Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ер адамды отбасына қалай қайтаруға болады: психологтардан 10 құнды кеңес

Опубликовано:

Неке жүзігі және жазба
Кешірім сұраған жазба және неке жүзігі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Өкінішке қарай, ерлі-зайыптылар арасында келіспеушілік, ұрыс-керіс, жанжал, көзге шөп салу, ажырасу секілді кикілжіңдер жиі кездеседі. Ер адам түрлі себепті желеу етіп, отбасын тастап кететін жағдайлар да жоқ емес. Психологтар Рэйчел Пейс, Светлана Трошина және Михаил Лабковский қарым-қатынасты қалпына келтіруге және ер адамды қалай отбасына қайтаруға болатынын айтып берді.

Ер адамды отбасына қалай қайтаруға болады? Жұбайыңыздың кері қайтқанын қаласаңыз, алдымен ажырасудың себебіне зер салыңыз, шағымдануды тоқтатыңыз, драма қоюдың қажеті жоқ, барынша өз-өзіңізді дамытумен айналысыңыз. Біраз уақыт бөлек тұру, толық бақылауды қою, тыңдай білу, жарыңыздың сезімін ұғыну арқылы некені сақтай аласыз. Егер бұл әдіс көмектеспесе, күйеуіңізге түсіндіруге тырысыңыз немесе отбасылық психологқа барғаныңыз абзал.

Ажырасудың себебін түсініңіз

Ер адамның отбасынан кетуі жанды ауыртады. Психолог Михаил Лабковский бұл жағдайдан еңсені тік көтеріп шығудың жолын ұсынды. Жұбайыңыздың махаббатын кері қайтарғыңыз келсе, қасірет ұйығына байланып қалмау керек. Оның орнына ажырасудың неден туындағанын анықтап, себебін түсінген жөн.

Жұбайлық өмірде кеткен қандай да бір қателікті, ажырасудың кімнің кінәсінен болуы мүмкін екенін саралап көріңіз, мысалы көзге шөп салу, назар аудармау немесе қаржылық жағдайға селқостық танытқан кездерді ой елегінен өткізіңіз. Мәселенің түп-төркінін табу арқылы ғана ымыраға келуге, жұбайыңызды қайтаруға және қарым-қатынасты одан әрі жалғастыруға болады.

Шағым айтпаңыз

Әйелдің үнемі шағымдана беруі ер адамның отбасынан кетуіне себеп болуы әбден мүмкін. Ондай әйел әрбір күнін күңкілмен бастап, шегесі қағылмай тұрған сөреден "өмірінің ең жақсы жылдарын жоғалтқанына" дейін айтып шағымданады. Мұндай пассивтік агрессияға ешбір адам ұзақ уақыт шыдай алмайды.

ISSUES I FACE сарапшыларының пікірінше, көптеген ерлі-зайыпты арасында мақсат пен құндылықтардың әр алуан болуы және бала тәрбиесіне, тұрмыс-тіршілікке деген көзқарастың айырмашылығына байланысты түсініспеушілік болып жатады. Егер сіздің де күйеуіңізге осы секілді қайшылықтар немесе шағымдарыңыз болса, тізім жасаңыз және онымен барлық мәселені бетпе-бет талқылаңыз. Шағым айтуды доғарып, мейлінше жүрекпен ашылып сөйлесіңіз. Бұл жағдайды шешуді және ымыраға келуді жеңілдетеді.

Ер мен әйелдің байланысы
Бір-бірін нұсқап тұрған ер мен әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Өз-өзіңізді дамытумен айналысыңыз

Әйелдердің көбісі тұрмысқа шыққаннан кейін өмірін күйбең тірлікке, бала тәрбиесіне немесе жұмысқа арнайды. Ал өзін, қызығушылығын, хоббиін, мансаптық өсуін ұмытқан нәзік жанды күйеуіне бірте-бірте қызықсыз болып қалады.

