Ашық қоңыр түсті макияж: қалай дұрыс жасау керек және нені ескерген жөн
Жарияланған күні:
Әрбір әйел тартымды әрі табиғи сұлу боп көрінуге тырысады. Ал ашық қоңыр түсті макияж жасау арқылы бұл тілегіңізге қол жеткізуге болады. Мұндай макияждың ерекшеліктері қандай және оны жасау үшін не қажет екенін әйгілі визажист Гоар Аветисян мен Harper's Bazaar журналының сұлулық сарапшылары тарқатып айтты.
Ашық қоңыр түсті макияждың құпиясы
Бет ажарының жастығы, табиғи сұлу боп көріну, балғын тері сән әлемінің тұрақты трендіне айналды. Табиғи сұлулық денеңізге сүйіспеншілікпен қарауға, баттасқан жарқын макияждан бас тартуға итермелейді. Бүгінде айқайлап тұратын бояулардың орнын ашық қоңыр реңктермен жасалған макияж ауыстырды. Боянудың бұл түрі кеңседе де, қызыл кілемде де әдемі көрінеді, мұны ажары айдай Пенелопа Крус дәлелдеді.
Ашық қоңыр түсті макияж дегеніміз не? Макияждың бұл түрінің негізгі қағидасы - табиғи көрінетін бояулардың басым болуы. Сондықтан ашық қоңыр түсті макияжда графикалық сызықтар, агрессивті пішіндер немесе тым жарқын ерін далабы қолданылмайды. Harper's Bazaar журналының сарапшылары ерінге жарқыраған далап жағу терінің ұсақ кемшіліктерін айқын көрсететінін айтады. Ашық қоңыр түсті макияждың негізгі міндеті беттің балғындығы мен тазалығын көрсету, табиғи сұлулықты айқындау болып саналады. Сондықтан да ажарыңызды барынша мінсіз көрсетуге және терідегі ұсақ кемшіліктерді жасыруға тырыспаған жөн. Мысалы ұйқының қанбауынан кейінгі көздің шаршауын немесе аздаған мимикалық әжімдерді жауып тастамағаныңыз дұрыс.
Ашық қоңыр түсті макияж неден тұрады? Ашық қоңыр түсті макияждың ең маңызды бөлігі - жақсы күтім жасалған әрі жарқыраған тері. Теріге әдемі өң беруге тоналды креммен араласқан ылғалдағыш крем мен сұйық хайлайтер көмектеседі. Elle журналының сарапшылары бьюти-өнімдердің мұндай қосындысы беттегі кемшіліктерді жасыруға, теріні жарқыратуға және балғындық әсерін беруге әсер ететінін айтып өтті.
Ашық қоңыр түсті макияжды жасау үшін не қажет? Elle жазған мәлімет бойынша табиғи көрінетін макияжды жасау үшін сүрме (тушь), консилер, хайлайтер және жеңіл тоналды негіз қажет. Құрамында күтімге арналған қоспалары бар өнімдерді таңдаған жөн.
Flacon журналының сұлулық сарапшылары барлық бояу жұқалап жағылып, мұқият тегістелуі керек (сызықтар мен дақтар болмауға тиіс) дейді. Ашық қоңыр түсті макияжды қалай жасауға болады? Бұл макияжды жасау үшін:
- Бетіңізді тоникпен тазалаңыз. Құрамында спирті бар теріні құрғататын сүрткіш өнімдерден аулақ болыңыз.
- Ылғалдандырғыш крем қолданыңыз. Оған қоса көздің айналасына арналған крем мен ерін жылтырағын жағыңыз.
- Жағылған өнімдер теріге сіңгенше күтіңіз, содан соң макияжды бастауға болады.
- Макияж негізін қолданыңыз. Тоналды кремді жақсылап жағып, тегістеңіз.
- Бетке нәзік көрінетіндей етіп далап (румяна) жағыңыз, содан кейін көзді бояуға көшіңіз.
- Қасты сызып, түссіз гельмен сәндеңіз.
Барлық өнімді мұқият жағып шығыңыз.
Ашық қоңыр түсті макияжда көзді қалай бояу керек? Қабаққа жұқалап консилер жағып, оны төртінші саусағыңызбен тегістеп шығыңыз. Бұл шаршап тұрған көздің астындағы кемшіліктерді, көгерген теріні жасыруға көмектеседі. Қабағыңызға қоңыр-сарғыш, шабдалы немесе ашық қоңыр түсті бояу жағыңыз. Кешкі макияж үшін табиғи ашық түстегі сұйық бояуларды қолдануға болады. Қажет деп санасаңыз, кірпіктеріңізді де бояңыз.
