Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық тележүргізуші: Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдердің өз-өзіне көңілі толмайды

Опубликовано:

Ғазиза Райымбек
Фото: instagram.com/gazizaraimbek

Отандық продюсер Ғазиза Райымбек қазақ әйелдерінің тағдыры мәселесін көтерді. Маман тағдыр тауқыметін тартқан әйелдердің басты проблемасы - бойындағы сенімсіздік екенін алға тартады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ғазиза Райымбектің сөзінше, бүгінде қазақ әйелдері мәселесі өте күрделі тақырыптардың бірі. Себебі көптеген әйел отбасы, ошақ қасындағы түрлі жағдайдан қажып, бойындағы бар асыл қасиетінен айырылады. Сол себепті, нәзік жандылар өз проблемасын айтудан еш қысылмауы керек деп есептейді. "Ауруын жасырған өледінің" кері болмас үшін әйелдер өзін жақсы көруі керек деген ойын айтты продюсер.

"Өз-өзіне көңілі толмайды. Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдердің бәріне ортақ қыр - сол. Өмір алдымен олардың жанарындағы отты өшіріп, сұлулықтың, махаббаттың, арман-мақсаттың келе жатқан жолын қараңғылап тастаған сияқты көрінеді. Бірақ сол жәудіреген жанарлардағы сенімсіздікті жеңсек, қазақ әйелдерінің осалы жоқтығына мың мәрте көз жеткізер еді", - дейді ол.

Бұл ретте журналист тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуі де бүгінгі күннің өзекті проблемасы екенін атап өтті. Ол алдағы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен тағдыр тауқыметіне түскен әйелдердің мәселесін көтермек. Өзінің продюсерлігімен жарыққа шығатын "Ащы шындық" бағдарламасында ол шынайы кейіпкерлер арқылы бұл проблеманың қаншалықты маңызды екенін көрсетпек ниетте. Десе де Ғазиза Райымбектің айтуынша, мәселесін айтудан қорқатын, соңғы сәтте эфирден кетіп қалатын кейіпкерлер де көп.

"Көрерменге әділдік маңызды. Өз өмірлеріне ұқсас оқиғаны экраннан көріп жатса, санада сұрақ белгілері қалмауы тиіс. Әрине, кездесуден қашып, бетпе-бет сөйлескісі келмейтін немесе соңғы сәтте теріс бұрылып, кетіп қалатын кейіпкерлер табылады. Ескі жараны тырнау немесе сатқынның көзіне тура қарау кімге оңай дейсіз? Бірақ ол шығармашылық топтың еншісінде қалатын мәселе. Сапалы, бүкпесіз, боямасыз телеөнімді ұсынып, қазақ әйелдерінің, көрерменнің алдындағы парызымызды адал орындай алатымызға күмән болмауы тиіс", – дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2010122-otandyq-telezurgizusi-tagdyr-tauqymetin-tartqan-aielderdin-oz-ozine-konili-tolmaidy/

pixel