Ер адамды еліту үшін ең алдымен өзіңіз тартымды, жұмбақ және қызықты болуыңыз керегін естен шығармаңыз. Өзіңізге назар аударыңыз және неғұрлым жақсырақ болуға тырысыңыз:

  • зияткерлік қабілетті дамытыңыз, тіл курстарына немесе басқа да шеберлік курстарына жазылыңыз;
  • спортпен шұғылданыңыз;
  • араласатын ортаңызды кеңейтіңіз;
  • хоббиіңізге және сүйікті ісіңізге көбірек уақыт бөліңіз.

Осы әрекеттер арқылы сіз интеллектуалдық, эмоционалдық және физикалық тұрғыдан тартымды бола түсесіз әрі күйеуіңіздің махаббатын қайтадан оятатын боласыз.

Драма қоюдан аулақ болыңыз

Егер сіз күйеуіңізбен ажырасу алдында тұрсаңыз, бұл жағдайды басқа адамдармен талқыламаңыз. Қандай жағдай болса да, бұл кезең сізге қаншалықты ауыр тисе де, отбасылық өміріңізді көпшілікке жария қылмағаныңыз абзал. Татуласу үшін туыстардың араласуына жол бермеңіз, жұбайыңыз екеуіңіздің араңыздағы қарым-қатынасты реттеуге бөгде адамдарды кірістірмеңіз.

Психолог Светлана Трошина есірікке жол бермеуге, жанжал шығармауға және ешбір жағдайда балалар арқылы айла-шарғы жасамауға кеңес береді. Ұстамдылықпен әрекет етіңіз және мәселені өз араңызда реттеңіз.

Бөлек тұрып көріңіз

Егер күйеуіңіз қаламаса, оны қалай кері қайтаруға болады? Қарым-қатынас бойынша сарапшы Рэйчел Пейс жұбыңызға үзіліс беру керек деп есептейді. Ажырасудың себебі қандай болса да, біраз уақыт бөлек тұрып көріңіз және әңгімелесуді азайтыңыз. Осылайша сіз босаңсып, түсініспеушілік пен жиналып қалған шағымдардан, ұрыс-керістен, өкпе-реніштен аулақ бола аласыз. Мұндай жағдайда жұптың бірін-бірі қаншалықты жақсы көретінін және қажет ететінін түсінуге, туындаған мәселелер бойынша ымыраға келуге мүмкіндігі бар.

Толықтай бақылауды ұмытыңыз

Күйеуін толық бақылау, одан әрбір әрекеті мен жұмысқа шақырған қоңырауларға есеп беруін сұрау, достарына және қызығушылығына қызғанышпен қарау кез келген еркекке ұнамайтыны сөзсіз. Әйелдің мұндай мінез-құлқы ер адамның қабілетіне сенімсіздік таныту мен күмәнданудың белгісі. Жарының үнемі бақылауға тырысуы ер адамға ыңғайсыздық тудырады және түпсана деңгейінде өзін жақсы адам ретінде сезінбеуге итермелейді. Сондықтан да ол отбасын тастап кетуге дейін барады.

Ер азаматыңызды басқаруды доғарыңыз, оған толық сенім артыңыз. Оның шешіміне барынша сенетініңізді, сонымен қатар ол отбасынан кетуді мәселенің шешілетін жалғыз жолы деп санаса, қолдайтыныңызды да айтыңыз. Бұл сіздің жаңа қырыңызды көрсетеді әрі күйеуіңізге бұл ісінің дұрыс-бұрыстығы жайлы ойлануға мәжбүр етеді.

Ерлі-зайыптының кикілжіңі
Ерлі-зайыпты арасындағы келіспеушілік. Көрнекі сурет: pixabay.com

Тыңдап үйреніңіз

Күйеуінің кетіп қалғанына ренжіген әйелдер көбінесе онымен кездескен сайын ұрыс шығарады немесе ашуландырады. Олар ренішін, ашу-ызасын білдіріп, айыптайды, ал ер адамның сөйлеуіне және бұл әрекетінің себебін түсіндіруіне жол бермейді.

Егер сіз күйеуіңізді отбасыңызға қайтарғыңыз келсе, алдымен тыңдауды үйреніңіз. Оған ең болмағанда бір кеште эмоциясын білдіруге мұрша беріңіз. Сөзін бөлмеңіз. Ол үн қатқан кезде "мен сені естіп тұрмын" немесе "иә" деп жауап беріңіз. Сіз осылай ғана оның не сезінетінін, нені қалайтынын және қандай себеппен отбасын тастағысы келгенін біле аласыз. Ұрыс-керіссіз сөйлесу арқылы жағдайды түзету мүмкіндігі тууы да ықтимал.

