Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әжем үйреткен "голубцы": Диана Есенбековадан фарш қосылған бұрыштың ең дәмді рецепті

Жарияланған күні:

Ыдыстағы голубцы
Болгар бұрышынан дайындалған тағам. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Болгар бұрышынан дайындалатын тағам түрлерінің адам ағзасына пайдасы зор. Әсіресе фарш пен күріш қосып пісірілген бұрыштың дәмі ерекше болып шығады. Бұл жолы көпшілік "голубцы" деп атап кеткен тағамның пісіру әдісін ұсынамыз.

Аспаздар қырыққабатқа орап жасалатын "голубцы" тағамының отанын Шығыс Еуропа мен Скандинавия деп айтады. Мысалы, Чехия, Словакия елдерінде бұл тағамды "көгершін" (hulubky) деп атайды. Сербтер мен хорваттар бұған сарма деген атау берген.

Украиналық қырыққабат орамдарының арасына фарш, сарымсақ, ақжелкен, күріш, болгар бұрышы, тіпті тары қосылады.

Ал болгар бұрышына тартылған ет пен күріш, дәмдеуіштер қосып пісірілетін "голубцы" тағамын ертеректе шаруалар ойлап шығарған деседі. Өйткені егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін болгар бұрышы қолжетімді болған.

Сипаттамасы

Асханасы: еуропалық

Санаты: бас тағам

Дайындау уақыты: 10 минут

Пісіру уақыты: 30 минут

Калориясы: 155 ккал

Ингредиенттер

Сиыр етінен тартылған фарш - 500 г

Күріш - 200 г

Жұмыртқа - 2 тал

Тұз - дәміне қарай

Ұнтақталған қара бұрыш - дәміне қарай

Күнзе - дәміне қарай

Пияз - 3 бас

Өсімдік майы - 4 ас қасық

Болгар бұрышы - 1 кг

Картоп - 2 дана

Сәбіз - 1 дана

Томат пастасы - 1 ас қасық

Су - 1,5 л

Дәмдеуіштер - дәміне қарай

Дайындалуы

1. Пияз, картоп және сәбізді тураңыз

Көкөністер мен томат пастасы
Көкөністер мен кесеге салынған томат пастасы және өсімдік майы. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Ең алдымен пияздың қабығын аршып, тазартып аламыз. Қабығынан тазартылған пиязды салқын сумен жуып алу керек. Содан соң ортасынан бір бөліп, жұқалап тураймыз. Картоптың қабығын аршып, жуып аламыз.

Содан кейін ортасынан бөліп, ұзыншалап тураймыз. Ұзыншалап туралған картопты біркелкі етіп текшелеп тураймыз. Сәбізді қабығынан тазалап, жуып аламыз. Тазаланған сәбізді картопты турағандай пішінде біркелкі қылып турау керек.

2. Көкөністерді қуырып алыңыз

Туралған көкөністер
Туралған пияз, картоп және сәбіз. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Қазанды отқа қойып, май құямыз. Май қызған соң қазанға туралған пиязды саламыз. Пияз қуырылғаннан кейін үстіне сәбіз бен картопты салып, қайта қуырамыз.

3. Томат пастасын қосыңыз

Томат пастасын қосу
Қазандағы көкөністер және томат пастасы. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Қуырылып жатқан көкөністердің үстіне томат пастасын қосамыз. Томат пастасы тағамның түсін қызартады әрі сорпаға ерекше дәм береді.

4. Тағамның салмасын дайындаңыз

Болгар бұрышы және күріш
Болгар бұрышы, тартылған ет пен күріш және дәмдеуіштер. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Сәбіз, картоп пен пиязды жақсылап қуырып алған соң үстіне су құямыз. Су мөлшері шамамен 1,5 л болса жеткілікті. Пиязды үккіштен өткізіп алып, шұңғыл ыдысқа саламыз. Оның үстіне ет тартқыштан тартылған сиыр етін қосамыз.

6. Күріш салыңыз

Күріш қосу
Фаршпен араластырылған күріш. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Содан соң жуып тазаланған күрішті саламыз. Тағам шырынды әрі дәмді болу үшін 2 тал жұмыртқа қосып араластырамыз.

7. Тұз, бұрыш және май қосыңыз

Тұз бен бұрыш қосу
Тұз, бұрыш және май қосылған тартылған ет. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Дәміне қарай тұз, ұнтақталған қара бұрыш себеміз. Содан соң күнзе және өсімдік майын құйып, жақсылап араластырамыз.

7. Болгар бұрышының ішіне салмасын салыңыз

Салмасын салу
Болгар бұрышының ішіне салынған тағам салмасы. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

1 кг болгар бұрышын жуып тазалап, ортасындағы дәндерін алып тастаймыз. Бұрыштардың ішіне алдын-ала дайындап алған салмасын саламыз. Сорпа жарты сағаттай қайнаған соң тұз және дәмдеуіштерін қосамыз. Содан соң қазанға ішіне салмасы салынған болгар бұрыштарын салып шығамыз.

8. Дайын тамақты ыдыстарға құйыңыз

Піскен голубцы
Қазандағы піскен тағам. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Салмасы салынған болгар бұрышын қазанға салғаннан кейін шамамен 30 минут қайнатамыз. Піскен "голубцы" тағамын ыдысқа құйып, дастарқанға ұсыныңыз. Тағамға айран және ұнтақталған қара бұрыш қосып ішуге болады. Бұрыш пен айран тағамға ерекше дәм береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2044378-azem-uiretken-golubcy-diana-esenbekovadan-fars-qosylgan-burystyn-en-damdi-recepti/