Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Грузия" салаты: ең оңай дайындалатын пайдалы рецепт

Жарияланған күні:

Грузия салаты
Көкөністерден дайындалған "Грузия" салаты. Көрнекі сурет: YouTube/Супер келін Диана

Грузин асханасы бүкіл әлемге дәмді әрі хош иісті тағамдарымен белгілі. Кәуап пен харчо секілді сорпа түрлерін, ірімшік қосып пісірілетін құнарлы тағамдарын білмейтін адам кемде-кем. Сонымен қатар түрлі-түсті көкөністерден дайындалатын салаттары да ерекше. Бұл жазбамызда адам ағзасына өте пайдалы әрі артық салмақтан арылуға көмектесетін "Грузия" салатының рецептін ұсынамыз.

Грузин асханасының тарихы сол елдің табиғи ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Бір кездері Сурам асуы елді Батыс және Шығыс деп екіге бөлді. Олардың әрқайсысына тән ерекшеліктер тек ауа райымен байланысты емес, саяси жағдайлардан да туындаған еді. Елдің батысы ұзақ уақыт түріктердің, ал шығысы Иран ықпалында болды. Сондықтан Батыс Грузияда жүгері мен құс етінен дайындалатын тағамдар көп болса, Шығыс Грузиядағы астың көбісі бидай ұны мен қой етінен пісіріледі. Осындай айырмашылықтарға қарамастан елдің екі бөлігі арасынан ұлттық тағамдардың бояуын көруге болады.

Сипаттамасы

Асханасы: грузин

Санаты: тіскебасар

Дайында уақыты. 5 минут

Пісіру уақыты: 15 минут

Мөлшерлік калориясы: 180 ккал

Ингредиенттер

Қызанақ - 3 дана

Қияр - 2 дана

Қызыл пияз (кішкентай) - 1 бас

Ақжелкен - дәміне қарай

Грек жаңғағы - 30 г

Тұз - дәміне қарай

Сарымсақ - 1 түйір

Күнзе - дәміне қарай

Зәйтүн майы - 3 шай қасық

Сіркесу - 1 шай қасық

Кориандр - 1 шай қасық

Дайындалуы

1. Қызанақты тураймыз

Қызанақ турау
Текшелеп туралған қызанақтар. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Ең алдымен 2 дана қызанақты тазалап жуып алып, артық жерлерін алып тастаймыз. Содан соң текшелеп тураймыз. Туралған қызанақты шұңғыл ыдысқа саламыз.

2. Қиярды тураймыз

Қияр турау
Ортасынан бөліп туралған қияр. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Қиярды жақсылап жуып аламыз. Жуылған қиярды ортасынан бір бөліп, үлкендеу етіп турап аламыз. Туралған қиярды қызанақ салынған ыдысқа саламыз.

3. Пиязды тураймыз

Пияз турау
Жұқалап туралған қызыл пияз. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Салаттың дәмін келтіру үшін 1 бас қызыл пияз қажет. Кішкентай көлемдегі пиязды ортасынан бөліп, жұқалап тураймыз. Жіңішкелеп туралған қызыл пиязды қияр мен қызанақтың үстіне саламыз.

4. Ақжелкенді майдалап тураймыз

Ақжелкенді турау
Майдалап туралған ақжелкен. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Содан соң ақжелкенді таза сумен жуып аламыз. Жуылған ақжелкенді жақсылап құрғатып алған дұрыс. Содан соң майдалап тураймыз да, оны да салат дайындап жатқан ыдысқа саламыз.

5. Соус дайындап аламыз

Соус дайындау
Грек жаңғағы, қызанақ пен сарымсақ қосылған соус. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Соус дайындау үшін 1 дана қызанақты текшелеп тураймыз. Содан соң күнзені майдалап турау керек. Соусқа грек жаңғағы мен майдалап туралан сарымсақты қосамыз. Дәміне қарай тұз, кориандр саламыз. Сосын 1 шай қасық сіркесуы мен зәйтүн майын құямыз. Егер асүйіңізде зәйтүн майы болмаса, орнына өсімдік майын қоссаңыз да болады.

6. Көкөністер мен соусты араластырамыз

Соус пен көкөністер
Соус араластырылған көкөністер. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Соусқа қосатын өнімдерді блендерден өткіземіз. Дайындап алған соусты салатқа қосып, барлығын жақсылап араластырамыз. Көкөністерден дайындалатын "Грузия" салатын өте пайдалы әрі артық салмақтан арылуға көмектеседі.

Рецепт видеосы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2044133-gruziya-salaty-en-onai-daiyndalatyn-paidaly-recept/