"Цомян лағманы": Тойымды әрі нәрлі тағамның ең жеңіл рецепті
Опубликовано:

Цомян — тойымды әрі дәмді ұйғыр тағамы. Тағамға арналған етті алдын ала маринадтаса, кеспесін тығыз қамырдан жасайды. Төмендегі рецептке үңіліп, үй жағдайында дәмді цомян лағманын әзірлеп көріңіз.
Лағманның шығуына байланысты мынадай аңыз бар. Ертеде үш жаққа бара жатқан үш жолаушы кездесіп қалады екен. Оның біріншісінде ет пен ұн, екіншісінде көкөністер мен дәмдеуіштер, үшіншісінде таба мен су болыпты. Олардың қарны ашып, жол үстінде жолаушылар тамақ дайындауға кірісіпті.
Осылайша, Орта Азиядағы ең танымал тағам – лағман дүниеге келген деген аңыз бар. Цомян немесе кейде боса, я болмаса ұйғырдың қуырылған лағманы - Орта Азия халықтарының ең сүйікті тағамдарының бірі. Оның басты ерекшелігі - көкөністер қосып, етті және кеспесін бірге қуыруында.
Сипаттамасы
Асхана: Ұйғыр
Санаты: Басты тағам
Дайындау уақыты: 5 минут
Дайын болу уақыты: 1 сағат
Бір порцияға арналған калория мөлшері: 250 ккал
Құрамы:
Жұмыртқа - 1 дана
Сарымсақ – 4 тісше
Соя соусы – 4 ас қасық
Сельдерей – қалауыңызша
Тәтті бұрыш - 4 дана
Паприка – қалауыңызша
Бидай ұны – 500 г
Өсімдік майы – қалауыңызша
Пекин орамжапырағы – 1 дана
Тұз – 10 г
Қара бұрыш – қалауыңызша
Жүгері крахмалы - 1 ас қасық
Су – 180 мл
Қой еті – 500 г
Чили бұрышының ұнтағы – қалауыңызша
Томат пастасы – 2 ас қасық
Дайындалуы
1. Қамыр илеңіз

Жоғары сортты бидай ұнын терең ыдыста елеп алыңыз. 150 мл суық суға жұмыртқа қосып, араластырыңыз. Тұз қосып, тағы араластырыңыз. Ыдыстағы ұнның ортасын ашып, сұйық массаны құйыңыз. Қамырды 10 минут бойы, әбден иі қанғанша илеңіз.
2. Қамырды тынықтырыңыз

Қамырды целлофан немесе полиэтилен пленкасына орап, 40 минутқа тындырыңыз. Бұл қамырды жұмсақ әрі оның созылуына жақсы әсер етеді. Осылайша қамырды тағы да 40 минуттан кейін алып, илеп, 15-20 минутқа тағы да тындыруға қойыңыз.
3. Қамырды жазыңыз

Қамырды 1 см болатындай жазыңыз. Сөйтіп оның үстіне иісі жоқ, өсімдік майын жағыңыз. Сосын 1,5–2 см етіп ұзын жолақтарға бөліңіз. Қамыр жолақтарын целлофанға салып, үстінен май жағып, тағы тындырып қойыңыз. Қамырға өсімдік майы жақсылап сіңуі керек.
4. Қамырды табаға салыңыз
Кең тәрелкені алып, ішіне сұйық май құйып, оны жақсылап жағыңыз. Қамыр жолақтарын алып, оларды арқан тәрізді етіп илеңіз. Осылайша, рет-ретімен жалпақ тәрелкеге салып шығыңыз. Тәрелкенің бетін ас пленкасымен жауып, майды қамырға әбден сіңдіріңіз.
5. Лапшаны әзірлеңіз

Қамырдың иі қанған соң, оны лапша етіп созыңыз. Созылған дайын кеспеге тағы да өсімдік майын жағып, тындырып қойыңыз.
6. Лапшаны пісіріп алыңыз

Лапшаларды 7–8 см етіп кесіп, тұз қосылған суға салыңыз. Бұл шамамен 4–5 минутты уақытты алады. Сөйтіп қайнаған суда кеспені пісіріп болған соң, оны бірнеше секундқа суық суға малып алыңыз. Сосын сүзгімен сүзіп, құрғақ ыдысқа салыңыз. Дайын кеспеге май жағып қойыңыз.
7. Етті маринадтап алыңыз

Қой етін жіңішке етіп тураңыз, оған 0,5 шай қасық тұз бен жүгері крахмалын, 2 ас қасық соя соусы мен су құйыңыз. Барлығын жақсылап араластырып, ыдыстың бетін ас пленкасымен жабыңыз. Сөйтіп маринадтауға, 1 сағатқа қойып қойыңыз.
8. Көкөністерді тураңыз

Пиязды аршып, жіңішке етіп тураңыз. Пекин орамжапырағы мен болгар бұрышын шаршы етіп тураңыз. Қалауыңыз бойынша тағамға 1 жартылай ашты бұрыш қоссаңыз болады. Сельдерей сабақтарын ұсақтау етіп тураңыз, сосын сарымсақ тісшелерін аршып, майдалап тураңыз.
9. Етті пиязбен бірге қуырыңыз

Қазанды дайындап, оған 100 мл-дей өсімдік майын құйып, әбден қыздырып алыңыз. Сөйтіп қазанға маринадталған етті салыңыз. Етті қызарғанша қуырып, үстінен пияз, сарымсақ қосып, тағы да қуырыңыз.
10. Дәмдеуіштерді қосыңыз

Қазанға томат пастасы мен 2 ас қасық соя соусын қосыңыз. Дәміне қарай қара, қызыл бұрыш, тұз, паприка қосыңыз. Етті дәмдеуіштермен бірге ыстық отта жақсылап, тағы қуырыңыз.
11. Көкөністерді қосыңыз

Қазанға пекин орамжапырағы, тәтті бұрыш, сельдерейді салыңыз. Дәміне қарай тұз қосыңыз. Барлық құрамды жақсылап араластырып, қуырыңыз.
12. Тағамды дайындауды аяқтаңыз

Ет пен көкөністер бірнеше минут бойы қуырылған соң, қазанға лапшаны салыңыз. Бәрін жақсылап араластырыңыз. Тағамды отта тағы бірнеше минут ұстап, оны ыдыстарға салып, дастарханға ұсынсаңыз болады. Цомян лағманы дайын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2043669-comyan-lagmany-toiymdy-ari-narli-tagamnyn-en-zenil-recepti/