Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қолдан шағын сәукеле жасау: ұлттық бас киімді оңай әрі тез жасау әдісі

Опубликовано:

Домбыра тартып тұрған қазақ қызы
Ұлттық киіммен домбыра тартып тұрған қазақ қызы. Көрнекі сурет: iStockPhoto

Сәукеле қазақ қыздарының ұзатылатын кезде киетін бас киімі. Көздің жауын алатын ұлттық бас киімді өз қолыңызбен жасауға да болады. Шағын сәукеле тігуге қандай заттар қажет? Бас киімнің бұл түрін жасау үшін оның дайындалу технологиясын меңгеріп алсаңыз жеткілікті.

Шағын сәукеле жасауға арналған әдістер мен кеңестер

Қазақ халқында ежелгі заманнан бері қалыңдықтың бас киімі ретінде сәукеле кигізген. Бұл қыздың алаңсыз жастық шағынан отбасылық өмірге қадам басатын кезеңін көрсетеді. Халық сенімінде бұл бас киім қасиетті әрі тіл-көзден қорғайды деп есептеледі.

Сәукеле сөзі мынадай мағына береді: "сәу" ("бүтін", "тұтас") және "келе" ("төбе", "мұнара"). Қалыңдықтың бас киімі ақ киізден немесе басқа да тығыз матадан тігілген. Ол інжу-маржан, алтын-күміс тәрізді асыл тастармен, түрлі-түсті өрнектермен безендірілген. Үстіңгі жағы металдардан жасалған, сыртқы бөлігін барқыт, жібек, атлас немесе масатымен қаптаған, ал кедей отбасылар қызының бас киімін шұға немесе сәтен маталарынан дайындаған.

Шағын сәукеле – қымбат сәукеле мен диадеманың заманауи стильдегі үлгісі. Оның сүйір төбесі болмайды. Бас киімнің негізі бастың пішініне лайықтап жасалады. Мұндай төбетай баста жақсы тұрады және қыз бала билеген кезде немесе еңкейіп жатқанда сырғып түсіп кетпейді.

Шағын сәукеле өсімдік тәрізді ою-өрнек пішінінде қиылып, киізден жасалған әшекейлі негізден тұрады. Әрбір орамы, бүктесіні алтын және күміс түсті жіптермен кестеленеді, тастармен, жылтырақтармен безендіріледі. Қазіргі күні әшекей ретінде қолданатын асыл тастардың орнына Сваровски тастары немесе басқа да жасанды материалдар қолданады. Бас киімнің жоғарғы бөлігі қауырсынмен сәнделеді.

Шағын сәукеле жасаған кезде мына ережелерді есте сақтаңыз:

  • Сәукеленің негізі саналатын астары үшін жұмсақ әрі мығым мата таңдаңыз. Тебіскі (фетр), киіз, жүн мата қолдануға болады. Стилі ерекше сәукеле үлгісін жасау үшін ең қарапайым әрі қолжетімді тебіскі (фетр) матасын алған дұрыс. Татьяна Ивановская "Игрушки и аксессуары из фетра" кітабында бұл матаны киіздің ең жоғары сорты деп сипаттаған. Оны қию оңай, бір жағынан жиегін өңдеудің қажеті жоқ.
  • Сәукеленің негізі болатын өрнекті таңдаңыз. Желімдеу кезінде жарты шар пішініндей шығуы үшін аралығын бас киімнің шетінен бастап есептеңіз.
  • Шағын сәукеле үшін біркелкі әрі үйлесімді көрінетін әшекейлерді таңдаңыз. Мысалы бұл бір түсті материалдар болуы мүмкін (інжу, екі түсті контрастық тастар, майда моншақтар, пайеткалар).

Шағын сәукеле жасаудың маңызды кезеңі бас киімнің негізгі бөлігін безендірумен байланысты. Бұрын бұл процесс тігумен іске асатын болса, қазіргі зергерлік бұйымдар көбінесе ыстық желіммен, өнеркәсіптік желіммен киізге жапсырылады, бұл туралы The Funky Felter кеңестері де бар.

Шағын сәукеле жасау бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулық

Шағын сәукеле жасау бас киім негізінің үлгісін пішіп алудан басталады. Бас киім бастан сырғып кетпей, жақсы тұруы керек, сондықтан бастың шеңберін өлшеп алу маңызды. Бас киімді мына реттілік бойынша жасаңыз:

  • Бастың айналасын қастан 1,5-2,5 сантиметр жоғары, құлақтан сәл жоғары етіп орап, желке тұсындағы нүктеден тоқтаңыз.
  • Алынған ұзындықты бас киімге арналған трафареттің шеңберіне ауыстырыңыз. Дайын өнімге сфералық пішін беру үшін 2 см қосыңыз.

