8 наурыз: Аналарға арналған ең әсерлі және мағыналы тілектер
Жарияланған күні:
Адам баласы үшін ананың орны қашан да биік. Жұмақ - ананың табанының астында деген сөздің мәні аяулы жанның қадірін ерекше асқақтатып тұрғандай. Бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербететін аналарға жүрекжарды лебізімізді күн сайын білдірсек те артық етпейді. Ал көктем мерекесіне арналған ең әсерлі тілектер әрбір ананы қуантатыны сөзсіз.
Аналарға арнап айтылатын мерекелік тілектер
Адамдар күйбең тірлікпен жүріп бір-біріне сезімін білдіруді, жақсы сөздер айтуды ұмыт қалдырып жатады. Алайда кез келген жанның жүрегіне жол жылы сөз арқылы салынады. Соның ішінде анаңызға қандай әдемі теңеу айтсаңыз да жарасады. 8 наурызда анаңызға арнап қандай тілек айтуға болады?
Қымбатты анашым! Бүгін сізді қатты жақсы көретінімді айтудың тағы бір орайы туып тұр. Әрдайым жанымда болғаныңызды қалаймын, өйткені сіздің нәзік үніңізді есту, жымиған сәтіңізді көру, қамқорлығыңызды сезіну мені бақытты етеді.
Әлемнің барлық гүлін өзіңізге тарту етер едім. Аспандағы жұлдыздарды да сыйлар едім. Сіз әлемдегі ең сүйікті, қымбат, адал жансыз. Асыл анашым, сізді бар жүрегіммен, көктемнің, сұлулықтың мерекесімен құттықтаймын. Әрбір күніңіз қуаныш пен шуаққа толы болсын!
Аяулы анашым, менің қыңыр мінезіме, еркелігіме төзіммен қарағаныңыз үшін, қиын сәттерде демеу болып, ақылыңызды аямағаныңыз үшін алғысым шексіз. Сіздің бойыңыздағы даналық, әйелге тән мейірімділік сондай ғажап! Сізге деген махаббатым шексіз! Жан-дүниеңізде үнемі көктем болғанын қалаймын. Әр күніңіз таңғажайып сәттер мен қуанышты жаңалықтарға толы болғай!
Сүйікті анашым! Сізді 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын! Көктемнің шуағындай жылылық, сарқырап аққан бұлақтай тұнықтық, құстардың әніндей нәзік үн өн бойыңыздан табылады. Өзіңізге деген махаббатым мәңгі. Жүзіңіз лайым жарқырап жүрсін!
Аяулы анашым! Табиғаттың өзі көктем мерекесін сіздер үшін тарту еткен тәрізді. Сізге қаншалықты сұлу екеніңізді және балаларыңыздың шексіз сүйетінін қайта-қайта айтқым келеді. Жанарыңыздан шаттық сөнбесін! Әрқашан бақытқа бөленіп, өміріңіз қуанышқа толы болсын! Сіз менің өмірімдегі ең жақын және қымбат жансыз! 8 наурыз мерекесі құтты болсын!
Қымбатты ана! Осы бір шуақты күнде сізге деген ыстық ықыласымды білдіруге рұқсат етіңіз. Кейде күйбең тірлікпен қарбаласып жүріп дүниедегі ең бағалы жандарды елеусіз қалдырып жатамыз. Бірақ сіздің әдемі бейнеңіз үнемі менің санамда екенін ұмытпағайсыз. Аялы алақаныңыз, "құлыным" деген сөзіңіз маған қуат береді. 8 наурыз мерекесінде ғана емес, күн сайын бақытты болып жүріңіз. Әп-әдемі жүзіңізді ешқашан кірбің шалмасын, жанарыңыздан қуаныштың жасы ғана төгілсін!
Жаныңыз көктемдей жайдары болсын! Әрбір жаңа күн қуаныш пен жағымды эмоциялар сыйласын! Өзіңізге қамқорлық жасап, аз уайымдап, позитивті көңіл-күйде болыңыз.
