Көкөністермен дайындалатын қазан-кебаб: Адельден арнайы рецепт
Жарияланған күні:
Дәстүрлі шығыс асханасы әр түрлі етті тағамдарға бай. Солардың бірі - қазан-кебаб. Ол етпен көкөністерді қуыру арқылы дайындалады. Тағамды дұрыс дайындау жолымен төменде бөлісетін боламыз.
"Кебаб" сөзі парсы тілінен аударғанда "қуырылған ет" деген мағынаны білдіреді, сәйкесінше "қазан-кебаб бұл - қазанда қуырылған ет. Тағам Орта Азияда, Кавказ елдерінде, Таяу Шығыста, өзбек мейрамханаларының мәзірінде кең таралған. Әдетте қазан-кебаб дайындау үшін қой етін пайдаланады. Бірақ тауық немесе сиыр етін де қолдануға болады. Тағамның дәмді болуының құпиясы дұрыс қуырылған ет пен көкөністерге байланысты. Аспаз Адель тойымды әрі хош иісті болып шығатын қазан-кебабтың рецептісін бөлісті.
Сипаттамасы:
Асхана: Өзбек
Санаты: Басты тағам
Дайындау уақыты: 5 минут
Дайындалу уақыты: 15 минут
Калориясы: 222 ккал
Құрамы:
Жұмыртқа - 1 дана
Чили бұрышы – дәміне қарай
Тәтті бұрыш – 1 дана
Өсімдік майы – 2 ас қасық
Пияз – 2 дана
Кәді – 1 дана
Тұз – дәміне қарай
Қара ұнтақталған бұрыш – дәміне қарай
Жүгері крахмалы – 1 ас қасық
Зира – 1 шай қасық
Сиыр еті – 300 гр
Дайындалуы:
1. Сиыр етін дайындап алыңыз
Сиыр етін жуып, қағаз орамалмен артық суын сүртіп тастаңыз. Қажет болса артық шандырын алыңыз. Сиыр етін ұзынша етіп, жұқалап тураймыз. Сонда ет жақсы қуырылатын болады.
2. Етті маринадтап алыңыз
Туралған етті терең ыдысқа салыңыз. Ыдысқа бір жұмыртқа салып, жақсылап етпен араластырыңыз. Қалауыңызша тұз, ұнтақталған қара бұрыш, жүгері крахмалын қосып, тағы да араластыру керек. Сиыр етін 15 минутқа қалдырыңыз.
3. Көкөністерді тураңыз
Ет маринадталғанша көкөністерді дайындау керек. Пиязды тазартып, жұқалап тураймыз. Тәтті қызыл бұрышты тазалап, ірілеп тураймыз. Кәдіні жақсылап жуып, сыртын тазаламай-ақ тураймыз.
4. Сиыр етін қуырамыз
Табаны немесе қазанды пешке қойып, өсімдік майын құямыз. Қызған майға етті салып, дайын болғанша араластырып отырып пісіреміз. Ет 5 минутта дайын болады, піскен етті тарелкаға салып қойыңыз.
5. Көкөністерді дайындаймыз
Етті қуырған табаға пиязды саламыз. Көкөністерді ұзақ қуырмаймыз, олар қытырлақ қалпында қалуы қажет. Пиязды қуырып, үстіне тәтті қызыл бұрыш пен кәдіні салыңыз. Ұсатылған зира, аздап тұз, қызыл бұрыш қосыңыз. Көкөністерді араластырып отырып, 3-4 минуттай дайындаймыз.
6. Тағамды дастарханға ұсыну
Ет салынған тарелканың үстіне көкеністерді салыңыз. Сарымсақ немесе балғын шөптер қосып, ұсынуға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2031602-kokonistermen-daiyndalatyn-qazan-kebab-adelden-arnaiy-recept/