8 наурызды кім ойлап тапты: мерекенің шығу тарихы
Жарияланған күні:
8 наурыз - халықаралық әйелдер мерекесі, дегенмен барлығы бірдей олай есептемейді. Бастапқыда бұл күн саяси және әлеуметтік наразылықты білдіретін күн деп есептелді. 8 наурыздың тарихы туралы түсінік қалыптастыру үшін тарихшы және философ мамандар Ганна Ильберг, Ольга Воронина және Сергей Уваровтың түсіндірмелеріне назар аударсақ.
Халықаралық әйелдер күні қалай пайда болды?
Әйелдерге арналған мерекелер тіпті ежелгі өркениеттерде де бар еді. Ал одан бергі уақытта өткен оқиғалар қазіргі әйелдер күнінің алғышарты болып саналады. Оның шығу төркіні ХІХ-ХХ ғасырлардағы америкалық жұмысшы қозғалысына барып тіреледі.
Әйелдердің өз құқығын қорғауға қатысты алғашқы наразылығы
Әйелдердің әлеуметтік әділетсіздікке қарсы алғашқы наразылықтарының бірі - "бос қазандар шеруі" деп аталды. 1857 жылы наурызда Нью-Йорктегі тоқыма және аяқ киім фабрикаларының жүздеген жұмысшысы 16 сағаттық жұмыс күніне және ерлер мен әйелдер жалақысының әркелкі болуына қарсы шығып, наразылық білдірді.
Жарты ғасырдан кейін, яғни 1908 жылы Нью-Йорктегі 15 000 тоқыма жұмысшысы ауыр еңбек жағдайына қарсы ереуілге шықты. Ал 1909 жылдың наурызында олар алғаш рет сол ереуілге қатысқандарға арналған мерекені атап өтті.
Америкалық жұмысшылардың бастамасы одан әрі көптеген әйел қатысқан социалистік қозғалыста жалғасын тапты. Оларды белсенді коммунист Клара Цеткин басқарды. Оның өмірбаянын жазған автор Ганна Ильберг әйелдер күнін белгілеуге бұл әйелдің жанкештілігі себеп болды деп санайды.
8 наурызды кім ойлап тапты?
Бұл оқиға 1910 жылы 17 елден келген әйелдердің қатысуымен өткен социалистердің екінші халықаралық конференциясында жүзеге асты. Клара Цеткин әйелдердің тең сайлау құқығына ие болуы және эмансипация (әйелдерді азат ету) үшін күрес күнін атап өтуді ұсынды. Бұл бастаманы конференцияға қатысушылар түгел қолдады.
Философия ғылымдарының докторы Ольга Воронина бұл ұсыныс тек жұмысшылардың ғана емес, барлық әйелдің ынтымақтастығына бағытталғанын жазады. Онда әйелдердің дербес әлеуметтік санат екендігі баса айтылды.
8 наурыз мерекесінің тарихы қандай?
1911 жылдың өзінде Германия, Австрия, Дания, Швейцария, Франция, Ресей, Чехия, Венгрия әйелдері өз құқықтары үшін күрес күнін атап өтіп жатты. Алайда конференцияда мереке күні нақты белгіленбегендіктен, ол әр елде наурыздың әр түрлі күндерінде, яғни 2 наурыз бен 19 наурыз аралығында өтті.
1914 жылдың наурызында Еуропа әйелдері әскери қауіптің күшеюіне байланысты соғысқа, милитаризмге және сайлау құқығы үшін қарсы шықты. Ал осыған қатысты шаралар 8 наурызда өтті, бұл күн 1857 жылы жұмысшы әйелдердің алғаш рет бой көрсетуімен тұспа-тұс келді.
Ресейдің Петроград қаласында 1917 жылы 23 ақпанда (жаңа стиль бойынша 8 наурызда) жаппай жиналыстар, митингілер, шерулер басталды. Оған әйелдер белсене қатысты. Олар соғысқа және астанадағы азық-түлік тапшылығына қарсы пікірлерін ортаға салды. Наразылықтар монархияны құлатқан революцияға айналды. Кейін 1921 жылы сол әйелдерді еске алу мақсатында 8 наурызды атап өту туралы шешім қабылданды.
КСРО-да 1966 жылдан бастап 8 наурыз жұмыс күні болып есептелген жоқ. Осы кезеңде бұл күн феминистік бағыттың жойылған және барлық әйелге құрмет көрсетілетін мерекеге ұласты. 1975 жылы БҰҰ-да өткен Халықаралық әйелдер жылы аясында 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні болып жарияланды. 1979 жылы әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысанын жою туралы конвенцияға қол қойылды. Сергей Уваров теңдік үшін күрес мәселелері қазір маңызды емес, ал 8 наурыз әйелдерге назар аудару күніне айналды деп жазады.
