Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қыз ұзату: қазақтың салт-дәстүрі бойынша ұзату тойында жасалатын маңызды рәсімдер

Опубликовано:

Ұзату тойы
Ұзатылып бара жатқан қыз. Көрнекі сурет: baribar.kz

Қыз ұзату – тұрмысқа шығатын қыз балаға арнап жасалатын маңызды дәстүр. Ғасырлар бойы мазмұнын жоғалтпаған бұл салт-дәстүрдің астарында қыз балаға деген құрмет, тектілік пен тазалық жатыр. Қыз ұзатуға қатысты қандай жоралғыларды білу керек? Бұл жөнінде мақаламызда кеңінен тарқатып айтамыз.

Қыз ұзату туралы негізгі мәлімет

Қыз ұзату дегеніміз не? Қыз ұзату тойы – қыз баланы келін болатын шаңырағына шығарып салу рәсімі. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша қыз бала келін атанардан бұрын, яғни үйлену тойының алдында міндетті түрде өскен үйінен ұзатылады. Бұл қазақтың екі руының бірігуін білдіреді. Тарихшы Самара Осмонова және өнертанушылар Майра Нұржасарова, Әйгерім Қалымбетова, Айгүл Рүстемова бүгінгі күні ұзату рәсімін қалай дұрыс ұйымдастыру керегін айтып берді.

Қыз баланың ағайын-туыстары оны ер жігіттің үйіне тарту-таралғысымен шығарып салып, батасын береді. Бұл күні ұзатылып жатқан қыздың жақындарын қимастық сезім кернейді, дегенмен олар "өрісіміз кеңейді" деп қуанады. Ұзату тойы қыздың тарапынан жасалады, тойға жұмсалатын қаражат та өздерінен төленеді, ал тойдың өтетін орны мен уақыты көбінесе құда түсу кезінде алдын-ала келісіледі.

Үйлену тойына бір апта қалғанда қыз ұзату рәсімін өткізу ыңғайлы саналады. Қалыңдықтың отбасылық жағдайына байланысты ұзату тойы мейрамханаларда өтіп жатады. Бүгінгі күні мұндай шараны үйде өткізгеннен гөрі салтанат сарайларында жасаған тиімді дейтіндер баршылық. Себебі қазақ халқының тойларына туған-туыс көп жиналады. Мұндай тойға ұзатылғалы тұрған бойжеткеннің барлық туысы қатысады.

Қыз ұзату тойына кімдер шақырылады? Күйеу жігіттің тарапынан оның ең жақын туыстары, көбінесе сол әулеттің үлкен кісілері шақырылады. Тойға келген құдалардың жасы құдалыққа қатысқан адамдардың жасымен қарайлас келеді. Әдетте жігіттің ағайындарынан 10-15 адам болады, олар салтанатты рәсімнің басынан аяғына дейін қатысуы керек. Ал күйеу жігіттің басқа да алыс-жақын туыстары үйлену тойына шақырылады.

Ұзатылатын қыз қандай киім кию керек? Ұзатылатын қыз тойына арнап әдемі көйлек дайындайды. Ұзатуға жеңіл немесе тығыз матадан жасалған етек-жеңі ұзын көйлек кию құпталады. Қазір қазақтың ұлттық киімдерін сәукелемен бірге тігеді. Өнертанушылар Майра Нұржасарова, Әйгерім Қалымбетова, Айгүл Рүстемова қалыңдықтың көйлегін табиғи жібек пен атлас матадан қызыл (жастық шақ символы) немесе көк (ашық аспан, жылулық, тазалықтың белгісі) түстерден тігуге кеңес береді. Көйлектің жеңі, етегі, жағасы кестемен безендіріледі.

Әшекей бұйым
Күмістен жасалған әшекей бұйым. Көрнекі сурет: YouTube / NAZVANIE ENTERTAINMENT

Қыз ұзатуға арналған көйлекті қыздың ата-анасы алады. Олар көйлек сатып алуға немесе тігуге қаражат бөледі.

Қыз ұзату тойында қандай сыйлық беріледі? Отбасылық мереке есте қаларлықтай болуы үшін қонақтарға шағын сыйлықтар дайындалады. Мысалы - тойбастар, қорапқа салынған тәттілер. Қыздың жеңгелері жөн-жоралғыларын жасай отырып, күйеу жігіттен кішігірім сыйлықтар алады.

Қыз ұзату рәсімінің реттілігі қандай?

Заманауи үлгідегі қыз ұзату тойына кең көлемде дайындық жүргізіледі. Бүгінгі күні тойға шақырылатын қонақтар үшін баспаханада арнайы дизайнмен басылып шығарылатын шақыру қағаздары дайындалады.

Ұзату тойында мерекелік зал ұлттық нақышта безендіріледі. Кіре берісте ұзатылатын қыздың жақсы қасиеттерін көрсететін арнайы қабырға дайындалады. Оның жанына тойға келген қонақтар суретке түсу үшін фото-аймақ қойылады.

