қалдырады.

Түйін шығарған соң өзіңіздің жаңа нұсқаңызбен танысыңыз

Күрделі кезеңдерден өткен соң сізде мақтануға тұрарлық әлдебір сезім пайда болады. Жүріп өткен жолыңызға міндетті түрде зер салып, жұмсаған қажыр-қайратыңызды бағалаңыз, одан түйін шығарып, өзіңізді мақтап қойыңыз. Пайдалы жаңа дағдыларды үйрену, жаңа армандар мен қажеттіліктерді бағалау бәрінің түйінін шығаратын қадам болмақ:

  • Эмоцияларыңызды басқаруды үйреніңіз және үнемі салмақты қалыпта болыңыз.
  • Өмірде өзіңізді бірінші орынға қойыңыз.
  • Сізге еркіндік пен қарым-қатынас екеуінің қайсысы қажет екенін шешіңіз.
  • Бес жылдан кейін қандай болғыңыз келетінін ойланыңыз.

Өзіңізді зиянды адамдардан алыс ұстап, айналаңызды бақытты адамдармен қоршаңыз. Позитивті ойлаңыз және жан-дүниеңіздегі ішкі бақыттың көзін табыңыз. Кейде күлу үшін стендап көрудің қажеті жоқ. Ерніңізді керіп күлімдеңіз, сол кезде көңіл-күй өздігінен пайда болады, ал денеңіз жағымды әсер алады.

Жаңа жігіт емес, өзіңді табу: ажырасудан кейінгі бақытты өмір рецепті
Күлімдеп келе жатқан қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ажырасу - бұл ауадағы құлыптардың күйреуі ғана емес, ол жаңа өмірді құрудың алғашқы кірпіші. Кезекті серігіңізді іздемеңіз, қалыпқа келіп, өзіңізді табыңыз және жаныңызда кім болса да, бақытты өмір сүруді үйреніңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2007206-zana-zigit-emes-ozindi-tabu-azyrasudan-keiingi-baqytty-omir-recepti/

pixel