Әлемде 8 наурыз қалай тойланады?
8 наурыз - халықаралық мәртебесі бар мереке. Ол ресми түрде әлемнің 40-тан астам елінде тойланады, бірақ барлық жерде бірдей емес. Оның саяси мәнін тек кейбір феминистік топтар ғана есте сақтайды, олар сол күні өз мәселелері туралы және әйелдердің гендерлік теңдікке әлі де қол жеткізбегенін айтады. Ал шын мәнінде бұл - көктемнің, әйел сұлулығының және отбасылық құндылықтардың мерекесі. Оны атап өтудің әр елде өзіндік ерекшеліктері бар.
Посткеңестік кеңістіктегі 8 наурыз
Бұрынғы кеңестік республикаларда әйелдер күнін тойлау дәстүрі кеңінен сақталған. Соның ішінде Қазақстанда бұл күннің мерекелік мәртебесі бар және демалыс күні болып саналады.
8 наурызды тойлаудың қандай дәстүрлері бар? Үйдегі ер адамдардың үлкені де, кішісі де арулар мерекесіне ерекше дайындалады: гүл, сыйлықтар сатып алады, өлең жаттайды, аналарына, құрбыларына, жұбайларына және әріптестеріне шын жүректен құттықтаулар дайындайды. Үй іші мен кеңселер хош иісі аңқыған бақшаларға айналады. Сәнді киінген әйелдер өздерін туған күні болып жатқандай сезінеді, ал ерлер жағы үй шаруасымен айналысады.
Арменияда КСРО ыдырағаннан кейін кеңестік мерекелер тізімі жойылып, 7 сәуір Ана мен сұлулық күні болып белгіленді. Бірақ әйелдерді 8 наурызда құттықтау әдеті сақталып қалды, нәтижесінде армян әйелдерінде екі мереке бар.
Түркіменстанда 8 наурызды тойлау 2008 жылы қайта жалғасты. Ел Президентінің атынан барша қыз-келіншектерге ақшалай сыйлықтар үлестіріледі, ал мерекені бүкіл халық тойлайды. Сондай-ақ шығыс қоғамындағы әйелдердің орны мен отбасылық құндылықтарға ерекше мән беріледі.
Италиядағы 8 наурыз
Бұл күні итальяндар еркіндігін ерекше көрсетеді, ондағы әйелдер мейрамханалар мен кафелерге жиналады. Ал ерлер әйелдер күнінің символына айналған мимоза гүл шоғын сыйлайды.
Қытайдағы 8 наурыз
Қытайда бұл мереке ресми демалыс күні болып саналмайды. Бірақ әйелдер үшін ерекше жағдай жасалады: олардың жұмысқа бармауына немесе жарты күн ғана жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі, содан кейін достарымен және әріптестерімен мерекені атап өтеді.
Вьетнамдағы 8 наурыз
Бұл азиялық елде заманауи мереке ежелгі Чынг есімді апалы-сіңлілерді еске алу күнімен бірге аталып өтеді. Оның екі мың жылдық тарихы бар және Қытай басқыншылығына қарсы көтеріліске шыққан ержүрек қатысушыларына арналған.
Франциядағы 8 наурыз
Францияда Халықаралық әйелдер күніне деген көзқарас романтикамен мүлдем қиыспайды. Мұнда бұл мереке туралы түсінік әу бастағы мағынасымен байланысты. Феминист әйелдер құқықтарын бұзған жағдайлар туралы айтады және қазіргі қоғамда ер адамдармен теңдік үшін күреседі.
Польшадағы 8 наурыз
Польшада 8 наурыздың тойлануы өзгеше. Бұл елдің кей тұрғындары мұны кеңестік дәуірдің жәдігері деп санаса, енді бірі әйелдердің дәстүрлі мерекесі ретінде жақындарын құттықтап, гүл сыйлайды.
Халықаралық әйелдер күнінің басқа мерекелер сияқты өзіндік символикасы бар, ол күлгін, жасыл және ақ түстен тұрады. Ол әділдікті, үміт пен тазалықты бейнелейді.
Тарихы тереңде жатқан әйелдер күнін атап өтуде бүкіл әлемнен заманауи үрдістерді көруге болады. Ал әрбір ұлттың әйелі алғыс пен сүйіспеншілікті білдіретін күннің барына риза болатыны сөзсіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2011981-8-nauryzdy-kim-oilap-tapty-merekenin-sygu-tarixy/