Мегрел хачапуриі: ең дәмді грузин тағамының рецепті
Жарияланған күні:
Хачапури - Грузияның аспаздық өнерінде ерекше бағаланатын тағам. Бұл елде қандай шара өтсе де, дастарқанға ірімшік қосылған қызғылт түсті шелпек қойылады. Біз ұсынған рецепт бойынша пісірілген хачапуридің дәмді әрі хош иісті болып шығатыны сөзсіз.
2019 жылы Хачапури тағамы Грузияның материалдық емес мәдени мұраларының қатарына енді. Кондитерлік өнімнің атауы "ხაჭო " ('хачо') "нан" және "პური" ("пури") "ірімшік" деген мағынаны білдіретін сөздерден шыққан. Хачапуридің әр түрлі әдіспен дайындалуы аймақтардың ерекшеліктерімен байланысты болса керек. Мысалы: ачарули немесе аджар хачапуриі Аджариядан шықса, кубдари Сванетияда, рачули таулы Рачи аймағында, ал мегрел хачапуриі Батыс Грузиядағы тарихи Мегрелия өңірінде дайындалады. Мегрел хачапуриінің ерекшелігі ірімшіктің нан ішіне ғана емес, үстіне қойылуымен де байланысты. Сонымен қатар бұл тағамды үлкен отбасыға арнап пісіреді.
Сипаттамасы
Асханасы: грузин
Санаты: бас тағам
Дайындау уақыты: 5 минут
Пісіру уақыты: 30 минут
Мөлшерлік калориясы: 354 ккал
Ингредиенттер
Тауық жұмыртқасы - 1 тал
Қант - 4 г
Жоғары сорттық бидай ұны - 530 г
Сүт - 300 мл
Өсімдік майы - 3 ас қасық
Ашытқы - 5 г
Тұз - 1 шай қасық
Сулугуни - 350 г
Имеретин ірімшігі - 350 г
Дайындалуы
1. Ашытқыны сүтке қосып ерітіңіз
Сүтті 30-35 °C болатындай жылытыңыз. Бұл ашытқының жақсы көтерілуіне және қамырдың жұмсақ болуына әсер етеді. Сүтке 0,5 шай қасық қант қосып ерітіңіз. Содан кейін 5 г ұсақталған ашытқы қосыңыз. Ингредиенттерді араластырып, ашытқы көтерілгенше 10-15 минут күтіңіз.
2. Ұн мен тұзды араластырыңыз
Шұңғыл ыдысқа 500 г ұнды елеуіштен өткізіп салыңыз. Ұнды елеп салу қамырдың жақсы сақталуына пайдасын тигізеді әрі борпылдақ, үгілмелі етеді. Ұнға тұз қосып, ингредиенттерді араластырыңыз.
3. Қамыр илеңіз
Сүтте крем тәрізді көбік пайда болған кезде ұнның ортасынан бастап ашытқы ерітіндісін құйыңыз. Осылайша қамыр илеуді бастаңыз. Қамыр илеп жатқанда 1 ас қасық иіссіз өсімдік майын құйыңыз. Қамыр қолға жабыспайтындай біркелкі және жұмсақ болғанша илеңіз.
4. Қамырдың көтерілгенін күтіңіз
Қамырдан шар пішінін жасап, таза шұңғыл ыдысқа салыңыз, бетін қақпақпен немесе пленкамен жабыңыз. Ашытқы қамыры әбден көтерілгенше қоя тұрыңыз. Қамырды шамамен 40-50 минут жылы жерге қойыңыз.
5. Салмасын дайындаңыз
Сулугуниді үлкендеу үккіштен өткізіңіз. Тағам піскен кезде бетіне себу үшін 50 г ірімшікті бөлек ыдысқа салыңыз. Имеретин ірімшігін қолыңызбен ұсақтаңыз. Ірімшіктің екі түрін араластырып, тұздылығын тексеріп көріңіз. Тұзы аздау болса, қосуға болады. Тағамды пешке салған кезде ірімшік сұйық болып кетпесін десеңіз, қоспаға 1 ас қасық ұн қосыңыз. Ал ірімшік майлы болмаса, барлық қоспаны біріктіру үшін 1 жұмыртқа қосуға болады.
6. Қамырды бірнеше бөлікке бөліңіз
Үстелдің үстіне ұн себіңіз. Қамырды 2 бөлікке тең етіп бөліп, әрқайсысынан шар пішінін жасаңыз. Қамыр бетін таза сүлгімен жауып, 10-15 минутқа қалдырсаңыз, иіні қанып, тағамның жақсы пісуіне әсер етеді.
7. Қамыр жайыңыз
Пешті 200 °C дейін қыздырыңыз. Содан кейін қамырды дөңгелек пішінге келтіріп жайыңыз. Шелпектің қалыңдығы шамамен 1 см болуы керек. Екінші шелпекті де осы пішінде жаю керек.
8. Хачапури пішінін жасаңыз
Хачапури салмасын екі бөлікке бірдей бөліп, әрқайсысын шар тәрізді жасаңыз. Әр шелпектің ортасына ірімшік салыңыз. Қамырды хинкали сияқты ірімшік салмасының айналасына жинаңыз. Қамырды қолыңызбен басып, оған шелпек пішінін беріңіз. Содан кейін шелпекті оқтаумен тегістеңіз және ортасына пышақпен кішкене дөңгелек тесік жасаңыз. Пісіру процесінде сол арқылы ылғал буланып шығады.
9. Хачапуриге жұмыртқа жағыңыз
1 жұмыртқаны шанышқымен араластырып, ақ пен сарысын біріктіріңіз. Хачапуриді пергамент қағазы төселген табаға салыңыз. Оны қолыңызбен аздап түзетіңіз. Бетін жұмыртқамен майлап, ірімшік себіңіз.
10. Хачапуриді пісіріңіз
Хачапури пісіретін табаны алдын-ала қыздырылған пешке салыңыз. Шамамен 15 минут пісіріңіз. Пештің жұмыс режимі әр үйде әр түрлі болғандықтан, қамырдың күйіп кетпеуін қадағалаңыз. Хачапури беті қызарса, тағамның дайын екенін білуге болады. Дайын тағамды табаққа салыңыз, оны төрт тең бөлікке бөліп, дастарқанға ұсыныңыз.
Рецепт видеосы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2040962-megrel-xacapurii-en-damdi-gruzin-tagamynyn-recepti/