Ашық қоңыр түсті макияжда ерінді қалай бояуға болады? Ол үшін сізге қарындаш, ерін жылтырағы, ашық реңкті бальзам немесе бетке жаққан далаппен сәйкес келетін ақшыл ерін далабы қажет. Косметикалық өнімдерді қолданардан бұрын ерінді ылғалдандырыңыз, қабыршақтанған және өлі тері қабатын тазартып шығыңыз. Теріңізге аз мөлшерде консилер немесе тоналды крем жағыңыз.
Соның әсерінен ерін далабы біркелкі әрі ұзағырақ тұратын болады. Еріннің жиегін қоңыр қарындашпен сызыңыз. Содан соң ерніңізді ашық түсті далаппен бояңыз. Теріңіздің түсінен сәл қоңырлау болатын қарындашты немесе ашық қоңыр түсті тығыз ерін далабын қолдануға болады. Ерін жылтырағын әдемілеп жағып қойсаңыз да жарасады.
Шаштың түсіне байланысты ашық қоңыр түсті макияждың ерекшелігі
Блогында әдемі бейнелер жасайтын бет әрлеуші әрі бьюти-блогер Гоар Аветисян ашық қоңыр түсті макияжға жиі жүгінеді. Оның үстіне Гоар бұл әдісті шаштың әр түрлі реңктеріне байланысты сәтті қолданады: ол түрлі-түсті жасанды шаш киіп, түр-түсін өзгертеді.
Шашының түсі әр алуан адамдар үшін ашық қоңыр түсті макияжды жасаудың әмбебап ережесі жоқ. Flacon журналының редакторлары аққұба, қара шашты, сарғыш шашты және ақ сары шаштағы әйелдерге бірқатар кеңестер берді.
Аққұбаларға арналған ашық қоңыр түсті макияж
Аққұбаларға арналған макияжда сарапшылар кез келген қоңыр реңкті, әсіресе қара түсті қолданбау керегін ұсынады. Күнделікті жағып жүрген қара сүрмені қоңыр түске ауыстырыңыз. Көз қиығын сызатын сүрме де қоңыр немесе сұр болуы керек. Мұндай реңктер аққұба қыздарды табиғи етіп көрсетеді. Қасты қанық қылып боямаған абзал.
Қабақты бояу үшін шабдалы, бөртегүл (сирень) немесе сұр реңктерді қолданған дұрыс. Мысалы шабдалы түстес бет далабы теріге балғындық береді. Ерінге беттегі далап түсімен сәйкес келетін қарындаш немесе ерін жылтырағын жағу жеткілікті.
Сарғыш шашты әйелдерге ашық қоңыр түсті макияж жасағанда бір реңктегі мономакияжға мән беруге болады немесе беттің бір бөлігіне, мысалы көзге басымдық беріледі. Ол үшін тушь, сүрме, кайал және қоңыр қарындаштарды пайдаланыңыз. Ал қабақ бояуларын жылы және суық реңктер ішінен таңдауға болады. Тоналды кремнің ақшыл сары түсті болғаны дұрыс. Мұндай түс сарғыш шашты әйелдің жүзін жарқыратып, әдемі етеді.
Ақ сары шашты қыздар бұрымының табиғи түсіне назар аударуы керек. Қоңыр ақ сары шашты қыздар көз бояуына басымдық отырып, ашық қоңыр түсті макияж жасаса болады. Сіз мұндай макияжды сарғыш шашты және қараторы әйелдерге арналған ережелерді негізге ала отырып жасай аласыз. Күлгін түсті және ақшыл сары шашты қыздарға жұмсақ реңктер қолданылатын жеңіл макияж жарасады.
Қара шашты қыздарға арналған ашық қоңыр түсті макияж
Қара шашты қыз-келіншектер қоңыр реңктерден қорықпаса болады. Олар ашық қоңыр түсті макияжда қара түсті де, қоңыр түсті де ойланбай пайдалана алады. Ашық қоңыр түсті макияж үшін оларға қоңыр, сарғыш немесе қызғылт түсті кремді негіздегі қабақ бояулары, сондай-ақ қара-қоңыр сүрме қажет.
Кайли Дженнер сияқты еріннің табиғи түсінен сәл қошқылдау ерін далабын таңдаған дұрыс немесе көмескі жылтыр далап жаққан ыңғайлы. Ашық қоңыр түсті және жылтыр далапты бірге жағуға болады, сол кезде ерін балғын, көлемді және тартымды көрінеді.
Сән әлемінде ерекше маңызға ие болған табиғи сұлулық ашық қоңыр түсті макияжды басты трендке айналдырды. Оның артықшылығы әмбебаптығы мен косметиканың ең аз мөлшерін пайдалану арқылы әйелдің табиғи сұлулығын көрсету мүмкіндігінде болса керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2011633-asyq-qonyr-tusti-makiyaz-qalai-durys-zasau-kerek-zane-neni-eskergen-zon/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.