Аналарға арналған өлең шумақтары
Поэзия жүректің қылын шертіп, көңілде ерекше әсер қалдырады. Жер бетіне ақын боп келген жандар арасында анаға арнап жыр жазбағаны жоқ шығар? Өйткені жаратылыс атаулының бәрі анадан бастау алады. Кез келген адамның бойында ақындық қабілеттің болмауы заңдылық, алайда ақындар жазған жыр шумақтарын анаңызға арнап оқып бергеніңіздің өзі қуаныш сыйлайтыны анық. Анаңызды 8 наурызда өлең жолдарымен қалай құттықтауға болады? Сағыныштың ақыны атанған Төлеген Айбергеновтің "Ана" атты өлеңі жүректі тербейтіні сөзсіз.
Ана
Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?
Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.
Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әркез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.
Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.
Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен?!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?
Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.
Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!
Жас ақындардың өлең жолдарынан да анаға деген ізгі махаббатты, кең жүректі көруге болады.
Анашым
Авторы: Биболат Сәтжан
Ақылмен ұққаным ересек өмірден,
Сендегі даладай мейірлі көңілден,
Дүние тар екен.
Сөзімен жаныңды жауратар жазда да,
Мыңдаған пенделер,
аздаған
Адамдар бар екен...
Әркім бір айтатын әз бақыт жайында,
Әр күн бір беріліп басқаша уайымға,
Деген ем "жетем ғой".
Қорғансыз болса да күлетін қорықпай,
Күнәсіз сәбилер,еңбегі борықтай,
Бақытты екен ғой.
Теңізден кем көрмей тамшыдай қайғыңды,
Жаныңа медеткер болайын айбынды,
Дүние алмасар.
Мейірімге толтырып жанымды түнерген,
Қуан сен!
Мен өмір сүрер ме ем,
Үмітің болмасам?!.
Анаңызға сыйлайтын әсерлі ашықхат
Мереке жақындаған тұста жанымызға жақын адамдарға сыйлық аламыз, тосынсый жасап қуантуға асығамыз. 8 наурызда аналарға ұсынатын сыйлықтың жанына кішкентай ашықхат жазып қалдыруыңызға болады. Егер анаңыздан жырақта тұратын болсаңыз, бұл алысты жақындатқандай әсер қалдырады. Анаңызға сыйлайтын ашықхатқа қандай сөздер жазуға болады? Ашықхатқа мынадай сөздерді жазуды ұсынамыз:
Сіздің махаббатыңыз - менің әлемімді жылытатын жалғыз күн. Ал сіз шуағыңызды ешқашан сөндірмейтініңізді білемін. Өмірде бар болғаныңызға қуанамын. Анашым, мерекеңіз құтты болсын!
Күн дидарлы анашым, қолыңызды сүйдім. 8 наурыз мерекесі құтты болсын!
Жүрегіңіздегі шексіз махаббат пен шыдамдылығыңыз үшін рахмет! Мейрамыңыз құтты болсын!
Сіз күн сайын менімен біргесіз. Секунд сайын біргесіз, жүрегімдесіз.
Мені әрқашан қолдайсыз, мен үшін бағалы жансыз. Аналар күні құтты болсын, жан анам!
Қуанышымды да, мұңымды да бөлісетін, әркез жанымнан табылатын ең сұлу әйелге... Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!
Дәл қазіргі сәттегідей күлімдеп жүріңіз! Мерекеңізбен!
Қуанса, анам қуансын! Гүлдей құлпырыңыз!
Әлемдегі ең сұлу әйелге арналған сыйлығымды қабыл алыңыз!
Анашым, жүз жасаңыз!
Дүниеде ананың махаббатынан асқан қастерлі сезім жоқ. Түн ұйқысын төрт бөліп, барын берген, баласы үшін жанын шүберекке түйетін мейірімді аналар қандай құрметке болса да лайық. 8 наурыз күні ең бірінші анаңызды құттықтаңыз, әдемі сыйлығыңыз бен шоқ гүліңізді тарту етіңіз. Аналарымызды себепсіз жиі қуантуға тырысайық, себебі ананың разылығын алған адамның өмір жолы да ашық болмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2011864-8-nauryz-analarga-arnalgan-en-aserli-tilekter/