Тек ауқатты адамдар ғана білген: кәдіден жасалатын қытырлақ вафлидің рецепті
Жарияланған күні:
Қытырлақ көкөніс вафлиі – тез әрі дәмді тіскебасардың ең жақсы тәсілі. Ол үшін бар болғаны уақыт пен пайдалы көкөністер қажет. Сондықтан назарларыңызға кәдіден дайындалатын дәмді әрі пайдалы вафлидің рецептін ұсынамыз.
Еуропа асханасында вафлидің рецепті орта ғасырлардың соңында пайда болған деген дерек бар. Алайда аталған десертті көп жылдар бойы тек ауқатты адамдар ғана білген әрі олар оны құпия ұстаған деседі. XVII ғасырға таман Еуропа мен АҚШ-та вафли кеңінен танымал болды, алайда 1869 жылы алғашқы вафли пісіру құралы пайда болғанда, ол бұрынғыдан да танымал бола бастады. Әлемдік асханада вафлидің түрлі рецепті бар, оның дәстүрлі құрамына ұн мен жұмыртқа мен тәтті дәмдеуіштер, балғын жемістер мен көкөністер кіреді.
Сипаттамасы:
Асхана: Еуропалық
Санаты: Тіскебасар
Дайындалу уақыты: 5 минут
Дайын болу уақыты: 20 минут
Бір порцияға арналған калория көлемі: 78 кал
Құрамы:
Жұмыртқа - 1 дана
Ұн - 2 ас қасық
Кәді - 2 дана
Консервіленген жүгері – 4 ас қасық
Қатты ірімшік – 50 г
1. Кәдіні дайындаңыз
Кәдіні жақсылап жуамыз. Кәдінің біреуін ұсақ үккіштен өткізсек, екіншісін ірі үккіштен өткіземіз. Осылайша ол тағамда ұнның орнына қолданылады. Үккіштен өткен кәдіні дуршлагтан өткізіп, барынша құрғатуға тырысамыз. Сонда ол сөлін беріп, тез құрғайтын болады.
2. Ірімшікті үккіштен өткізу
Кәді шырынын бергенше, ірімшікті үккіштен өткіземіз. Ол үшін ірі үккішті пайдаланамыз. Десе де сізге қолыңызда бар кез келген үккішті пайдалануға болады.
3. Кәдіні құрғатыңыз
Үккіштен өткен кәдіні араластырамыз. Оның сөлін қолымызбен сығып аламыз. Ол үшін кепкірді пайдаланса болады. Дайын кәдіні тәрелкеге саламыз.
4. Қамыр дайындау
Ыдысқа бір жұмыртқаны жарып, оны шанышқымен араластырамыз. Оған кәді мен ірімшікті саламыз. Бәрін жақсылап араластырамыз. Қамырға консервіленген жүгері мен ұнды қосып, біртекті қамыр болғанша илейміз.
5. Вафлиді пісіру
Электр вафельницасын қыздырамыз. Оның ішін сұйық маймен сүртіп аламыз. Бір вафлиге қамырдың бір ас қасығын саламыз. Сөйтіп вафлиді пісіріп аламыз. Дайын вафлиді дастарханға грек йогурты немесе қаймақпен бірге ұсынамыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2033711-tek-auqatty-adamdar-gana-bilgen-kadiden-zasalatyn-qytyrlaq-vaflidin-recepti/