Бата беру сәті
Ұзатылып жатқан қызға бата беру сәті. Көрнекі сурет: YouTube / NAZVANIE ENTERTAINMENT

Қазақ халқының қыз ұзату дәстүрі жиналған көпшілікті ерекше толқытады. Қыз ұзату қалай жасалады? Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің ресми сайты қазіргі заманғы қыз ұзату дәстүрін былайша сипаттайды:

  1. Күйеу жігіттің ата-анасы шақырылған қонақтармен бірге той өтетін орынға келеді. Кей жерлерде ұйымдастырушылар арқан керу рәсімін өткізеді. Қалыңдықтың туыстары алдарына лента созып, қонақтарды ішке кіргізу үшін шағын сыйлықтар алады.
  2. Күйеу жігіт той алаңына гүл шоғымен кіріп, қалыңдықты күтеді. Қалыңдығы бой көрсеткен кезде күйеу жігіт оған гүл сыйлайды.
  3. Той болып жатқан елдің үлкен әрі құрметті қонағы бата беріп, той басталады. Тарихшы Самара Осмонова зерттеулерінің бірінде мерекелік дастарқанға ерекше мән берілетінін жазды. Дәстүр бойынша той үстеліне ұлттық тағамдар қойылады.
  4. Дастарқан басындағы әрбір қонақ қалыңдыққа ізгі тілегін айтады. Басқа рулы елге қадам басқалы тұрған қыз балаға арналған шынайы тілектер ерекше бағаланады (Мысалы: "Судай сіңіп, тастай бат").
  5. Ұзату тойының соңында қыз ақ төсеніш (ақ жол) үстімен жүріп, туыстарымен қоштасады. Жиналған жұрт жолдың екі жағында тұрады. Анасы қызын қолтықтап ақ жолға дейін әкеледі, содан кейін күйеу жігіттің жеңгелері қалыңдықты екі жағынан ұстап алып кетеді.

Ұзату тойында "Сыңсу" (қоштасу) әні айтылады. Оны қыздың өзі немесе туыстары орындайды. Кетіп бара жатқан қыз отбасына, артына назар салмай, болашаққа деген үмітпен алға ғана қарауы керек.

Абысын-ажындар
Бір әулеттің келіндері. Көрнекі сурет: YouTube / NAZVANIE ENTERTAINMENT

Сыңсу айтылып жатқан сәтте күйеу жігіт анасымен бірге қалыңдықты күтіп тұрады. Қыз бала бас киімін (сәукеле) шешіп, жақын арада бақытты келін атансын деген ниетпен сіңілісіне сыйлайды.

Әлбетте ұзатылған қыздың туған-туыстарының көңілі босайды, ал күйеу жігіттің екі жеңгесі (сол әулеттің келіндері) жас жұбайларға ілеседі. Осы сәттен кейін қыз енді ата-анасының үйіне оралмайды, күйеу жігіттің отбасында қалады. Ұшқан ұясына тек қадірлі қонақ болып қана келіп тұрады.

Қазіргі күні қыз ұзатуға байланысты жаңа дәстүрлер пайда болды. Бұл күні жастар мешітке барып, Жаратқанның алдында адал болу ниетімен неке қию рәсімін жасайды. Одан кейін қыз ұзату, алғашқы неке түні өтеді.

Айзада Жайыққызының қазақтың салт-дәстүрін насихаттаушы Зейнеп Ахметовадан алған сұхбатында қыз ұзату дәстүріне байланысты құнды мәліметтер берілген:

Қызды ұзатқан кезде қыздың көшіне шешесі ілеседі. Шешесінен басқа, бауыры, жеңгесі ереді. Бірақ, көшті шешесі бастайды. Келін түсіріп, той болған соң өзгелер қайтады да, құда-құдағилары қыздың шешесін "кішкене үйренгенше келініміздің қасына болыңыз" деген ниетпен өтініп алып қалады. Шынында да, шешесі қасында қалып, келіндік өмірге үйретеді екен.

Мұнан соң құдағиды шығарып салу міндеті өзгеге емес, күйеу балаға жүктеледі. Ол кезде атпен жүретін заман. Бір қонып бара ма, екі күн қонып бара ма, бірақ тек қана күйеу бала серік болады. Сонда жол-жөнекей бір-біріне сыр айтып, енесі қызын табыстайды, сенім артады. Сөйтіп, енесінің ақылын тыңдап, күйеу бала да енесіне жақын бола бастайды.

Ауылға келген соң күйеу балаға арнап мал сойылады. Күйеу бала аттанарда міндетті түрде ат жетектетіп немесе алдына бұзаулы сиыр салып береді, құр жібермейді. Содан кейін күйеу бала атасының үйіне тәжім жасап кіреді, "Пайғамбар да күйеуін сыйлаған" деп жатамыз, шаңырақ салар кезде де алыстан кәрі күйеуді шақыртқан. Ал ене мен келіннің, ене мен күйеу баланың бір-біріне қайшы келуі сырттан келді. Әйтпесе, біз бір-бірін сыйлаған халықпыз. Сырттан келгенде, тең құқық деп жүріп, біз көп нәрседен айырылып қалдық.

Әрбір әке мен ана әлпештеген қызын ұясынан лайықты түрде шығарып салуды парыз санайды. Ерте замандардан бері келе жатқан қыз ұзату рәсімі қазіргі Қазақстандағы отбасы институтын нығайтатын маңызды дәстүр болып қала бермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2023497-qyz-uzatu-qazaqtyn-salt-dasturi-boiynsa-uzatu-boiynsa-zasalatyn-manyzdy-rasimder/