Бұйымның бірінші өлшемін алған кезде шағын сәукеленің пішінін реттеуге болады. Әдетте бұл ою-өрнекті кесіп алып, бастың айналасына бірнеше жерден үлгіні бекіткеннен кейін жүзеге асырылады.

Шағын сәукеле жасау үшін сізге мынадай құралдар қажет:

  • фетр матасы;
  • картон;
  • қауырсын;
  • әшекей тастар;
  • глиттер;
  • линер;
  • ине;
  • жіп;
  • ПВА желімі;
  • желім құятын тапанша;
  • әр түрлі өлшемдегі қайшы.
Көк түсті шағын сәукеле
Ақ және көк моншақтармен көмкерілген төбетайлар. Көрнекі сурет: YouTube/Айнура Махмутова

Жұмысты мына үлгі бойынша жасаңыз:

  • Картоннан өрнек трафаретін сызып алып, қиып шығыңыз. Елена Пиглицинаның "Энциклопедия детских праздников" кітабында ұсынған қағазды бүктемей-ақ үлгілерді қиюға арналған негізгі әдістерінің бірін пайдаланыңыз.
Қағазға сызылған ою-өрнек
Катты қағаздан қиып алынған ою-өрнек. Көрнекі сурет: YouTube/Айнура Махмутова
  • Үлгіні линер арқылы киіздің бір бөлігіне қойыңыз.
Матаға оюды сызу сәті
Киіз матаға қағаздағы оюды сызу сәті. Көрнекі сурет: YouTube/Айнура Махмутова
  • Ою-өрнек сызылған киіздің бөлігін қиып алыңыз.
Киізге сызылған оюлар
Киіз матаға сызылған ою-өрнек. Көрнекі сурет: YouTube/Айнура Махмутова
  • Үлгіні сызықтардың бойымен тиянақты етіп қиып алыңыз. Мүмкіндігінше ұшы өткір қайшыны пайдаланған абзал.
Киіз матадан қиып алынған ою
Бас киімнің киіз матадан қиып алған оюлы бөлігі. Көрнекі сурет: YouTube/Айнура Махмутова
  • Бұйым сфералық пішінге сай болуы үшін ою-өрнектің шеткі тұстарын жиектеп тігіңіз.
Ою-өрнектің шет жақтарын тігу
Ою-өрнектің жиектерін тігу сәті. Көрнекі сурет: YouTube/Айнура Махмутова
  • Дайын болған үлгіні дулығаға (каска) немесе манекенге кигізіңіз, содан соң жасап жатқан бұйым бас киімнің пішініне ұқсауы үшін үстін жұқа шүберекпен жауып, қызып тұрған үтікпен басып шығыңыз.
  • Матаны алған соң киізден дайындалған бұйымыңызға желім жағыңыз. Кепкенін күтіңіз. Дулығадан төбетайды алып, ішкі жағына желім жағыңыз. Желім әбден құрғағанша қозғамаған жөн.
Фетр матасынан дайындалған бұйым
Киіз матадан дайындалған бұйымды арнайы қалыпқа салып желімдеу сәті. Көрнекі сурет: YouTube/Айнура Махмутова
  • 3х10 см киіз жолағын кесіп алыңыз. Оны мықтап орап, ұшын желіммен жабыстырыңыз. Алынған цилиндрді бас киімнің ортасына төбесі секілді бекітіп, жапсырыңыз.
Бас киімнің төбесіне орнатылған цилиндр
Бас киімнің қақ төбесіне киіз матадан цилиндр орнатылады. Көрнекі сурет: YouTube/Айнура Махмутова
  • Маңдайдың орта тұсын терможелім арқылы әдемі таспен бедерлеңіз. Бас киімнің бүгілген тұстарын сызық бойымен безендіріңіз. Жартылай кесілген дайын ақ және көк түсті моншақтарды жапсырып шығыңыз. Үстіңгі жағына ақ қауырсындарды қадаңыз.
Дайын бұйымға жапсырылған моншақтар
Дайын болған бұйымға жапсырылған моншақтар мен жылтырақтар. Көрнекі сурет: YouTube/Айнура Махмутова

Бас киімге дәстүр бойынша тағылатын үкі қанаттарын түйеқұс қауырсындарымен ауыстыруға болады. Бұл ерекше әрі түпнұсқадағы сәукеле үлгісі секілді сәнді болып шығады.

Шағын сәукелені Қазақстандағы қыздар мерекелерде, концерттерде, тойларда киеді. Дәстүрлі биік сәукелеге қарағанда мұндай бас киім киіп жүруге ыңғайлы. Ол қазақтың қыз-келіншектеріне арналған ұлттық киімдерді сәнді етіп, толықтыра түседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2015739-qoldan-sagyn-saukele-zasau-ulttyq-bas-kiimdi-onai-ari-tez-zasau-adisi/

pixel