Француз бәліші: Адельдің әдісі бойынша дайындалған ең дәмді рецепт
Жарияланған күні:
Бәліштер тек тәтті болу керек деп кім айтты? Адель ұсынған рецепт бойынша пияз қосып жасалған француз бәлішін қалай жасау керегін көрсетеміз. Ал сіз қолжетімді өнімдермен өте дәмді тіскебасар дайындап көріңіз.
Ең дәмді тағам рецептерін Адельдің YouTube арнасынан таба аласыздар. Күнделікті және мерекелерге арналған ерекше идеяларды көргіңіз келсе, арнаға жазылып алыңыз. Онда қолжетімді өнімдерден дәмді, пайдалы және түпнұсқадағыдай болып шығатын тағамдарды қалай дайындау керегі айтылады.
Дәстүрлі Лорен киш бәлішінің аздаған аспаздық модификациясы болып саналатын Эльзас киш тағамы француз асханасының классикасы болып саналады. Беті ашық тұратын бұл бәліштің басты ерекшелігі қуырылған пияз болса керек. Ал біз аз-мәз тәжірибе жасап, оған көк шөп қосып, бәліштің беткі бөлігін жауып пісіріп көрдік.
Сипаттамасы
Асханасы: Еуропалық
Санаты: Тіскебасар
Дайындау уақыты: 5 минут
Пісетін уақыты: 40 минут
Мөлшерлік калориясы: 206 ккал.
Ингредиенттер
- Тауық жұмыртқасы - 4 дана.
- Майлылығы 30% қаймақ - 6 ас қасық.
- Жоғары сорттық бидай ұны - 2 стақан.
- Өсімдік майы - 1 ас қасық.
- Көк жуа - қалауыңыз бойынша.
- Бас пияз - 3 дана.
- Ақжелкен - дәміне қарай.
- Тұз - татымына қарай.
- Ас тұзы - 1 шай қасық.
- Қара ұнтақ бұрыш - дәміне қарай.
- Күнзе (кинза) - дәміне қарай.
- Жұмыртқаның сарысы - 1.
- 82,5% сары май - 200 г.
- Балқытылған ірімшік - дәміне қарай.
Дайындалуы
1. Пиязды тураңыз
Алдымен табаны қыздырып алыңыз. Пиязды қабығынан тазартып, кішкене текше пішінінде тураңыз. Алдын-ала қыздырылған табаға өсімдік майын құйып, пиязды қуырыңыз. Пияз табада қуырылып жатқан кезде бәлішке қосатын басқа өнімдерді дайындай бергеніңіз жөн. Табадағы пияз сарғылт болып қуырылуы керек.
2. Сары майды үккіштен өткізіңіз
Шұңғыл ыдысқа ұнды елеуіштен өткізіңіз. Тесіктері үлкендеу үккішке ұн себіңіз. Салқындатылған сары майды ұн салынған ыдысқа үккіштен өткізіңіз. Сары майды ұнмен араластырыңыз.
3. Қамыр дайындаңыз
Сары май және ұн араласқан ыдысқа бір шымшым тұз және қаймақ салыңыз. Қаймақ неғұрлым майлы болса, қамыр соғұрлым жұмсақ болады. Содан соң қаймаққа ас содасын салып, барлық ингредиентті араластырыңыз. Қамыр салынған ыдысқа 1 жұмыртқа салып, қайтадан араластырып шығыңыз. Қажет болса, аздап ұн қосуға болады. Қамыр біркелкі болғанша илеп, бетін пергаментпен жабыңыз. Иленген қамырдың 30 минут салқын жерде тұрғаны дұрыс.
4. Көк шөптерді тураңыз
Табадағы қуырылған пиязды салқындатып алыңыз. Күнзе, ақжелкен және көк жуаны жуып, кептіріңіз. Барлығын пышақпен майдалап тураңыз. Пияз бәлішін пісіру үшін күнзе, көк жуа, ақжелкен, балдыркөк қосқан дұрыс. Бәліш құрамында көк шөп неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы.
5. Бәліш салмасын араластырыңыз
Үлкендеу 4 жұмыртқаны шұңғыл ыдысқа жарып салыңыз. Бір шымшым тұз және ұнтақталған қара бұрыш қосыңыз. Жұмыртқа біркелкі болғанша бұлғауышпен былғаңыз. Жұмыртқаға туралған шөптерді қосыңыз. Содан кейін салқындатылған пиязды қосып, барлығын жақсылап араластырыңыз.
5. Бәліш қамырын жайыңыз
Қамырды тоңазытқыштан алып, екі бөлікке теңдей бөліңіз. Бетіне ұн сеуіп, қамырдың бірінші бөлігін қалыңдығы 5 мм-дей етіп жайыңыз. Пеш табасына пергамент қағазын төсеп, үстіне жайылған қамырды салыңыз. Бұл - бәліштің негізі болып саналады.
7. Бәліш пішінін жасаңыз
Қамырдың екінші жартысын жайыңыз. Бәліш негізіне салмасын біркелкі етіп салыңыз. Бәліштің ішіне дәміне қарай аздап балқытылған ірімшік қосуға болады. Қамырдың екінші бөлігін бетіне жауып, шеттерін жақсылап біріктіріп шығыңыз.
8. Бәлішті пісіріңіз
Пешті 180 ° C дейін қыздырыңыз. Бәліштің үстіне жұмыртқаның сарысын жағыңыз. Табаны алдын-ала қыздырылған пешке қойып, шамамен 40 минут пісіріңіз.
Рецепт видеосы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2033664-francuz-balisi-adeldin-adisi-boiynsa-daiyndalgan-en-damdi-recept/