Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Артық салмақтан арылтады: түрлі-түсті орамжапырақ пен брокколиден жасалған салат

Опубликовано:

Брокколи салаты
Түрлі-түсті орамжапырақ пен брокколи салаты. Көрнекі сурет: Диана Есенбекова

Көкөністерден дайындалған тағамның адам ағзасына пайдасы зор. Себебі құрамында пайдалы дәрумендер мен минералдар бар. Егер сіз пайдалы әрі артық салмақтан арылуға көмектесетін тағам пісіргіңіз келсе, түрлі-түсті орамжапырақ пен брокколиден жасалған салат рецептін фуд-блогер Диана Есенбекова ұсынады.

Әр түрлі пайдалы рецептермен таныс болғыңыз келсе, YouTube арнасына жазылып алыңыздар.

Брокколи орамжапырағы ежелгі Рим кезеңінен бері белгілі өнім. Брокколи атауы "bracchium" деген сөзден шыққан, қазақша мағынасы "қол" дегенді білдіреді. Бұл өнім біздің дәуірімізге дейінгі V-VI ғасырларда басқа қырыққабат дақылдарын будандастыру арқылы алынған. Брокколи Францияға XVI ғасырда, Англияға XVIII ғасырда әкелінді.

Мұнда ол итальян қасқыржемі деп аталды. Брокколи АҚШ-қа тек ХХ ғасырдың басында италиялық келімсектер арқылы жеткізілді. Брокколидің адам ағзасына пайдасы зор: ас қорытуды жеңілдетеді, қандағы холестеринді азайтады, ағзаға дәрумендер мен минералдардың сіңуіне көмектеседі.

Брокколи
Брокколи. Көрнекі сурет: pixabay.com

Түрлі-түсті орамжапырақтың отаны - Жерорта теңізі, дәлірек айтқанда Сирия деп саналады. Бұған дәлел ретінде қырыққабаттың бұл түрінің ұзақ уақыт бойы сириялық деп аталуын айтуға болады.

Бұл көкөністі әйгілі Ибн Сина қыс мезгілінде жеуге кеңес берген. Гүлді қырыққабаттың бүкіл әлемге таралуы ХІІ ғасырда басталды. Оны арабтар Испанияға әкеліп жатқан тұста орамжапырақ Кипрде де пайда болды.

Еуропа елдерінде, атап айтқанда Францияда, Италияда, Голландияда және Ұлыбританияда бұл қырыққабатты өсіру шамамен XIV ғасырда басталды. Түрлі-түсті орамжапырақтың құрамында А, H, K, E, D, PP және В тобындағы дәрумендер, макро-микроэлементтер, органикалық қышқылдар, кальций, калий бар.

Сипаттамасы:

Асханасы: еуропалық

Санаты: бас тағам

Дайындау уақыты: 5 минут

Пісіру уақыты: 20 минут

Мөлшерлік калориясы: 116 ккал

Ингредиенттер

  • Брокколи - 1 бас;
  • Түрлі-түсті орамжапырақ - 1 бас;
  • Тұз - дәміне қарай;
  • Қызыл бұрыш - дәміне қарай;
  • Ұнтақталған қара бұрыш - дәміне қарай;
  • Зәйтүн немесе өсімдік майы - дәміне қарай;
  • Қызанақ - 2 тал;
  • Ірімшік - 50 г;
  • Жүгері - 1 қалбыр;
  • Қаймақ - 100 г;
  • Лимон шырыны - 0,5 лимон;
  • Салат дәмдеуіші - бір шымшым.

Дайындалуы

1. Түрлі-түсті орамжапырақ пен брокколиді тураймыз

Брокколи және орамжапырақ
Брокколи және түрлі-түсті орамжапырақ. Көрнекі сурет: Диана Есенбекова

Ең алдымен брокколиді таза сумен жақсылап жуып, артық бөліктерін кесіп алып тастаймыз. Содан соң түрлі-түсті орамжапырақты тазалап аламыз. Тазаланған орамжапырақ пен брокколиді бөлшектеп турап, шұңғыл ыдысқа саламыз.

2. Қара және қызыл бұрыш, май мен тұз қосамыз

Май құю
Тұз, бұрыш, май қосылған салат. Көрнекі сурет: Диана Есенбекова

Ыдысқа салынған түрлі-түсті орамжапырақ пен брокколидің үстіне дәміне қарай ұнтақталған қара бұрыш пен қызыл бұрыш себеміз. Өсімдік майын құямыз. Оның орнына зәйтүн майын құюға да болады. Зәйтүн майы салатқа ерекше дәм береді. Содан кейін дәміне қарай тұз қосамыз да, барлық өнімді жақсылап араластырамыз.

3. Брокколи мен түрлі-түсті орамжапырақты табаға саламыз

Табаға салынған салат
Табаға салынған брокколи мен орамжапырақ. Көрнекі сурет: Диана Есенбекова

Табаның бетіне пергамент қағазын төсеп, пешті 200 градусқа қосамыз. Табаға түрлі-түсті орамжапырақ пен брокколидан дайындаған салатты саламыз. Барлығын біркелкі етіп жайып қоямыз. Салатты пешке салып, 20-30 минуттай қойып пісіреміз.

4. Қызанақты тураймыз

Қызанақты турау
Текшелеп туралған қызанақ. Көрнекі сурет: Диана Есенбекова

Орташа көлемдегі 2 дана қызанақты үлкендеу текше пішінінде тураймыз. Шұңғыл ыдысқа туралған қызанақты және қалбырдағы жүгеріні саламыз. Содан кейін пеште пісірілген түрлі-түсті орамжапырақ пен брокколиді қосамыз.

5. Ірімшік қосамыз

Ірімшік турау
Төртбұрышты етіп туралған ірімшік. Көрнекі сурет: Диана Есенбекова

Ірімшікті төртбұрышты етіп тураймыз. Туралған ірімшікті салат тұрған ыдысқа саламыз. Ірімшік салаттың дәмін келтіреді әрі тойымды етеді.

6. Соус дайындаймыз

Лимон шырыны
Лимон шырыны қосылған соус. Көрнекі сурет: Диана Есенбекова

Шағын ыдысқа қаймақ, аздап тұз, қызыл бұрыш, өсімдік майы немесе оның орнына зәйтүн майын қосамыз. Оның үстіне лимонды сығып, шырынын құямыз. Егер асүйіңізде салатқа арналған дәмдеуіштер болса, соусқа қосуға болады. Сол кезде соустың дәмі ерекше болып шығады.

7. Салатқа соус қосып араластырамыз

Соус қосу
Соус қосып араластырған салат. Көрнекі сурет: Диана Есенбекова

Туралған өнімдердің үстіне алдын-ала дайындап алған соусты құйып, барлық өнімді жақсылап араластырамыз. Лимон шырыны қосылған соус салаттың дәмін келтіріп, хош иісті етеді әрі тәбетті аша түседі.

8. Салат дайын

Брокколидан жасалған салат
Брокколи және түрлі-түсті орамжапырақтан жасалған салат. Көрнекі сурет: Диана Есенбекова

Брокколи және түрлі-түсті орамжапырақтан жасалған салатымыз дайын болды. Дәмі тіл үйіретін пайдалы салатты сіз де міндетті түрде дайындап көріңіз. Себебі бұл салаттың құрамында ағзаға пайдалы дәрумен қоры мол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2043445-artyq-salmaqtan-aryltady-turli-tusti-oramzapyraq-pen-brokkoliden-zasalgan-salat/

pixel