Табада пісірілетін пицца: сүйікті тағамның ең оңай рецепті
Жарияланған күні:
Пиццаны табада пісіруге де болады. Мұндай тағам классикалық пиццалардан кем шықпайды. Хош иісті әрі ірімшігі балқып тұратын жұмсақ пицца бүкіл отбасының сүйікті таңғы асына айналуы да мүмкін.
Пиццаны ежелгі кезде Римде "фокациус", ал Грекияда "плакус" деп атаған. Бұл екі тағам да пияз, сарымсақ және түрлі шөп қосылған жалпақ нан пішінінде жасалатын. Пиццаның қазіргі түрі XVI ғасырда Неапольде кеңінен тарады. Ол жақта мұндай ас кедейлердің тағамы болып саналды. ХІХ ғасырдан бастап пицца бүкіл әлемге тарап, көптеген елде жергілікті өнімдерден пісірілетін арнайы рецепттер пайда болды. Мысалы Қытайда пиццаға дуриан және консервіленген жұмыртқа қосылады. Сондай-ақ пицца пісірудің дәстүрлі емес нұсқалары да бар, соның ішінде табада ыңғайлы әрі жылдам пісірілетін түрі де бар.
Сипаттамасы
Асханасы: Италья
Санаты: бас тағам
Дайындау уақыты: 3 минут
Пісіру уақыты: 6 минут
Мөлшерлік калориясы: 445 ккал
Ингредиенттер
Тауық жұмыртқасы - 2 тал
Қызанақ - 100 г
Жоғары сорттық бидай ұны - 100 г
Өсімдік майы - 1 ас қасық
2,5 % айран - 140 мл
Тұз - дәміне қарай
Жартылай ысталған шұжық - 100 г
Қатты ірімшік - 5 г
Дайындалуы
1. Шұжықты тураңыз
Шұжықтың сыртын ораған қабығын алып тастаңыз. Шұжықтың қалыңдығын шамамен 5 мм болатындай етіп көлденеңінен тілімдеп кесіңіз. Шұжық тілімдерін жинап, жалпақтығы 6-10 мм көлемінде текшелеп тураңыз. Жартылай ысталған шұжықтың орнына кез келген шұжықты (пісірілген, ысталған, т.б.) немесе пісірілген етті пайдалануға болады. Ең бастысы пиццаның салмасы жақсылап пісу үшін шұжықты қатты ірі қылып турамаған дұрыс.
2. Ірімшікті үккіштен өткізіңіз
Қатты ірімшіктің сыртын ашып, ірі үккіштен өткізіңіз. Пицца пісіру үшін жылдам еритін ірімшікті пайдалану керек. Моцарелла, голландтық, орыс, швейцариялық және басқа да балқитын ірімшік түрлерін қосқан абзал.
3. Қызанақты тураңыз
Қызанақты сумен жуып, қағаз майлықпен құрғатып алыңыз. Қызанақтың сабағын алып тастап, ортасынан екіге бөліңіз. Әр бөлігін қалыңдығы 5 мм-ден аспайтын етіп тілімдеп тураңыз. Қызанақты тураған кезде ұсақтап алмау үшін өткір пышақ пайдаланып, үстінен қатты баспай кесіңіз.
4. Жұмыртқаны араластырыңыз
Бөлме температурасында жылытылған жұмыртқаны таза және құрғақ ыдысқа салыңыз. Үстіне бір шымшым тұз қосыңыз. Жұмыртқаның ағы мен сарысы біркелкі болғанша төмен жылдамдықта қосылған миксер көмегімен, араластырғышпен немесе кәдімгі шанышқымен араластырыңыз.
5. Айран қосыңыз
Жұмыртқаға 140 г (8 ас қасық) айран қосыңыз. Қоспаны тегіс болғанша араластырыңыз. Егер айран жоқ болса, оның орнына ашыған сүт немесе қаймақ қосуға болады.
6. Ұн қосып, қамыр илеңіз
100 г (9 ас қасық) бидай ұнын ыдысқа салыңыз. Ұнды сұйық ингредиенттермен бірге араластырыңыз. Илеген кезде консистенциясы қою қаймаққа ұқсайтын сұйық қамыр шығу керек.
7. Табаны қыздырыңыз
Диаметрі 22-24 см түбі қалың табаны баяу отқа қыздырыңыз. Содан кейін 1 ас қасық иіссіө өсімдік майын құйыңыз. Май табаның түбіне толық жағылу керек.
8. Қамырды табаға салыңыз
Қамырды май құйылған табаға салыңыз. Қамыр табаға біркелкі болып түгелдей салыну үшін асүй қалақшасын пайдаланыңыз. Қамырдың ортасы да, шеті де бірдей қалыңдықтағы дөңгелек пішінде болу керек.
9. Пиццаның салмасын салыңыз
Текшелеп туралған шұжықты қамырдың бетіне салыңыз. Үстіне қызанақ тілімдерін салыңыз. Содан соң басқа өнімдерді де қосуға болады. Мысалы: кесілген зәйтүн, маринадталған қияр, саңырауқұлақ немесе сақина тәрізді туралған пияз.
10. Ірімшік қосыңыз
Пиццаның бетіне ірі үккіштен өткізген ірімшікті молынан себіңіз. Ірімшікпен бірге бір шымшым орегано қолдануға болады. Мұндай дәмдеуіш пиццаға әдемі дәм береді. Ірімшік қамырдың шеткі жағына салынбау керек, өйткені ерігеннен кейін түбіне ағып, күйіп кетуі мүмкін. Пицца пісіп жатқан табаның қақпағын жауып, төмен температурада шамамен 10 минут пісіріңіз.
11. Пицца дайындауды аяқтаңыз
Пицца қамыры қатайып, ірімшік еріген кезде отты өшіреміз. Пиццаны тегіс табаққа ақырындап аударып, кесіңіз. Қажет болса, бетіне шөптер сеуіп, дастарқанға ұсынсаңыз болады.
Рецепт видеосы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2042840-tabada-pisiriletin-picca-suiikti-tagamnyn-en-onai-recepti/