Еркелей күлімдеуді әдетке айналдырыңыз

Жеке жаттықтырушы және қарым-қатынас жөніндегі сарапшы Лаура Дойл әйел күйеуімен ажырасқалы тұрса да, күлімсіреу маңызды екенін айтады. Мұндай уақытта ол адам сіздің күлімдегеніңізге лайық емес сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен осындай көңіл бөлу белгісі жұбайының отбасылық өмірін жақсартуға деген ұмтылысын және оның қарым-қатынас үшін күресуге дайын екенін көрсетеді. Мұндай қылық ер адамды қызықтырады, өйткені ол реніш, көз жасы мен ашу-ызаны күтеді.

Жолдасыңызбен сөйлескен кезде ойынға ерік беріңіз. Онымен махаббаттың тілінде сырласыңыз. Әйелдің қылымсуы өзіне деген сенімділікті арттырады, өз күшіңізге сенуге мәжбүр етеді әрі өмірлік серігіңіздің де қызығушылығын оятады.

Күлімдеп тұрған әйел
Құлпырып, күлімдеп тұрған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жұбайыңызға түсіндіруге тырысыңыз

Егер ажырасуға өзіңіз кінәлі болсаңыз күйеуіңізді қалай қайтаруға болады? PSYMOD порталының сарапшылары күйеуіңізді отбасынан кетуге итермелегеніңізді түсінсеңіз, онымен сөйлесіп, ажырасуға себепкер екеніңізді мойындау керегін айтады. Жолдасыңызды бағалайтыныңызды, оның ісіне қызығушылық танытатыныңызды және үйлесімділікті қалпына келтіру үшін қарым-қатынасты реттеуге дайын екеніңізді білдіріңіз. Күйеуіңіз отбасына оралуы үшін оған әдемі ескі күндерді еске түсіруге тырысыңыз.

Егер жұбайыңыз байланысудан қашқақтаса, оған хабарлама жазыңыз. Жазған мәтініңізде қателескеніңізді мойындаңыз және мінез-құлқыңыздың себептерін түсіндіріңіз, кездескіңіз келетінін айтыңыз, бірақ жалықтырып алмаңыз және көп хабарлама жолдаудың қажеті жоқ. Бір хабарлама ғана жіберіп, жауабын күтіңіз.

Мамандардан кеңес алыңыз

Күйеуіңізбен отбасылық психологқа барыңыз немесе қарым-қатынас бойынша жаттықтырушының сабақтарына жазылыңыз. Маман жанды нүктелерді анықтауға және алшақтықтың негізгі себептерін табуға көмектеседі. Ол белгілі бір жағдайға пайдалы кеңестер береді және жұбайлық өмірде туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастырады.

Егер жұбыңыз мұндай кездесулерден үзілді-кесілді бас тартса, мамандардың кеңесіне өзіңіз жүгініңіз. Көбінесе бұл мәселеге сырттан қарау жеткілікті.

Күйеуіңізді қайтару керек пе? Неліктен қарым-қатынасты қалпына келтіруді және жұбайыңызды отбасына қайтарғыңыз келетінін ой елегінен мұқият өткізіп шығыңыз. Бұл жалғыз қалудан қорқу немесе мәртебеңізді жоғалту қорқынышы болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда өзіңізбен жұмыс істеп, рухани және тұлғалық өсу, күшіңізге сенім артып, өзіңізді дамыту әдісі ұсынылады. Ал некеңіздің екеуіңіз үшін де бағалы және бақытты сәттерге толы болғанын сезсеңіз, бақытыңыз үшін күрескеніңіз құба-құп. Барлық мәселенің түйіні шешілсе, ошағыңыздың оты сөнбей, қайтадан бақытты отбасыға айналуы әп-сәтте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2016147-er-adamdy-otbasyna-qalai-qaitaruga-bolady-psixologtardan-10-kenes/

pixel